Accessibility links

Вакцина мен бедел соғысы. Пекиннің позициясына сенуге бола ма?


Гонконгтағы қытайлық дәрігерлер.
Гонконгтағы қытайлық дәрігерлер.

16 наурызда Қытай шекарасын ашатынын хабарлады. Әзірге 20 мемлекеттің азаматы Covid вакцинасын салдырғанын растайтын анықтама көрсеткен жағдайда Қытайға еркін сапарлай алады. Бірақ бір мәселе бар: тізімге енген мемлекеттер Қытайда жасалған үш вакцинаның бірде-бірін сатып алмаған. Ал Пекин өзі шығарған вакциналарды басқа мемлекеттерде тіркеуден өткізуге өтініш бермеген. Жақында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДCҰ) бір топ ғалымы коронавирустың пайда болу ошағын табу үшін Қытайға арнайы барған. Бірақ Қытай билігі ғалымдарға жан-жақты зерттеу жүргізуге мүмкіндік бермей, оларды "коронавирус Қытайдан тыс жерде пайда болуы мүмкін" деп сендіруге тырысқан.

ПЕКИННІҢ ҚЫТАЙ ВАКЦИНАСЫН ӨТКІЗУГЕ ТЫРЫСУЫ

Азаматтары Қытайға емін-еркін сапарлай алатын елдер тізіміне Австралия, Грекия, Израиль, Үндістан, Индонезия, Италия, Нигерия, Норвегия, Пәкістан және АҚШ кірген. Басқа ел азаматтары сияқты ағзасында коронавирус жоғын дәлелдейтін ПТР-тест нәтижесін көрсетіп, барған жерінде тағы да тест тапсырып, екі апталық қатаң карантинде отыруы керек.

Қазір көп ел арасында "вакцина соғысы" жүріп жатыр. Оған Пекин де белсенді қатысып, өз мүддесін ашық көрсетіп отыр. Қытай осындай стратегияны таңдау арқылы Еуропа дәрі-дәрмек агенттігі мен АҚШ-тың азық-түлік өнімдері және дәрілік препараттар сапасын санитарлық бақылау басқармасы сияқты халықаралық бақылаушы органдарды айналып өтіп, Қытай вакцинасын әлемге мойындатқысы келеді. Қытайдың сыртқы істер министрлігі "Біздің бастамамыз ең тиімді әрі қауіпсіз вакцина деп танылған қытайлық вакцинаны салдырған адамдардың сапарын жеңілдетуге бағытталған" деп мәлімдеп, елге кіруге арналған шектеулерді жеңілдетудің вакцинаны мойындату мәселесіне қатысы жоғын айтты.

"Қытай вакцинасы" – топтық ұғым, өйткені Қытайда кемі үш вакцина бар. Бұл вакциналарды жергілікті фармацевтикалық алпауыттар CanSino, Sinopharm және Sinovac Biotech компаниялары жасап шығарған. Соңғы уақытқа дейін үш вакцинаның тиімділігі мен зерттеу кезеңдері туралы ақпарат аз болған. 2020 жылдың соңында Қытай билігі Sinopharm фирмасына ғана вакцинасын тұрақты түрде нарыққа шығаруға рұқсат берді. Осы кезде компания ресми түрде вакцинаның тиімділігі туралы деректер жариялады. Компания дерегінше, Қытайда жасалған вакцинаның тиімділігі 79 пайызды құрайды.

Қытайлық Sinovac Biotech компаниясының вакцинасы.
Қытайлық Sinovac Biotech компаниясының вакцинасы.

Deutsche Welle дерегінше, Қытайдың ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерінде батыста тіркелген вакциналардың қауіпсіздігі мен тиімділігіне қатысты күмән туғызуға бағытталған науқан жүріп жатыр. Мысалы, осындай ақпараттық шабуылға ұшыраған BioNTech пен Pfizer компанияларын өз вакциналарының қаупін жасырып отыр деп айыпталған. Сөйте тұра Қытайдың фармацевтикалық концерндері Fosun Pharma фирмасы арқылы өз вакциналарына қажетті заттарды дәл осы BioNTech пен Pfizer компанияларынан сатып алады.

