Франция соты Әблязовты экстрадициялау туралы үкім етті

Мұхтар Әблязов, оппозициялық олигарх
Мұхтар Әблязов, оппозициялық олигарх

Қаңтардың 9-ы күні Франция соты қазақстандық оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовты Ресейге немесе Украинаға экстрадициялау туралы үкім шығарды.

Францияның Экс-ан-Прованс қаласының соты Ресей мен Украинаның қазақстандық қуғындағы олигарх, оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовты экстрадициялау туралы өтінішін қанағаттандырды. Сот шешіміне сәйкес Әблязов осы екі елдің біріне жөнелтілуі мүмкін. Судья экстрадициялауға қатысты Ресейге басымдылық берілетінін мәлімдеді.

Сот Әблязовтың қорғаушыларына Ресейге экстрадициялау бойынша апелляциялық шағым беру үшін 7 күн, Украина бойынша 5 күн уақыт берді.

50 жастағы Әблязов былтырғы шілде айында Канн қаласына жақын Ривьера курорттық аймағында ұсталып, содан бері франциялық құқық қорғау орындарының қамауында отыр.

Оны сотқа тартқысы келетін Қазақстан Франциямен тұтқындарды экстрадициялау туралы келісім-шарт жасаспаған.

Бірақ Украина мен Ресей оны экстрадициялау туралы өтінішті қатар түсірген.

Әблязовтың заңгері сот шешіміне қатысты апелляциялық шағым түсіретінін айтады.

Бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік, қуғындағы олигарх және оппозициялық тұлға Қазақстандағы БТА банкті басқарып тұрған кезде 6 миллиард АҚШ долларын қаржылық алаяқтық жасау арқылы жымқырды деп айыпталады.

Әблязов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, бұл істен саяси астар көреді.

Былтырғы желтоқсан айында соттан Әблязовты қаржылық алаяқтық бойынша Украинаға экстрадициялауды сұраған франциялық прокурор оны диссидент емес, "ірі қылмыскер" ретінде тануға шақырған.

Бірнеше жыл бойы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көпке белгілі саяси дұшпанына айналған Әблязовқа қатысты кең ауқымдағы іздеу шаралары жасалып келген еді. Сондай операциялардың бірі ретінде олигархтың Италияда тұратын әйелі мен қызы Қазақстанға күшпен қайтарылған.

Былтырғы желтоқсанның соңында оның отбасы мүшелерін Қазақстан билігі Италияға кері қайтарды, ал кезінде экстрадициялау ісіне септескен италиялық билік орындары бұл әрекеті үшін қатаң сынға ұшырады.
XS
SM
MD
LG