Еурокомиссия Ресейге қарсы санкциялардың 22-пакетін таныстырды

Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен. Украина, Киев, 4 қараша, 2026 жыл
Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен. Украина, Киев, 4 қараша, 2026 жыл

Еуропалық комиссия Ресейге қарсы санкциялардың 22-пакетіне қатысты ұсыныстарын жариялады. Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйеннің айтуынша, ресейлік 60-қа жуық банкті SWIFT жүйесінен ажырату жоспарланып отыр.

Қосымша шектеулер санкцияларды айналып өтуге көмектесетін Ресейдегі және үшінші елдердегі криптовалюта платформалары мен өзге де төлем желілеріне салынады.

Еуропаның компанияларына Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымын, атап айтқанда мұнай өңдеу зауыттарын салуға, оларға қызмет көрсетуге және жөндеуге көмектесуге тыйым салынбақ.

Санкциялар тізіміне ресейлік "тасадағы флоттың" 70 кемесін қосу да ұсынылып отыр.

Тағы бір шара – Украинадағы соғысқа қатысқан бұрынғы ресейлік әскери қызметшілердің Еуропа Одағы елдеріне кіруіне тыйым салу. Бұған қоса пакетте ресейлік командалар мен спортшылардың Еуроодақ аумағындағы жарыстарға Ресей туы астында қатысуын және Ресейдің ресми рәміздерін пайдалануын шектеу көзделген.

Ресейлік демеушілердің еуропалық спорт және мәдени бірлестіктерді қаржыландыруын шектеу, сондай-ақ ресейліктерге еуропалық спорт федерацияларына жетекшілік етуге тыйым салу ұсынылған.

Бұдан бөлек, Еурокомиссия еуропалықтарға ресейлік компанияларда басшы қызмет атқаруға тыйым салуға ниетті.

​
XS
SM
MD
LG