Accessibility links

Хорватия Ирландияны ойсырата жеңді


Хорватия құрамасының жанкүйері. Көрнекі сурет
Хорватия құрамасының жанкүйері. Көрнекі сурет

Еуропа чемпионатының С тобындағы екінші кездесуде Хорватия құрамасы Ирландияны 3-1 есебімен ұтып, топ бастады.


Ойынның 3 минутында Хорватия құрамасы есепті ашып үлгерді. «Вольсфург» командасында ойнайтын Марио Манджукич ирландиялық қорғаушылардың қателігін пайдаланып, гол соғып кетті. Иван Стринич бұрыштама орындап, алаңға пас тастады. Осы маңда пас күтіп тұрған Манджукичтің баспен бағыттаған соққысы қақпадан табылды.

Матчтың 19 минутында Ирландия құрамасы айып добын орындауға мүмкіндік алды. Эйден Макгиди командаластарына әуелете пас тастады. Сэнт Леджер хорват қорғаушысы Ведран Чорлукадан биік секіріп, қақпаға баспен соқты. Хорватия қақпашысы Плетикоса тосқауыл бола алмады – 1:1.

ТӨРЕШІНІҢ ҚАТЕЛІГІ

Ойынның 44 минутында Никица Елавич есепті еселеп, хорваттарды алға шығарды. Айып алаңының маңында қарбаласқан сәтте Лука Модрич ортаға пас тастаған. Доп Огнен Вукоевичтің аяғын жанап өтіп, Елавичке жетті. Ұрымтал сәтті пайдаланған «Эвертон» ойыншысы гол соқты– 1:2.
Жанкүйерлер. Варшава стадионы. 8 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Жанкүйерлер. Варшава стадионы. 8 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

«Азаттықтың» сарапшылар құрамасының мүшесі, төреші Еркін Шәкірұлы «ойынның бас арбитры Бьорн Кейперс (Голландия) бұл голды есептемеу керек еді» деген ойда.

- Елавич голды офсайдта соқты. Осы сәтті қапталдағы төреші байқамай қалды. Бұл - төрешілердің осы турнирдағы өрескел қателіктерінің бірі, - деді Еркін Шәкірұлы.

48 минутта Манджукич екінші гол соғып, таблодағы есепті 3:1-ге жеткізді. Модрич алаң ортасында жүрген Иван Перишичке пас тастаған. Ал ол допты айып алаңында пас күтіп тұрған Манджукичке асырды. Пас алған Манджукич гол салды.

Белгілі футбол бапкері Асқар Қожабергеновтың ойынша, Хорватия жаттықтырушысы Славен Билич өте орынды тактика қолданған.

- Хорватия бұл ойында керекті үш ұпайын иеленді. Бірақ алдағы Испания және Италияға қарсы ойын олар үшін қиынға соғады. Ал Ирландия құрамасы бүгінгі жеңілісі арқылы жағдайын ушықтырып алды. Бұл ойында Ирландия командасының ортаңғы тұсы өте әлсіз ойнады. Жартылай қорғаушылар шабуылшыларға жөнді пас бере алған жоқ. Ал Хорватия қорғанысы жақсы қорғана білді, - деді футбол бапкері.
Славен Билич, Хорватия ұлттық құрамасының бапкері. (Көрнекі сурет)
Славен Билич, Хорватия ұлттық құрамасының бапкері. (Көрнекі сурет)

Футбол шолушысы Ермұхамед Мәуленнің пайымдауынша, Хорватия құрамасы бұл ойында үлкен тәжірибенің арқасында жеңіске жеткен.

- Хорватия құрамасы соңғы он жылдың ішінде болған барлық халықаралық ірі турнирлерге қатысып келеді. 2002 жылғы әлем чемпионаты мен 2004 жылы өткен Еуро-турнирдан бастап, биылғы Еуропа біріншілігіне дейінгі жарыстардың барлығынан тыс қалған емес. Демек, хорваттар он жылдың ішінде үлкен тәжірибе жинап үлгерді. Ал Ирландия, керісінше, 10 жыл бойы әлемдік сындарға қатыспады, - деді шолушы.

ТОПТАН ШЫҒУҒА ЖАНТАЛАС

Ермұхамед Мәуленнің ойынша, Хорватияның ширек финалға шығу мүмкіндігі молайды.

- «Шақпақтылар» (Хорватия құрамасының лақап аты) алдағы матчтарда дәл осындай ойын өрнегін көрсетсе, топтан шығуы ғажап емес. Ал Ирландия енді Италия мен Испанияны ұтады дегеніне сену қиын.

Республикалық «Sport» газетінің редакторының орынбасары Төлеубек Әділбекұлы «Хорватия ендігі ойындарда тең ойнауға барын салады» дейді. Спорт журналисі:
Ирландия топтағы «ұпай таратушы» команда болып қалды. Ал Хорватия енді Италия және Испанияға қарсы ойында тең ойнауға тырысады.

- Жалпы бүгінгі ойында Ирландиядан көп үміт күткем. Кем дегенде тең нәтиже көрсетер деп ойладым. Бірақ олардың қорғанысы өте нашар ойнады. Жалпы, Ирландия енді топтағы «ұпай таратушы» команда болып қалды. Ал Хорватия енді Италия және Испанияға қарсы ойында тең ойнауға тырысады. Ирландия үшін биылғы біріншілік топтық кезеңнен кейін тәмамдалар, - деген болжам жасады.

Төлеубек Әділбекұлының пайымдауынша, қазір Хорватия футболы қарқынды түрде дамып келеді.

- Хорватия - тәуелсіздігін бізбен бір уақытта алған мемлекет. Бірақ аз уақыттың ішінде футболын үлкен деңгейге көтеріп үлгерді. Бастысы - мектеп бар. Кез келген командамен айқасып, жеңіске жете алады. Кезінде Англия, Германия сынды командаларды ұтып кеткен. Демек, Испания мен Италияға да шамасы жетеді.

Футбол жанкүйері Мейірбек Нүрекеев те екінші голдың соғылғанын төрешінің қателігіне балайды.

- Ойын басталмай тұрып, кездесу аса тартысты өте қоймас деп ойлағанмын. Қателесіппін - кездесу өте қызықты өтті. Біріншіден, осы турнирдегі ең жылдам гол соғылды. Екіншіден, кездесудегі шабуылдардың саны көп болды. Яғни, көріп отырған жанкүйер жалыққан жоқ. Дегенмен, төреші Ераничтің голын есептемеуі керек еді. Матчтың қорытынды есебі 2:1 болуы тиіс-тұғын. Ал жалпы бүгінгі кездесуде Манджукич пен ирландиялық Кит Эндрюс тамаша ойнады, - дейді жанкүйер.

Бұл жеңістен кейін Хорватия құрамасы С тобында жеке-дара көш бастады. Алда Испания мен Италия командаларымен ойнауы керек. Ирландия – соңғы орында.
XS
SM
MD
LG