24 қазанда Францияның түрлі қалаларында өткен наразылық акцияларына кемінде 410 мың адам қатысты. Мұндай мәліметті Францияның ішкі істер министрлігі келтірді. Ал шерулерді ұйымдастыруға қатысқан елдегі ең ірі кәсіподақ "Жалпыға ортақ еңбек конфедерациясы" (CGT) қатысушылар саны 800 мыңға жеткенін хабарлады.
Наразылар қымбатшылық, жанармайдың қымбаттауы, мемлекеттік қызмет сапасыздығына және бай мен кедей арасындағы алшақтықтың ұлғаюына наразылық білдірді.
Бұдан бөлек, Орлеан қаласында шамамен 13 мың адам оңшыл «Ұлттық бірлестік» партиясының екі күндік съезіне қарсы шеру өткізді. Наразылар оңшылдардың саясатына қарсылық білдірді. Алайда бұл партияның Жордан Барделланы төраға қызметіне қайта сайлауына кедергі болмады. Партияның тең төрайымы Марин Ле Пен 2027 жылғы президент сайлауына қатысуды көздеп отыр.
Полицияның хабарлауынша, шерулер негізінен бейбіт өткен. Полициямен қақтығыс жекелеген жерлерде ғана болды. Парижде тәртіпсіздікке ұласуы мүмкін әрекеттер шеру аяқталар тұста, наразылар легі Венсенн маңына жеткенде басталды. Қатысушылар автокөлік сататын дүкеннің аумағына басып кіруге тырысып, полицияға тас, бос бөтелкелер мен пиротехника заттарын лақтырған. Бұған жауап ретінде полиция су шашып, жас ағызатын газ қолдануға мәжбүр болды.
Осындай қақтығыстар Тулуза, Нант, Лион, Дижон және Марсель қалаларында да болды.
Франция бойынша қоғамдық тәртіпті сақтауға 70 мың полиция қызметкері жұмылдырылды. Шерулер енді басталып жатқанда түске қарай полиция кемінде 135 адамның ұсталғанын хабарлады. Олардың басым бөлігі шеруге қару-жарақ пен басқа да қауіпті заттарды алып өтпек болған. Тәркіленген заттардың арасында пиротехника, пневматикалық тапаншалар, металл таяқ, сақпандар және жапон қылышы болған.
Кешке қарай Францияның ішкі істер министрі шерулер кезінде шамамен мың адамның ұсталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл — әлі нақтыланатын алдын ала мәлімет. Жалпы, министр шерулер салыстырмалы түрде тыныш өткенін, тәртіпсіздік пен вандализм әрекеттерінің басым бөлігі жедел тоқтатылғанын айтты. Оның сөзінше, мұндай оқиғалардың саны 17 қазандағы шерулермен салыстырғанда «әлдеқайда аз».
«Бағынбайтын Франция» солшыл партиясының жетекшісі Жан-Люк Меланшон шеруге қатысушылардың жаппай қолдауын, тәртібі мен сабырлылығын жоғары бағалады. Ол Франция президенті Эммануэль Макронды наразылардың талаптарына құлақ асып, ескеруге шақырды.
«Бұл әр апта сайын қайталана береді. Ақырында оған [Макронға — РС] қызметінен кетуден басқа жол қалмайды» деп жазды Меланшон X әлеуметтік желісінде.
17 қазанда Францияның түкпір-түкпірін қамтыған жаппай шерулер тәртіпсіздікке, өрт қою мен тонауға ұласқан еді. Сол кезде шамамен 1800 адам ұсталып, 150-ге жуық полиция қызметкері жарақат алды. Жалпы зардап шеккендер саны 500-ге жуықтады.
24 қазанда тәртіпсіздіктер қайта қайталануы мүмкін деген қауіп зорайған шақта Париждегі көптеген дәмхана, мейрамхана мен музей жабылды. Көптеген дүкен иелері де витриналарын алдын ала қорғаныш қалқандармен жауып қойған.