Accessibility links

Қазанның 24-інде Франциядағы Лион соты қазақстандық олигарх Мұхтар Әблязовты Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция берді. Қазақстандық саясаткерлер түрлі реакция танытты.

Франциядағы Лион қаласының соты жұма, қазанның 24-і күні қазақстандық олигарх, оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовты Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция берді. Бұл туралы Азаттыққа оның қызы Мәдина Әблязова мен адвокаты Марк Фейгин хабарлады.

Олардың айтуынша, сот осы үкімге байланысты кассациялық шағым жасауға үш ай мұрсат берген. Мәдина Әблязова өзі мен туыстарының сот шешіміне есеңгіреп қалғандарын айтты.

"Лион соты судьясы Әблязовты экстрадициялауда одан көбірек зиян шеккен Ресейге басымдылық берілетінін, ал Ресейдің оны Қазақстанға бермесіне сендіргенін айтты" деді Мәдина Әблязова.

Әблязовтың қорғаушылары оны Ресей мен Украинаның біріне экстрадициялаған жағдайда ары қарай Қазақстанға да жеткізуі мүмкін деп алаңдайды. Туыстары мен адвокаттары өзін саяси қуғындалушы көретін Әблязов оны "қаржылық алаяқтық жасады" деп айыптайтын бұл елдерде әділ түрде сотқа тартылмайды деп қауіптенеді.

ӘБЛЯЗОВ ІСІ

2009 жыл - 2005-2009 жылдары "БТА банкін" басқарған Мұхтар Әблязов банкті Қазақстан үкіметі мемлекет меншігіне алған соң Лондонға кетті.

2011 жыл - Ұлыбритания Қазақстан президенті Назарбаевты сынайтын оған ​саяси баспана берді. Қазақстан Әблязовті 6 миллиардтай АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, Ұлыбритания сотына жүгінді. Әблязов істің "саяси астары" бар деп мәлімдеді. Қазақстан Ұлыбританияға оны экстрадициялау туралы өтініш түсірді.

2012 жыл - Ақпанда Лондон соты Әблязовті "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім етті. Әблязов бой жасырды. Лондон соты Әблязовтен БТА пайдасына 2,1 миллиард доллар өндіруге үкім шығарды.

2013 жыл - Шілдеде Әблязов Францияда Украина талабы бойынша ұсталды.

2014 жыл - Қаңтарда Франция соты Әблязовті Ресей мен Украинаға экстрадициялауға үкім етті. Францияның кассациялық соты ол үкімді тоқтатты. 24 қазанда Лион соты оны Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция берді.

2015 жыл - Қыркүйекте Әблязовті экстрадициялау туралы бұйрыққа Франция премьері Мануэль Вальс қол қойды.

2016 жыл - Желтоқсанда Франция мемлекеттік кеңесі Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы бұйрықтың күшін жойды. Желтоқсанның 10-ы ол абақтыдан босады.

2017 жыл - Қазақстан Әблязовке "ұйымдасқан қылмыстық ұйым құрды" деген айып тағып, шығынды 7,5 миллиард доллар деп мәлімдеді. 2017 жылы оны Қазақстан тергеуге шақырды, бірақ Әблязов келмеді.

2017 жыл - 7 маусымда Алматы соты Әблязовті "БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша сырттай 20 жылға соттады.

​Қазақстан парламентінің депутаты Владислав Косарев Азаттыққа берген комментарийінде Әблязовтың Ресейден соң Қазақстанға да экстрадициялануы мүмкін екенін айтты.

- Әблязовты ұзақ ұстаған себебі - француздар оның қомақты капиталын біраз сілкіп көрді. Ұзақ бергілері келмеді, бөлісер ме екен деп. Ресей мен Украина онымен (Әблязовпен - ред.) арадағы мәселесін шешіп алғасын Қазақстанға да кезек тиеді. Әблязов өзін Қазақстанда саяси себеппен қуғындады деп көрсетіп келді. Қазір оның ісі халықаралық деңгейге шыққанда Қазақстанға саяси фон жасаудың қажеті де жоқ, - деді Владислав Косарев.

Ал оппозициялық саясаткер Әміржан Қосановтың пікірінше, Әблязов саяси себеппен қуғын көріп жатыр.

- Мұхтар Әблязовқа әрқалай қарауға болады, (көпшілік ол БТА банкінің қаржысын жымқырды дейді, бірақ анық дәлел жоқ), бір жайт анық - 2000 жылдардың басында-ақ ол Қазақстандағы саяси режимге қарсы шықты. Оппозициялық ҚДТ қозғалысын құрып, басқарды, сол үшін түрмеге отырып шықты. Сондықтан оны қудалаудың саяси себебі бар, - деді Әміржан Қосанов.

Қосанов Астана мен Мәскеудің саяси әріптес екенін, Қазақстанның Украинамен де жақын екенін, сол себепті Әблязовтың Қазақстанға да жеткізілуі мүмкін екенін айтады.

БТА Банкі директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязов 2013 жылы Францияда тұтқындалған еді. Оны экстрадициялауды Қазақстан, Ресей мен Украина қатар сұраған. Қазақстан билігі оны "банк басқарған кезінде 6 миллиард доллар жымқырды" деп айыптайды. Украина мен Ресей де бұрынғы банкирдің үстінен "қаржылық алаяқтық" жасады деген шағым түсірген.

Ал Әблязов Қазақстанда оны президент Нұрсұлтан Назарбаевтың режимін сынағаны үшін саяси астары бар себептермен қудалап отыр деп есептейді.

Былтыр халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы Франция билігін Мұхтар Әблязовті экстрадициялау ісінің сотта әділ қаралуын қамтамасыз етіп, оны Қазақстанға тапсыруы мүмкін елдерге экстрадицияламауға шақырған.

Материалды әзірлеуге Ержан Қарабек пен Светлана Глушкова қатысты

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG