Accessibility links

Freedom Now: Қазақстан билігі шетелдегі сыншылардың үнін өшіру үшін жосықсыз ұстау әдісіне жүгінеді

Тергеу соты. Көрнекі сурет.
Тергеу соты. Көрнекі сурет.

Қазақстан билігі шетелде тұратын билік сыншыларының үнін өшіру үшін жосықсыз ұстау әдісіне жүгінеді. Вашингтонда орналасқан Freedom Now үкіметтік емес ұйымы 15 қыркүйекте БҰҰ-ның жосықсыз ұстау жөніндегі жұмыс тобымен біріккен отырыстағы мәлімдемесінде осылай деді. Ол Қазақстанда "Атажұрт" ұйымының негізін қалаушы, шетелде тұратын Серікжан Біләштің туыстарына қысым көрсетіп жатқанын мысалға келтіреді.

"Қазақстанда билік шетелде жүрген сыншыларды тұншықтыру үшін жосықсыз қамауға алу тәжірибесін пайдаланады. Мысалы, "Атажұрт" құқық қорғау тобының белсендісі әрі негізін қалаушысы Серікжан Біләш 2020 жылы Қазақстаннан кеткенмен құқық қорғау қызметін шетелде жалғастырып, Қазақстанның Қытаймен дипломатиялық қарым-қатынасын сынап келеді. 2026 жылы маусымда Қазақстан билігі оның әпкесі Бәтиқа Біләшті ұстады, бұл оны құқық қорғау қызметінен бас тартуға мәжбүрлеу үшін сияқты" деп жазды ұйым.

Ұйым трансұлттық қудалауға мысал ретінде сонымен бірге Қырғызстандағы белсенді Тілекмат Құдайбергенұлының ісін де келтіреді. Қырғызстан билігін сынаған белсенді елде қудаланғаннан кейін шетелге кеткен. Ізінше Дубайда полиция оны Қырғызстан билігінің өтінішімен ұстаған.

Бәтиқа Біләш – АҚШ-та тұратын Шыңжаңдағы қуғын жөнінде айтып жүрген белсенді, «Атажұрт» ұйымының алғаш құрушылардың бірі Серікжан Біләштің әпкесі. Ол маусым айында қамалып, үйқамаққа шығып, қайта қамалған еді.

Адвокатының сөзінше 9 қыркүйекте сот Бәтиқа Біләштің қамау мерзімі тағы бір айға ұзартқан. Бәтиқа Біләш қазір Алматы облысынан жырақтағы – Талдықорған изоляторында отыр.

Бұған дейін желіде "Бәтиқа Біләш жазды" деген хат тараған еді. Онда хат авторы өзін адвокат Шынқуат Байжановтан бас тартуға мәжбүрлегенін, "бала-шағасын айтып, қинағанын" жеткізеді. Хат авторының сөзіне сүйенсек, ол адвокаттан бас тартқанын жазып берген. Азаттық үшінші тәуелсіз дереккөздер арқылы хаттың мазмұнын тексере алмады.

Адвокат Шынқуат Байжанов 17 қыркүйекте Азаттыққа осыған орай облыстық прокуратура мен сотқа арыз түсіргенін айтады.

"Осы жағдайды жан-жақты тексеруіңізді сұраймыз. Шын болса, тергеушіні де тиісті жауапкершілікке тартыңыз деп жаздым" дейді адвокат.

Ол соңғы рет Бәтиқа Біләшқа 14 қыркүйекте кірген, енді "адвокаттан бас тартуына байланысты" өзін кіргізбей қоюы мүмкін екенін де жеткізеді.

Азаттық әзірге тергеу органдарынан бұл ақпаратқа түсініктеме ала алмады.

Адвокаттың айтуынша, Бәтиқа Біләштің үстінен 10 шақты адам арыз түсіріп, "алаяқтық" жасады деп айыптаған. Бұлар – Серікжан Біләштің YouTube парақшасында көрсетілген телефон арқылы "30-40 мың теңге" аударғандар. Олар "ақша арна авторының жеке мақсатына жұмсалатынын" айтып арызданған. Ондағы телефон иесі Бәтиқа Біләш айыптаулармен келіспейді.

Жақтастары Бәтиқа Біләшті Серікжан Біләшқа қысым жасау мақсатында қысып отыр деп санайды.

Бұған дейін Amnesty International ұйымы мәлімдеме жасап, Астананы «Атажұрт» белсенділерінің туыстарын қудаламауға шақырған еді.

Қазақстан билігі елде саяси қудалау барын жоққа шығарады.

Айдар
XS
SM
MD
LG