Accessibility links

Еуроодақ Ресейге қарсы 20-санкция пакеті бойынша келісімге келді

Еуроодақ Украинаға 90 млрд еуро көлемінде несие беруді мақұлдады. Одақ бір мезетте Ресейге қарсы 20-санкция пакетін қабылдау бойынша келісімге келді. Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша, дегенмен Ресей мұнайын теңіз арқылы тасымалдауға тыйым оған кірмеген. Түпкілікті шешім 23 сәуірде Кипрде өтетін ЕО басшыларының саммиті кезінде қағаз жүзінде бекітіледі деп айтылады.

Осы тұста Ресей мұнайын "Достық" құбырының оңтүстік тармағы арқылы Венгрия мен Словакияға тасымалдау қалпына келтіріліп жатыр. Словакияның энергетика министрі Дениса Сакова құбырдың украиналық бөлігінде құбыр толтырылып жатқанын, ал Словакияға мұнай айдау 23 сәуірде басталатынын айтты. Венгрияның MOL компаниясы да мұнай түсетінін растады.

Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін "Достық" құбырының бүлінген аумағын жөндеу жұмыстары аяқталғанын хабарлаған. Оның сөзінше, инфрақұрылым дайын тұр, дегенмен жаңа шабуыл ықтималдығын ешкім де жоққа шығармайды.

"Достық" құбыры арқылы мұнай тасымалдау қаңтар айында тоқтаған. Киевтегілер Ресейдің соққысының салдарынан құбыр бүлінгенін айтқан. Будапешт Украинаны жөндеу жұмыстарын созбалақтап жіберді деп айыптаған.

Зеленский сонымен бірге Ресейге санкция бойынша қысымды үдету қажеттігін алға тартып, отынды тасымалдауда әртараптандырудың маңызын айтқан.

Совет кезінде төселген әлемдегі ең ірі мұнай құбырларының бірі "Достық" құбырының оңтүстік тармағы арқылы Ресей мұнайы Словакия, Венгрия, Чехияға тасымалданса, солтүстік тармағы арқылы Беларусь, әрі қарай Польша арқылы Германияға тасымалданады.

Бұған дейін Ресей 1 мамырдан бастап Қазақстан мұнайын "Достық" құбыры арқылы Германияға тасымалдауды тоқтататыны белгілі болған еді.

Айдар
XS
SM
MD
LG