АҚШ Иранмен соғыс бастағалы бері ұзақ жылға арналған маңызды оқ-дәрі қорын шығындады. Атап айтқанда, мәселе алысқа ұшатын "Томагавк" ракетасы жөнінде болып отыр. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген Financial Times жазды.
“Әскери-теңіз флоты осының салдарын бірнеше жыл бойы көреді” деді басылым дереккөзі.
Алдағы уақытта Пентагон Ақ үй мен Конгреске әскери салаға қосымша 50 миллиард долларға дейін қаражат бөлу туралы өтініш жібермек.
Осы аптада Пентагон өкілдері сенаторларға соғыстың алғашқы алты күнінде АҚШ 11 млрд доллар қаражат жұмсағанын хабарлаған. Ол негізінен оқ-дәріге кеткен. FT дереккөзінің айтуынша, алдағы уақытта ведомство Конгреске жұмсалған оқ-дәрі жөнінде ақпарат береді.
Стратегиялық және халықаралық зерттеу орталығының мәліметінше, соғыстың алғашқы 100 сағатында АҚШ 168 "Томагавк" ракетасын пайдаланған. Конгресмендердің бірі басылымға “бұл өте көп” екенін және оны қалпына келтіру үшін “жылдар кететінін” айтты. Бір "Томагавк" ракетасының құны – 3.6 млн доллар.
- АҚШ пен Израиль 28 ақпаннан бері Иранға соққы жасап келеді. Тегеран бұған жауап ретінде Израиль мен Американың Парсы шығанағындағы әскери базаларына шабуылдап жатыр.