Accessibility links

Францияда хакерлер жүздеген супермаркеттің тоңазытқыштарын бүлдіріп кеткен

Франциядағы супермаркеттердің бірінде азық-түлікті қарап жүрген тұтынушы. 12 қазан, 2026 жыл
Франциядағы супермаркеттердің бірінде азық-түлікті қарап жүрген тұтынушы. 12 қазан, 2026 жыл

Франциядағы жүздеген супермаркет кибершабуылға ұшырап, тоңазыту жүйелері істен шықты. Хакерлік шабуылдан келген жалпы шығын көлемі бірнеше миллион еуроға жетуі мүмкін деп хабарлады BFMTV арнасы.

Басылым дерегінше, дүйсенбіге қараған түні хакерлер даниялық Danfoss компаниясының тоңазытқыш жабдықтарын басқару жүйесіне бұзып кірген. Бұл оларға тоңазытқыштар мен мұздатқыш камералардың температурасын қашықтан өзгертуге мүмкіндік берген.

Соның салдарынан қондырғылар бірнеше сағат бойы +50 градусқа дейін қызып жұмыс істеген. Дүкендер бұзылған азық-түлікті түгелдей дерлік тастауға мәжбүр болған.

Кибершабуылдан Intermarché және Netto желілерінің 300 дүкені, Coopérative U желісінің 100-ге жуық сауда орны зардап шеккен. Ірі бөлшек сауда желілерінен бөлек, хакерлік шабуыл Metro дүкендеріне және жеке сауда орындарына, соның ішінде ет сататын дүкендерге де кері әсерін тигізген болуы мүмкін.

Danfoss компаниясы Bloomberg агенттігіне берген түсініктемесінде кибершабуыл нысанасына негізінен қазіргі кезде бағдарламалары мен қауіпсіздік баптаулары жаңартылмайтын ескі үлгідегі жүйелер алынғанын мәлімдеген.

Danfoss өкілі компания тұтынушыларға тоңазыту жүйелеріне "кейінгі шығарылған бағдарламалар орнатуды, ал ескіргендерін қазіргі заманғы жаңасына ауыстыруды бұрыннан бері ескертіп келе жатқанын" айтқан.



Айдар
​
XS
SM
MD
LG