ДДСҰ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ЖӘНЕ ҚЫТАЙ БИЛІГІНІҢ КЕДЕРГІЛЕРІ

Жақында Пекин ДДСҰ-дан ғылымға белгілі барлық вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігі жөнінде ақпараттық платформа құруды, өз қалаулары мен ескертулеріне негізделген "халықаралық вакцинация төлқұжатын" беруді сұраған. Қытай билігі бұл жерде ДДСҰ-ның вакцинация немесе аурудың алдын-алу шаралары туралы халықаралық куәлік үлгісінің сары картасын меңзеп отыр. Пекин Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан осындай рұқсат алса, өз вакцинасын әлемге жарнамалауға көбірек мүмкіндік алады. Қытай өз препараттарын әзірге Бразилия, Венгрия, Индонезия, Сербия, Түркия сияқты көп мемлекетке жіберіп жатыр.

Сербияға Sinopharm компаниясынан келген вакцина партиясы. Қаңтар 2021 жыл.
Сербияға Sinopharm компаниясынан келген вакцина партиясы. Қаңтар 2021 жыл.

Кейінгі кезде "Қытай Халық Республикасы 2019 жылы әлемге жаңа ауру пайда болғанын хабарлағанға дейін біраз уақыт жаңа коронавирус тіркелгенін жасырып келген", "Пекин Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын алдап отыр" деген мазмұндағы жаңа деректер шығып жатыр.

Бір ай бұрын ДДСҰ-ның сарапшылар тобы арнайы миссиямен Қытайдың Ухань қаласына (ресми дерек бойынша, коронавирус бірінші осы қаладан табылған) барып, жергілікті жерде жүргізілген зерттеулер SARS-CoV-2 вирусының қайдан шыққанын анықтауға көмектеседі деп үміттенген. Бірақ қазір ДДСҰ делегациясының Уханьда бірқатар кедергіге тап болып, дұрыс жұмыс істей алмағаны белгілі болды.

Wall Street Journal "Қытай әуел бастан дұрыс зерттеу жүргізуді талап еткен халықаралық қысымға қарсылық көрсетіп, бұл қадамды әлемдік қауымдастықтың өзіне кінә артуға талпынысы деп бағалады. Зерттеуді бірнеше айға кешіктірген Пекин кейіннен ДДСҰ делегациясының құрамына белгілі ғалымдарды шақыруға вето қою құқығына ие болды" деп жазды. Басылымның дерегінше, Пекин Уханьға келген ДДСҰ миссиясына коронавирус белгісімен ауруханаға түскен бірінші науқастар туралы маңызды деректерді бермеген.

АҚШ-тың денсаулық сақтау министрлігі жақында ДДСҰ-ны миссияның Қытайдағы жұмысына қатысты кеңесуге шақырып, нәтиже шығара алмағанын, Уханьға барған делегация құрамына енген халықаралық ғалымдар мен дәрігерлер тобы қалай жасақталғанын түсінбейтінін мәлімдеді. Аталған орган АҚШ мемлекеттік департаменті арқылы ДДСҰ-ға үш кандидатын ұсынып, оларды Қытайға баратын топтың құрамына қосуды сұраған. Олардың қатарында қауіпсіздігі жоғары зертханаларда зерттеуді қажет ететін вирустар бойынша сарапшы, белгілі ветеринар және эпидемиолог болған. ДДСҰ қызметкерлері олардың түйіндемесін қарап шыққан, бірақ Вашингтон ұсынған сарапшылардың бірде-біріне хабарласпаған.

ДДCҰ іріктеп алған ғалымдар Уханьға барған бойда екі апталық карантинге жабылып, қонақ үйден шықпаған. Екі апта бойы олар тек ұйықтап, тамақ ішіп, жұмыс істеп, спортпен айналысқан. Күнделік жұмыс барысында ДДCҰ делегациясы өздерінің атқарған жұмысы мен қолы жеткен жетістіктері туралы әңгімелеген қытайлық әріптестерімен видеоконференциялар өткізген. Делегация мүшелерінің айтуынша, қытайлық мамандардың арасында ғалымдар ғана емес, ҚХР сыртқы істер министрлігінің шенеуніктері де болған.

Уханьдағы түнгі өмір қызып жатыр. Барлық мейрамхана, клубтар мен барлардың жұмысына шектеу қойылмаған. Ақпан, 2021 жыл.
Уханьдағы түнгі өмір қызып жатыр. Барлық мейрамхана, клубтар мен барлардың жұмысына шектеу қойылмаған. Ақпан, 2021 жыл.

