Accessibility links

Францияда ПСЖ-ның жеңісінен кейін 400-ден астам адам ұсталды

Чемпиондар лигасының финалында Париждің «Пари Сен Жермен» футбол командасы лондондық "Арсеналды" жеңгеннен кейін Францияда полицейлер мен футбол фанаттары арасында қақтығыс болып, 400-ден астам адам ұсталды. Кемінде 7 полицей жарақат алды. Бұл жөнінде Франция ІІМ дерегіне сүйенген Le Figaro басылымы жазды.

Көбі Парижде ұсталды. Онда 300-ге жуық адам қамауға алынды. Министрдің сөзінше, тәртіпсіздік пен вандализм әрекеттері елдің кемінде 15 қаласында тіркелген. Ренн, Страсбург, Клермон-Ферран, Гренобль қалаларында дүкендер тоналған.

Қақтығыс матчқа дейін басталған. Шамамен 150 адам Парижде финалдан трансляция ұйымдастырған "Парк де Пренс" стадионына басып кіруге тырысқан. Полиция жас ағызатын газ шашып, жұртты тықсырды. Елисей алаңында автобус аялдамасы бүлінгеннен кейін полицейлер жанкүйерлердің тобын қуды.

Ойын аяқталғаннан кейін де тәртіпсіздік жалғасты. Стадион маңында наубайхана, мейрамханалар бүлініп, қақтығысқа қатысушылар велосипедтен тосқауыл жасады.

Жүздеген адам Париждегі айналма автожолын бекіткеннен кейін ірі кептеліс болып, жол апатынан скутер айдаушы мен бір жолаушы зардап шеккен. Елисей алаңында футбол жанкүйерлері велосипедтер мен өзге де мүліктерді өртеді.

Чемпиондар лигасының финалы Будапеште өтті. Франциялық клуб Чемпиондар лигасында екінші жыл қатарынан жеңіске жетіп отыр. Былтыр бұл клуб финалда Италияның «Интер» командасын жеңіп, Еуропадағы ең ірі клубтық жарыстың жеңімпазы атанған.

«Арсенал» Чемпиондар лигасының финалында екінші рет ойнап, екінші рет жеңілді. 2006 жылғы финалда лондондық клуб Испанияның «Барселона» командасынан ұтылған.

Айдар
XS
SM
MD
LG