Accessibility links

Еуроодақ Ресей азаматтарына Шенген визасын беру шарттарын қатайтпақ

Еурокомиссия өкілдері Ресей азаматтарына Шенген визасын беру шарттарын одан әрі қарай қатайтатынын мәлімдеді. Бұған дейін Шенген аймағына кіретін 11 ел Украинадағы соғыс пен бұрын енгізілген шектеулерге қарамастан, ЕО-ның бірқатар елі ресейліктерге Шенген визасын бұрынғыша жылдам беріп жатқандығына шағымданған.

"Үшінші елдердің қастық әрекеттерінен туындайтын қауіпсіздік мәселелерін шешу үшін визалық шектеу шараларын енгізуді ұсынамыз" деді Еурокомиссияның көші-қон мәселелері жөніндегі өкілі Маркус Ламмерт.

Оның сөзінше, жаңа шаралар 2027 жылы қабылдануы мүмкін. Бірақ нақты қандай шектеулер екенін ашып айтпады. Ақпаратқа қарағанда, мәселе ресейліктерге виза беруге толық тыйым салу жөнінде болып отырған жоқ.

Бірнеше күн бұрын Шенген аймағына кіретін 11 ел Еурокомиссияға ортақ хат жазып, визалық шектеу шараларын жылдамырақ қабылдауға үндеген. Хатқа Дания, Исландия, Латвия, Литва, Нидерланды, Норвегия, Польша, Финляндия, Чехия, Швеция және Эстония қол қойған.

Олардың атап өтуінше, шектеуге қарамастан Еуроодақтың бірқатар елі ресейліктерге әлі де көп виза береді. Мысалы, Франция 2025 жылы ресейліктерге 180 мың виза берген – бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай көп. Сол сияқты Италия – 160 мыңға жуық, Испания шамамен 100 мың виза берген.

"Украинадағы бейбіт тұрғындар мен азаматтық инфрақұрылымдарға зымырандар мен дрондар құлап жатқан шақта Еуропаның жағажайлары мен курорттарында ресейлік туристер санының артуы қатты алаңдатады" деп жазылған хатта.

Хат авторлары ресейліктерге көпреттік виза беруге қатаң шектеу қоюды ұсынған. Бұған қоса, Украинадағы соғысқа қатысқан бұрынғы және қазіргі ресейлік әскерилерге виза бермеуді ұсынған.

Ал Еурокомиссия өкілдері Ресей азаматтарына берілген Шенген визасы 4 миллионнан (соғыс басталмай тұрып берілген көрсеткіш) жарты миллионға дейін азайғанын, көпреттік визаның орнына бірреттік виза беріліп жатқанын айтқан.

ЕО ресми статистикасына қарағанда, 2025 жылы Еуроодақ елдері ресейліктерге 620 мың Шенген визасын берген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 10,2% көп. Өтініштердің төрттен үші Франция, Испания, Италия елшілігіне түскен.

Ресей 2022 жылы Украинаға басып кіргеннен кейін Еуроодақ ресейліктерге жеңілдікпен виза беру рәсімін алып тастаған. Бұған қоса, рәсімдеу құнын арттырған. Бірқатар ел ресейліктердің елге кіруіне тұтастай тыйым салды. Алайда іс жүзінде Шенген визасын алған ресейліктер ол елдерде бәрібір де бара алады.

Айдар
XS
SM
MD
LG