Accessibility links

Еуроодақ Украинаны мүше етіп қабылдау жайлы келіссөзді ресми түрде ашты

Еуроодақ туы
Еуроодақ туы

15 маусым күні Еуропа одағы Украинаның одаққа қосылуы туралы келіссөзді ресми түрде бастады, мұның алдында Венгрия осы іске қойған ветосынан бас тартқан еді, деп жазды Financial Times. Ашылу рәсімі Будапешт келісім бергеннен кейін бірнеше күн өткенде Люксембургте ЕО сыртқы істер министрлерінің кездесуі кезінде өтті.

Еурокомиссия алты келіссөз кластерінің біріншісін – "Негіздерді" ашты. Ол Украина заңнамасын ЕО стандарттарына сәйкестендіру үшін қажетті заңнамалық өзгерістерді, соның ішінде заң үстемдігі, сот тәуелсіздігі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және адам құқықтары мәселелері бар 35 тараудың бір бөлігін қамтиды.

2022 жылы Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды басқыншылық соғыс бастағаннан кейін бірнеше аптадан соң Киев ЕО-ға мүше болғысы келетіні жөнінде өтініш берген және көп ұзамай кандидат мәртебесін алған еді. Алайда, ресми келіссөздердің басталуына Виктор Орбанның ресейшіл үкіметі кедергі келтірді. Орбанның биыл көктемдегі сайлауда жеңілген соң Будапешт бағытын өзгертті.

"Бұл Еуропа үшін, бірлігіміз бен қауіпсіздігіміз үшін тамаша жаңалық болды. 1-кластер аясындағы реформалар ЕО құрылымдарына тереңірек интеграциялануға жол бастайды... Мен осы серпін сақталуына, қалған бес келіссөз кластерінің жазға дейін ашылуына күш жұмсаймын", деді ЕО-ның кеңейту жөніндегі комиссары Марта Кос басылымға.

Бұған қоса, FT мәліметі бойынша, Еуроодақ астаналарының көбі Ресеймен бейбітшілік орнатудың бұлыңғыр болашағы мен қажетті реформалардың көлемін ескеріп, онжылдықтың аяғына дейін Украинаның Еуроодаққа толымды мүше болып енетініне күмәнмен қарайды. Еуроодаққа қосылуға ең жақын кандидат саналатын Черногория дәл сол күні тағы екі келіссөз тарауын аяқтаған – осы кезге дейін барлығы 35 тараудың 16-сын жапқан.

Айдар
XS
SM
MD
LG