Accessibility links

Францияның қоғамдық прокуроры осы елде қамауда жатқан Қазақстанның оппозициялық олигархы Мұхтар Әблязовты Украинаға экстрадициялауға шақырды.

Желтоқсанның 12-сі күні француз прокуроры Экс-ан-Прованс қаласының сотынан 50 жастағы қазақстандық оппозициялық олигарх, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басты сыншыларының бірі Мұхтар Әблязовты Украинаға тапсыруды сұрады. Биылғы шілде айында Францияның оңтүстігінде ұсталған олигархты Украинамен бірге Ресей де сұратқан.

Әблязовқа кезінде өзі басқарған қазақстандық банктен "6 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы жымқырды" және "қаржылық алаяқтық жасады" деген айыптар тағылған. Ол қазір оңтүстік Франциядағы Aix-Luynes абақтысында қамауда отыр.

Халықаралық ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Экс-ан-Прованс соты Әблязовты Украинаға, я Ресейге экстрадициялауға қатысты шешімін қаңтардың 16-сы күні шығармақшы.

Айыптаушы ретінде сөйлеген прокурор Соланж Легра Әблязовты "диссиденттен гөрі ірі қылмыскер ретінде тану керектігін" айтты.

Ал олигархты қорғаушы тарап Қазақстан Украина мен Ресейді пайдалану арқылы Әблязовты қолға түсрмекші деген қауіп білдірді.

ӘБЛЯЗОВ ІСІ

2009 жыл - 2005-2009 жылдары "БТА банкін" басқарған Мұхтар Әблязов банкті Қазақстан үкіметі мемлекет меншігіне алған соң Лондонға кетті.

2011 жыл - Ұлыбритания Қазақстан президенті Назарбаевты сынайтын оған ​саяси баспана берді. Қазақстан Әблязовті 6 миллиардтай АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, Ұлыбритания сотына жүгінді. Әблязов істің "саяси астары" бар деп мәлімдеді. Қазақстан Ұлыбританияға оны экстрадициялау туралы өтініш түсірді.

2012 жыл - Ақпанда Лондон соты Әблязовті "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім етті. Әблязов бой жасырды. Лондон соты Әблязовтен БТА пайдасына 2,1 миллиард доллар өндіруге үкім шығарды.

2013 жыл - Шілдеде Әблязов Францияда Украина талабы бойынша ұсталды.

2014 жыл - Қаңтарда Франция соты Әблязовті Ресей мен Украинаға экстрадициялауға үкім етті. Францияның кассациялық соты ол үкімді тоқтатты. 24 қазанда Лион соты оны Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция берді.

2015 жыл - Қыркүйекте Әблязовті экстрадициялау туралы бұйрыққа Франция премьері Мануэль Вальс қол қойды.

2016 жыл - Желтоқсанда Франция мемлекеттік кеңесі Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы бұйрықтың күшін жойды. Желтоқсанның 10-ы ол абақтыдан босады.

2017 жыл - Қазақстан Әблязовке "ұйымдасқан қылмыстық ұйым құрды" деген айып тағып, шығынды 7,5 миллиард доллар деп мәлімдеді. 2017 жылы оны Қазақстан тергеуге шақырды, бірақ Әблязов келмеді.

2017 жыл - 7 маусымда Алматы соты Әблязовті "БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша сырттай 20 жылға соттады.


БТА Банк-тың бұрынғы төрағасы өзіне тағылған қаржылық алаяқтық туралы айыптарды теріске шығарып, саяси қудалауға ұшырағанын айтумен келеді.

"Бәрі жалған. Қазақстанда бәрі қолдан құрастырылады.Қаржы әлі сол банк есептерінде жатыр, ешқашан ұрланған емес" деп мәлімдеді ол Экс-ан-Прованстағы сот отырысында.

Әблязовтың адвокаттары Қазақстан, Ресей мен Украина арасында жасалған келісімдерге сәйкес бұл елдер қалаған адамдарын бір-біріне экстрадициялай алады деген уәж айтты.

Бірақ француз прокуроры Киев пен Мәскеудің Женева конвенциясына қосылғандарын және Адам құқықтары туралы Еуропа конвенциясына сәйкес экстрадициялаушы елдің (Францияның - ред.) келісімінсіз іздеу жарияланған адамды үшінші бір елге тапсыра алмайтынын айтты.

Қазақстанда ірі кәсіпкер, үкімет мүшесі және банк басшысы ретінде танылған Мұхтар Әблязов 2001 жылы оппозициялық саяси қозғалыс құрған соң сотталған болатын. Көп ұзамай президент рақымшылығы бойынша босатылған олигарх 2006-2009 жылдары БТА Банкін басқарды. 2009 жылы елден шығып кеткен соң Ұлыбритания оған саяси баспана берген. Басшысы жаңарып, мемлекет қарауына өткен БТА Банкі Әблязовты "қаржылық алаяқтық жасады" деп айыптап, Лондон сотына тартқан. 2012 жылы Лондон соты оны сот-тергеу амалдары кезінде "сотқа бағынбау" бабы бойынша айыпты деп танып, 22 айға соттаған. Алайда Әблязов жазасын өтемеген күйі Ұлыбританиядан кетіп қалып, 2013 жылғы шілдеде Францияда ұсталды.

Биылғы мамыр айында оның Рим түбінде тұрып жатқан әйелі Алма Шалабаева мен алты жасар қызы Қазақстанға қайтарылып, бұл әрекет құқық қорғаушылардың Италия үкіметін сынауына себеп болды.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG