Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) Ресей бас штабы бас басқармасы бастығының бірінші орынбасары Владимир Алексеевке қастандық жасады деп күдікке ілінген адам ұсталғанын және Ресейге тапсырылғанын хабарлады.
ФСБ мәлімдемесінде ұсталған адамның аты-жөні де жазылған: 1960 жылы туған Ресей азаматы Любомир Корба. Мәскеу соты оны қамауға алған. Бұдан бөлек, тағы екі ресейліктің аты-жөні аталады, олар шабуылдаушыға "көмектескен", олардың бірі Украинаға кеткен деп айтылады.
Генерал Алексеевке қастандық 6 ақпанда таңертең Мәскеудегі үйінде жасалған. Сағат жеті шамасында генерал жұмысқа бару үшін пәтерінен шыққан. Сыртта Алексеев өзін тамақ тасымалдаушы ретінде көрсеткен бөтен адамға тап болған. Ол генералдың үйіне кірген кезде Алексеевті аяғы мен қолынан жаралаған, ал оның тапаншасын тартып алуға тырысқан кезде кеудесінен атқан.
Алексеев ауруханаға жатқызылған, бір күн бұрын есін жиған. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров оқиғаны "террорлық акт" деп атап, АҚШ-тың соғысты тоқтату бойынша жүргізіп жатқан келіссөзіне кедергі келтіріп, оны бағытынан тайдыру талпынысы деді. Украна президенті кеңсесіндегі дереккөзге сүйенген "Новини.LIVE" басылымының жазуынша, генералға қастандық келіссөзге кедергі келтіру талпынысы болғанмен мұны Ресей жағының өзі ұйымдастырды деп жазды.
The Washington Post дереккөздерінің айтуынша, батыс арнайы қызметі Украинаның Алексеевке шабуылға қатысы барына сенбейді. Ресейде шабуылдың салдарынан кейінгі жылдары бірнеше жоғары лауазымды әскери шенеунік қаза болған, алайда көп жағдайда олар оқтан емес, жарылыстан қаза болған.