Accessibility links

Ресейлік әнші Моргенштерннің Ташкенттегі клипі және қазақстандық әртістер. Жаңа тренд пе?


Рэпер Моргенштерн Крокус Сити Холлда 2021 жылғы Zara Music Awards музыкалық сыйлығын табыстау шарасында өнер көрсетіп тұр. Мәскеу облысы, Ресей. 4 сәуір 2021 жыл.
Рэпер Моргенштерн Крокус Сити Холлда 2021 жылғы Zara Music Awards музыкалық сыйлығын табыстау шарасында өнер көрсетіп тұр. Мәскеу облысы, Ресей. 4 сәуір 2021 жыл.

Кремль "шетел агенті" деп айдар таққан Әлішер Моргенштерн – Орта Азияда бейнебаян түсірген ресейлік әртістер арасында ең кейінгісі. Өзбекстандағы совет заманынан қалған әйгілі тарихи ғимарат әншінің бейнебаяндағы басты түсірілім алаңына айналған.

Қуғынға ұшыраған орыс рэпері Моргенштерннің хитке айналған соңғы бейнебаяны балағат сөзбен басталады.

Ары қарайғысы тіптен түсініксіз.

Оның Өзбекстанда түсірген "Черный русский" (Қара орыс) бейнебаяны – Ресейдің Украиндағы соғысы пен өз аумағындағы цензурасы асқынып, Мәскеудің шоу бизнесі тұншыға бастаған шақта Орта Азияның шығармашыл жастары мен ресейлік музыканттар бірлесе жасаған ең соңғы жоба десек, қателеспейміз.

Әлбетте, соғысқа қатысты алауыздық өршіп тұрғанына қарамастан ресейлік жұлдыздармен мәдени қарым-қатынасқа түсу Орта Азиядағы ірі шаһарлардың бірін шиеленіс нүктесіне айналдыруы әбден мүмкін.

Дей тұрғанмен, жарыққа шыққан бірнеше күннің ішінде 6 миллионнан астам қаралым жинаған Моргенштерннің соңғы бейнебаяны өлкедегі таланттар үшін де, туристерге шөлдеп отырған Өзбекстанның адам аяғы сирек тиетін көрнекі жерлері үшін де жақсы жарнамаға айналуы ғажап емес.

Әлішер Валиев Ресей құрамындағы Башқұртстан Республикасының астанасы Уфа қаласында дүниеге келген. Моргенштерн деген лақап атпен Ресейдегі танымал әншілердің біріне айналған.

Алайда қазір ол жақтағылар әншіні аса жақтыра бермейді.

2021 жылдың аяғына қарай Моргенштерн Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісін әдеттен тыс тойлағаны үшін Кремльді сынап, артынан айып арқалаймын деген үреймен Мәскеуден қашып кетеді.

Кейін Ресейдің Украинаға заңсыз басып кіргенін мінеп, соғысқа қарсы ән жазғаны үшін оған бұл елдің есігі біржола жабылды.

2022 жылдың мамырында саяси белсенділігіне байланысты "шетел агенті" атанды.

Дегенмен оның Совет Одағы кезінде әйгілі болған, бүгінде Өзбекстан Ғылым академиясы жанындағы Күн физикасы институты ғимаратында тұтанған қанқасап қырғын туралы бейнебаянды не себепті түсіргенін ешкім білмейді. Тіпті әншінің өзі де бейхабар болуы мүмкін.

Моргенштерн мен Шәріп Ресей хип-хор жұлдызының "Черный русский" бейнебаянында.
Моргенштерн мен Шәріп Ресей хип-хор жұлдызының "Черный русский" бейнебаянында.

Соңғы жылдары белгісіз ортаны бағындырғысы келіп жүрген ресейлік музыкант тек Моргенштерн ғана емес.

"Черный русский" бейнебаянында 21 жастағы Даня Милохин да жүр. Ол бейнебаян аяқталар тұста пайда болады да, гранататқышпен Моргенштернді атып түсіреді. Алайда ең соңында рэпер Ташкент маңындағы таудың ішінде, "Әлішер, мені жеп қоймашы" деп жалынып, тәрелкесінде жатқан балықты балағаттап отырады.

Милохин соғыс басталғаннан кейін Ресейде кең таралған TikTok house шоуының қатысушыларымен бірге елден кетіп қалған.

Қазір ол Алматыға қоныс теуіп, бұл жақта "Выпускной" (Түлектер кеші) деген бейнебаян түсіріп үлгерді. Онда қазақ мектептерінің біріндегі оқиға суреттеледі.

Өткен аптада Милохин әлеуметтік желіге Мәскеуге оралғанын әйгілейтін сурет жүктеді.

НАҒЫЗ ЖҰЛДЫЗ

Ал денесін түгел татуировкамен көмкерген Моргенштернге бұлай істеу аса қауіпті.

Себебі саяси көзқарасы тұрақталмаған жұлдыз Екінші дүниежүзілік соғысты тойлауға қатысты айтқан пікірі үшін кешірім сұрағанымен, кешігіп қалған еді.

Алматыдағы мектепте түсірілген Дани Милохиннің клипіндегі қазақ жастарының биі.
Алматыдағы мектепте түсірілген Дани Милохиннің клипіндегі қазақ жастарының биі.


Тергеу комитетінің белді басшысы Александр Бастыркин ведомствосы бұл іспен айналысуға кірісіп кеткенін айтып, жұлдыздың үстінен әлеуметтік желіде ескірткіні насихаттағаны үшін қосымша тергеу амалдары басталғанын ишарамен жеткізген, кейін оған ресми айып тағылды.

