Accessibility links

Мұхтар Әблязов француз түрмесінен бостандыққа шықты


Бұрынғы қазақстандық банкир, оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовтың (ортада) түрмеден шыққан сәті. Франция, 9 желтоқсан 2016 жыл.

Бұрынғы қазақстандық банкир, оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязов 9 желтоқсанда француз түрмесінен бостандыққа шықты. Франция мемлекеттік кеңесі оны экстрадициялау туралы үкімнің күшін жойды.

Францияда үш жылдан аса уақыт қамауда болған бұрынғы қазақстандық банкир әрі оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовтың бостандыққа шыққаны туралы оның туған-туыстары әлеуметтік желілер арқылы хабарлады.

Мұхтар Әблязовтың қызы Мадина әкесінің отбасы мүшелері және тағы бірнеше адаммен дастархан басында отырған суретін Facebook парақшасында жариялап, «Үйде!» («Дома!») деген жазған.

Бостандыққа шыққан Мұхтар Әблязов (ортада) туған-туыс және достарымен дастархан басында отыр. (Мәдина Әблязованың Facebook парақшасындағы сурет.)
Бостандыққа шыққан Мұхтар Әблязов (ортада) туған-туыс және достарымен дастархан басында отыр. (Мәдина Әблязованың Facebook парақшасындағы сурет.)

Жұма күні Франция мемлекеттік кеңесі Мұхтар Әблязовты экстрадициялау туралы үкімнің күшін жойғаны туралы шешімін жариялаған. Мемлекеттік кеңес бұл шешімді БҰҰ-ның азаптау істерін тексеру жөніндегі арнайы уәкілі Нильс Мельцер Франция билігін қамауда отырған Мұхтар Әблязовті Ресейге экстрадицияламауға шақырғаннан кейін қабылдаған. Мельцер мәлімдемесінде: «Франция қандай да бір адамды азаптауға ұшырау мүмкіндігі жоғары елге беріп жібермеуі тиіс» деген.

Мемлекеттік кеңес шешіміне Facebook желісінде бірінші болып реакция танытқан Мұхтар Әблязовтың қызы Мадина мен туысы Қарлығаш заңгерлер тобына алғыс айтты.

Әблязов пен БТА

ӘБЛЯЗОВ ІСІ

2009 жыл - 2005-2009 жылдары "БТА банкін" басқарған Мұхтар Әблязов банкті Қазақстан үкіметі мемлекет меншігіне алған соң Лондонға кетті.

2011 жыл - Ұлыбритания Қазақстан президенті Назарбаевты сынайтын оған ​саяси баспана берді. Қазақстан Әблязовті 6 миллиардтай АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, Ұлыбритания сотына жүгінді. Әблязов істің "саяси астары" бар деп мәлімдеді. Қазақстан Ұлыбританияға оны экстрадициялау туралы өтініш түсірді.

2012 жыл - Ақпанда Лондон соты Әблязовті "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім етті. Әблязов бой жасырды. Лондон соты Әблязовтен БТА пайдасына 2,1 миллиард доллар өндіруге үкім шығарды.

2013 жыл - Шілдеде Әблязов Францияда Украина талабы бойынша ұсталды.

2014 жыл - Қаңтарда Франция соты Әблязовті Ресей мен Украинаға экстрадициялауға үкім етті. Францияның кассациялық соты ол үкімді тоқтатты. 24 қазанда Лион соты оны Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция берді.

2015 жыл - Қыркүйекте Әблязовті экстрадициялау туралы бұйрыққа Франция премьері Мануэль Вальс қол қойды.

2016 жыл - Желтоқсанда Франция мемлекеттік кеңесі Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы бұйрықтың күшін жойды. Желтоқсанның 10-ы ол абақтыдан босады.

2017 жыл - Қазақстан Әблязовке "ұйымдасқан қылмыстық ұйым құрды" деген айып тағып, шығынды 7,5 миллиард доллар деп мәлімдеді. 2017 жылы оны Қазақстан тергеуге шақырды, бірақ Әблязов келмеді.

2017 жыл - 7 маусымда Алматы соты Әблязовті "БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша сырттай 20 жылға соттады.

2018 жыл - Қазақстан билігі қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салды.

Мадина Әблязова постында: "Тамаша заңгерлер тобына рақмет! Жылдар бойы күн сайын қасымыздан табылдыңыздар. Әкеме деген сенімдеріңіз бір кеміген жоқ" деп жазған.

