Accessibility links

Франция ядролық оқтұмсық санын көбейтпек

Франция президенті Эммануэль Макрон
Франция президенті Эммануэль Макрон

Әлемде стратегиялық тұрақсыздық белең алып отырған шақта Франция өз ядролық қару-жарақ қорын ұлғайтып, Еуропаның өзге елдерімен (Германияны қоса алғанда) ядролық қатерді тежеу саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді ұйғарды. 2 наурыз күні Франция президенті Эммануэль Макрон осылай деп мәлімдеді. Ол мұндай шешім қабылдауға Ресейдің Украинаға қарсы соғысы, Қытайдың әскери қуаты өскені және АҚШ-тың қорғаныс саясаты басымдықтары өзгергені себеп болғанын айтты.

АҚШ-тың сыртқы саясаты өзгерген жағдайда Франция "ядролық қолшатырының" панасына Еуроодақтың өзге елдерін де алуы мүмкін екені бұған дейін де айтылған. Дүйсенбі күні Макрон мен Германия канцлері Фридрих Мерц ядролық мәселе жөніндегі бірлескен жұмыс тобы құрылатынын растады. Мерцтің айтуынша, биылғы жылдың аяғына дейін нақты әрекеттер жасалмақ, соның ішінде Францияның ядролық жаттығуларына Германия да қатыспақшы.

Макронның пікірінше, әлемде болып жатқан кейінгі оқиғалар ядролық қару қолданылуы мүмкін қақтығыстар болу ықтималдығы артып келе жатқанын көрсетеді. Франция президенті Париждің жаңартылған ядролық доктринасын "ілгерілетілген тежеу" деп атады. Ол жалғыз Германия емес, оған қоса Нидерланды, Бельгия, Дания мен Польша да Франциямен ядролық салада ынтымақтастық орнатуға ниет танытқанын айтты. Сонымен бірге Макрон белгілі бір жағдайларда француз ядролық қаруын басқа елдер аумағында орналастыру мүмкіндігін жоққа шығармайтынын мәлімдеді. Алайда оны қолдану туралы бұйрықты Франция президенті ғана бере алатынын атап айтты.

Бұған қоса Макрон Франция ядролық оқтұмсық санын арттыратынын, бірақ нақты қаншаға дейін көбейетінін ресми түрде жарияламайтынын ескертті. Қазіргі кезде, ресми деректерге сәйкес, Францияда 300-ге жуық ядролық оқтұмсық бар.

Өткен аптада Ресей билігі өкілдері Франция мен Ұлыбританияны Украинаға ядролық қару өндіруге қажет құрамдас бөліктер беруге ұмтылып отыр деп айыптаған. Аталған үш ел де бұл мәлімдемелерді жоққа шығарды. 2 наурыздағы сөзінде Макрон Украинамен ядролық салада ынтымақтастық орнату ықтималдығы жайлы ештеңе айтқан жоқ.

XS
SM
MD
LG