Accessibility links

Франция президенті жаппай наразылықтан кейін халыққа үндеу жасады

Франция президенті Эммануэль Макрон
Франция президенті Эммануэль Макрон

Франция президенті Эммануэль Макрон елдің түрлі қаласында қымбатшылыққа қарсы өткен жаппай наразылықтан кейін, 18 қазан күні халыққа үндеу жасады. Демонстрациялар кезінде тәртіпсіздік болып, дүние-мүлік бүлініп, дүкендер тоналған.

Макрон сегіз минуттық сөзінде зорлық-зомбылықты айыптады. Өзгенің мүлкін қиратқан және тонаған адамдар сот алдында жауап беріп, келтірген шығынды өтейді деді ол. Президент тәртіпсіздікті "радикал әсіресолшыл топтардан шыққан бүлікшілер ұйымдастырды, оларға қылмыстық ортадан көп адам қосылды" деп мәлімдеді. Ол дүкені мен кафесі қиратылған кәсіпкерлерге өтемақы төленетінін айтты.

Бұған қоса Макрон бұзақылық жасағандар мен заңды талабын айтуға шыққан адамдарды ажырату қажет екенін ескертті. Ол наразылық білдірушілердің ашынуына негіз барын, Францияның, әсіресе әлеуметтік салада, қиын жағдайда тұрғанын мойындады.

"Болашағымыз біз қалағандай емес" дейді жастар. Біз олардың реніштерін естуге тиіспіз", – деді Макрон.

Ол жанармай бағасының өсуі жалпы қымбатшылыққа әсер етіп отырғанын мәлімдеді. Бірақ отын дағдарысын туғызған себептерге Францияның қатысы жоғын айтты. Президент жақын арада Парсы шығанағы елдерімен мұнай мен мұнай өнімдері бағасын тежеу жөнінде келіссөз жүргізуге уәде берді.

Макрон барлық тараптың: наразылық білдіргендер мен олар қарсы шығып отырғандардың қатысуымен диалог өткізу қажет деді.

"Бәрі – жұмысшылар, студенттер, жергілікті әкімшілік, саясаткерлер келіссөз өткізіп, талқылауға қатысуы керек", – деді ол.

Франция президенті жарты жылдан кейін елде сайлау өтетінін еске салып, демократияны қолдау жолындағы ел бірлігін сақтау керек деді.

  • Халықтың тұрмыс жағдайының нашарлауына қарсы 17 қазанда болған жаппай наразылық Франция тарихындағы ең ірі демонстрациялардың бірі болды. Түрлі қалада тәртіпсіздік шығып, полиция мен демонстранттар қақтығысқан. Шамамен 1800 демонстрант ұсталған. 150-ге жуық полиция қызметкері жараланған. Жалпы зардап шеккендер шамамен 500 адам деген ақпарат тарады.
Айдар
​
XS
SM
MD
LG