Дегенмен Біріккен Араб Әмірліктеріне орныққан Моргенштерн "Домой" (Үйге оралу) деп аталатын бейнебаяны арқылы Бастыркинге қарсы "оқ атқанға" ұқсайды.

"Нақұрыс, өтірік айтпа, мен әлеуметтік желіде өзімді ғана сатамын", – деп ән салады ол бейнебаянында.

YouTube-те 26 миллион қаралым жинаған әнде тәжікстандық әлеуметтік желі жұлдызы Абдуразиктің көлікте билеп отырған эпизоды бар.

Өзбекстанда түсірілген "Черный русский" бейнебаянына Қазақстанның екі жұлдызы – белгілі актер Шәріп Серік және Instagram желісі арқылы блогер атанып, Zheka Fatbelly деген лақап атпен танылған сықақшы, дөнер-кебаб және балмұздақ дүңгіршіктері желісінің иесі Жеңіс Оразов та түскен.

Полиция формасын киген Серік Моргенштерннің сауықкешін тоқтатып қояды да, әншіні балағаттай келе, басынан бір ұрады. Бұл әрекетінің соңы жаппай төбелеске ұласады.

Ішке тағы бір қазақ Омаровтың кіріп келгенін байқаған Серік: "О, боққарын, сен де осында екенсің ғой!" – дейді.

Әлеуметтік желіде миллиондаған аудиториясы бар Омаров пен Серіктің бұл бейнебаянға түсуі қыруар ақша тұрған сияқты.

Шәріп Серік пен Жеңіс Омаров Ресей хип-хоп жұлдызының «Черный русский» бейнебаянында.
Шәріп Серік пен Жеңіс Омаров Ресей хип-хоп жұлдызының «Черный русский» бейнебаянында.

Ал бейнебаян соңында шыққан ұзын-сонар титрден Моргенштерннің бүгінге дейін жарыққа шығарған ең қымбат жобасы осы деп топшылауға әбден болады.

Ташкенттің Abstract Visuals студиясы бейнебаянды түсіруге көмектескен және Черный русский деп аталатын ұялы телефонға арналған ойынға жарнама жасаған. Шолулардың бірінде оны "көлік жарысы, шытырман оқиғалар, рөлдік ойын тапсырмалары және баскесерлер соғысы бір жерге тоғысқан таңғажайып гангстерлік ойын" деп сипаттайды.

Дегенмен туындыдағы нағыз жұлдыз – түсірілім алаңы.

"МЕН ОНЫҢ ӨЗІНЕ ДЕ, ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА ДА ҚЫЗЫҚПАЙМЫН"

Күн физикасы институты –10 000 кішкентай айнамен жабдықталған күн энергиясын зерттеу орталығы. Atlas Obscura сайты бұл жерді "ғылыми-фантастикалық романдағыдай" деп суреттейді.

"Совет Одағы тұсында тұрғызылған, айналардан жасалған құрылыс нысаны әлі де күн сәулесін пайдалануды зерттеу мақсатында қызмет етіп келеді... Үлкен айналар ішінде адасу – адам өмірінде қайталана бермейтін оқиға, өйткені мұндай пеш (күн пеші) – әлемде екеу ғана", – деп жазған Atlas Obscura.

Тәжікстан әлеуметтік желі жұлдызы Абдуразик пен Моргенштерн "Домой" бейнебаянында.
Тәжікстан әлеуметтік желі жұлдызы Абдуразик пен Моргенштерн "Домой" бейнебаянында.

"Черный русский" бейнебаянында ғимараттың ішінен гөрі сырты көбірек көрсетілген. Оның өзі үлкен әсер береді.

1930 жылдары тұрғызылып, 2021 жылы Ташкент облысының басшылығы тұруға жарамсыз деп тапқан "Чирчикстрой" қонақүйінің қирандылары совет заманындағы сәулет нысандарына табынатындардың көзіне оттай басылуы мүмкін.

Жәдігерлерді қорғаймыз деп жанұшырған белсенділерге қарамастан облыс басшылығы қирандылар орналасқан бұл аймаққа "заманауи бокс мектебі тұрғызылады, ал ол жерде дайындалған кәсіби боксшылардың атағы әлемге тарайды" деді.

Ал Моргенштерн ол жерде бірінші болып жекпе-жекке шықты.

Орталық Азия соңғы уақытта соғысқа қарсы да, оны қолдаушы да ресейлік әншілердің концертінен бас тартып жатыр. Олардың ішінде Моргенштерн де бар.

Биыл жазда Ресейдің одақтасы саналатын Қырғызстан астанасы Бішкекте болған концертке оны қатыстырған жоқ. "Себебі Ресейде Моргенштерннің үстінен қылмыстық іс қозғалған", – деді Қырғызстан Мәдениет министрі Алтынбек Мақсұтов.

Шамамен сол уақытта 60 жастағы ресейлік әнші Григорий Лепстің Қонаев қаласында жоспарланған концерті де шу шығып, өтпей қалған. Даудың себебі – әншінің соғысты қолдап сөйлеген сөзі.

Ал Моргенштерннің вирусқа айналған бейнебаяны Өзбекстанның өзінде, керісінше, айтарлықтай назарға ілікпеген. Gazeta.uz жекеменшік жаңалықтар сайтына жазған мақаласында белгілі блогер Никита Макаренко оған "түк қызық емес" деп баға берді.

"Ол ешқандай қызығушылық тудырмады. Бірде-бір блогер жазған жоқ. Мен [соның ішінде] бейтараппын. Оның өзіне де, шығармашылығына да қызықпаймын", – деді Макаренко.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG