28-29 қазанда Қазақстан президентінің шақыруымен Астанаға Финляндия президенті Александр Стубб ресми сапармен келеді деп хабарлады Ақорда.
“Сапар аясында мемлекет басшылары келіссөз жүргізіп, екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективасын, сондай-ақ жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқылайды” деп жазылған ресми хабарламада.
Александр Стубб - Ресей мен оның Украинаға қарсы басқыншылығын қатаң сынап жүрген Еуропа басшыларының бірі. 2024 жылы ақпанда сайланғаннан кейін Стубб Ресей Украинадағы соғысын аяқтамайынша Финляндия Мәскеумен саяси қарым-қатынасын жақсартпайды деп мәлімдеген.
Бұған дейін Венгрияда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей басшысы Владимир Путиннің кездесетіні хабарланғаннан кейін Еуроодақ өкілдері Мәскеудің Вашингтонға әсерін жою үшін Америка-Ресей саммитіне Стуббты да қатыстыру туралы ұсыныс айтқан еді.