Екі аптадан кейін халықаралық топ мүшелеріне шектеулі кездесулерге барып, қытайлық әріптестерімен жүздесуге рұқсат берілген. Қалған уақытта олар карантин ережелеріне байланысты қонақ үйдің бір бөлігінде бөлмесінен шықпай отыруға мәжбүр болған. ДДCҰ миссиясы қытайлық қызметкерлермен бірге тамақ ішпеген. Осыдан оларда жұмыстан тыс уақытта әңгімелесуге мүмкіндік болмаған. Халықаралық топ мүшелері мұндай жұмыс барысында бейресми әңгімелесудің көп пайдасы болатынын айтады. Бірақ шетелдік ғалымдардың басқа адамдармен байланыс орнатуына шектеу қойылған.

Көп ұзамай ДДCҰ миссиясының Қытайдағы жұмысын сырттай бақылап отырған шетелдік шенеуніктер мен ғалымдар делегацияның сапары "Пекиннің Қытай үкіметі вирусқа қарсы күресте жылдам әрі барынша тиімді шешімдер қабылдады" деген ресми нұсқасын қолдау үшін ұйымдастырылғанын түсінген.

ДДCҰ тобының көп мүшесі тәжірибе аз болғанын, қажет ақпаратқа қол жеткізе алмағанын, әсіресе, вирус Уханьдағы вирусология институтынан тараған деген нұсқаны тексеруге дерек жетпегенін айтады. Нәтижесінде халықаралық топ 8 ақпанда ҚХР үкіметінің алдында есеп беретін қытайлық әріптестерімен бірге дауыс бергеннен кейін жұмысын қорытындылап, бір байламға келген.

ДДСҰ миссиясының Уханьдағы вирусология институтына келген сәті. 3 ақпан 2021 жыл
ДДСҰ миссиясының Уханьдағы вирусология институтына келген сәті. 3 ақпан 2021 жыл

Wall Street Journal дерегінше, бір кездесуде "Уханьда коронавируспен ауырған бірінші науқас тіркелгенге дейін жаңа вирус қалада қаншалықты тез әрі кең ауқымда тарап үлгерген?" (Қытай билігінің дерегінше, бірінші науқас 2019 жылы 8 желтоқсанда тіркелген) деген маңызды тақырып қаралған. Миссия құрамындағы қытайлық мамандар 76 мың медициналық картаны зерттеу кезінде 2019 жылы қазан, қараша айлары мен желтоқсанның басында 92 науқастың ауруханаға түскені анықталғанын айтқан. Бұл науқастарда байқалған ауру белгілері олардың Covid вирусымен ауыруы мүмкін екенін көрсетеді. Бірақ Қытай тарапының мәлімдеуінше, тест нәтижесінде бұл адамдардың бірде-бірінен антидене табылмаған.

ДДCҰ тобындағы ғалымдарға 60 миллион халқы бар Хубэй сияқты өңір үшін 92 науқас деген өте аз көрсеткіш болып көрінген. Делегация мүшелері бұл науқастардың қандай критерийлер бойынша іріктеп алынғанын білгісі келген. Аталған науқастар арасында ешқандай байланыс болмаған, яғни, олар вирусты бір көзден емес, әртүрлі жерде жүріп жұқтырған. Қытай билігінің қанның құрамындағы антиденені анықтайтын тестілеуді ДДҰ делегациясы келерден бірнеше апта бұрын, антидене әбден жойылып кеткен кезде бір-ақ өткізгені белгілі болғанда ғалымдардың күдігі одан әрі күшейген.

Нәтижесінде ДДCҰ-ның сарапшылар тобы аталған 76 мың науқас туралы өңделмеген анонимді деректерді беруді сұраған. Ғалымдар шынайы ақпарат алу үшін деректерді басқаша сұрыптауға болатынын айтқан. Бірақ Қытай билігі науқастар туралы деректерді көрсетуден бас тартқан. Қытайлық ғалымдар оның орнына 2019 жылы қараша мен желтоқсан айының соңында жаңа коронавирус басқа елдерде де болған деген идеяға негізделген, сын көтермейтін зерттеу ұсынып, ДДCҰ-ны індеттің Қытайдан өзге жерде пайда болу ықтималдығын зерттеуге шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG