Accessibility links

Франция Украинаға 500 километр қашыққа ұшатын дрондар берді


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Францияның EOS Technologie компаниясы Украинаға 500 шақырымға дейін қашыққа ұша алатын және әуеде бес сағатқа дейін қалықтауға қабілетті Rodeur 330 үлгісіндегі әскери дронның шағын партиясын жеткізген. Бұл ақпаратты France Presse агенттігі хабарлады.

Компания басшысы Жан-Марк Зулианидің айтуынша, Украинаға дрон жеткізген Батыс өндірушілері оларды нақты ұрыс жағдайында сынап көруге мүмкіндік алады. Ол украиналықтар соғыс барысында "әлемде теңдесі жоқ бірегей тәжірибе" жинақтаған деген пікірде.

Өндіруші компания Rodeur 330 дронын екі оператор он минутқа жеткізбей құрастыра алады, ал аппарат бес сағатқа дейін әуеде қалықтап жүре алады дейді. Украиналық NV басылымы дрон жылдамдығы сағатына 120 шақырымға дейін жетеді және ол 5 мың метр биікке көтеріле алады деп жазды.

Жан-Марк Зулиани бұл дрондар шабуылға да, барлау мақсатына да жарайтынын айтты. Еуропа оларды "қалқан" ретінде, ал Украина "қылыш" орнына қолдана алады деді ол.

Бұған дейін Украина билігі елде 500 шақырымнан әлдеқайда алысқа ұша алатын дрондар әзірлеп, олар өндірістен шығып жатқанын мәлімдеген. Украина оларды Ресейдің ішкері аумағындағы нысандарға шабуылға қолданған. Дегенмен Батыс одақтастарынан алынған қару-жарақтың ішінде Rodeur 330 дрондары ең алысқа ұша алатындар қатарына жатады. Атап айтқанда, Украина бұрын алған ATACMS және Storm Shadow зымырандарының ұшу қашықтығы 500 шақырымға жетпейді.

XS
SM
MD
LG