7 желтоқсанда БҰҰ-ның азаптау істерін тексеру жөніндегі арнайы уәкілі Нильс Мельцер Франция билігін қамауда отырған қазақстандық бұрынғы олигарх Мұхтар Әблязовті Ресейге экстрадицияламауға шақырған. Мельцер мәлімдемесінде: "Франция қандай да бір адамды азаптауға ұшырау мүмкіндігі жоғары елге беріп жібермеуі тиіс" деген.

"Егер Мемлекеттік кеңес экстрадициялау туралы ордерді мақұлдаса, онда Әблязов бірнеше күн, тіпті бірнеше сағаттан соң Ресейге табысталуы мүмкін. Ал Ресейде оны үлкен азаптау күтіп тұр деуге толық негіз бар, оны Қазақстанға беріп жіберуі әбден мүмкін" деген еді Нильс Мельцер.

БҰҰ уәкілі Ұлыбритания 2011 жылы Әблязов пен оның отбасына Қазақстанға оралса саяси қуғынға ұшырауы мүмкін деген қауіпті ескеріп саяси баспана бергенін ескерткен.

Мельцердің мәлімдеуінше, апелляциялық соттың француз үкіметінен дипломатиялық куәландыруды талап етуі Францияны адам құқығы, гуманитарлық құқық пен босқындар құқығы, әсіресе экстрадицияламау туралы жөніндегі құқықтар бойынша өзіне алған міндеттемелерінен босатпайды. Уәкіл Ресей азаптауға ұшырауы мүмкін адамдарды қайтармау туралы принципке қарамастан Минск конвенциясы бойынша оған мүше елдерге сұраған адамын қайтарып бере салуы мүмкін деп уәж айтқан болатын.

​Бұған дейін Франция соты Мұхтар Әблязовты Ресейге экстрадициялау туралы шешім шығарып, Франция премьер-министрі Мануэль Вальс тиісті жарлыққа былтырғы 17 қыркүйекте қол қойған. Бірақ Әблязовтің адвокаттары бұл шешімнің үстінен Франция мемлекеттік кеңесіне шағымданған.

Қазақстандық "БТА банктің" бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов 2013 жылдың жазынан бері Францияның оңтүстігінде Украина мен Ресейдің қаржылық алаяқтық туралы айыптауы негізінде қамауда отыр. Ресей мен Украина Франциядан оны қайтаруды сұраған. Қазақстан билігі Әблязовті "банктің 6 миллиард қаржысын жымқырды" деп айыптап, іздеу жариялаған. Әблязов бұл айыптауларды жоққа шығарып, өзінің "президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси бәсекелесі ретінде" қуғынға ұшырағанын мәлімдеп келеді. Қазақстан азаматтарын экстрадициялау туралы Астана мен Париждің арасында келісім жоқ.

53 жастағы Мұхтар Әблязов 1986 жылы Мәскеу инженерлік-физикалық институтын бітірген соң Қазақстанда әуелі академиялық салада аз уақыт еңбек етіп, кейін бизнеске ауысқан. 1990 жылдардың ортасына қарай Әблязов "Астана-Холдинг" компаниясының басшысы ретінде танылды. "Жас түркілер" деген атпен белгілі болған постсоветтік кезеңдегі іскер жаңа буын өкілі ретінде Мұхтар Әблязов президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көзіне түсіп, әуелі "КЕГОК" энергетика компаниясын басқарып, 1998-2000 жылдары Қазақстанның энергетика, индустрия және сауда министрі болып қызмет атқарды.

2001 жылы Әблязов сол кезде ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары ретінде саяси ықпалы күшейіп келе жатқан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевпен текетіреске барған демократия талап етуші жас саясаткерлер тобын бастап биліктен кетті. "Қазақстанның демократиялық таңдауы" атты қозғалыс құрған бір топ саясаткермен бірге Әблязов та қуғынға ұшырап, 2002 жылы "өкілетін асыра пайдаланды" деген айыппен 6 жылға сотталды. 2003 жылы Әблязов мерзімінен бұрын босатылып, Ресейде бизнеспен шұғылданды. 2005-2009 жылдар арасында Қазақстанға шақырылып, БТА банктің төрағасы болып қызмет істеді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG