Украин дрондарының соққысынан Ресейдің мұнай өңдеу зауыттары айтарлықтай зардап шегіп, елдегі жанармай өндірісі қысқарған. Соның салдарынан Ресей қазан айында теңіз арқылы рекордтық көлемде бензин импорттады. Бұл туралы Financial Times Kpler сараптамалық компаниясының деректеріне сүйеніп хабарлады.
Kpler сарапшыларының айтуынша, Ресей әлемдік мұнай өнімдері нарығындағы орнын өзгертіп жатыр: бұрын ірі жанармай экспорттаушы болса, енді импортқа тәуелділігі артып келеді. Бензин импорты уақытша шара болудан қалып, ішкі сұранысты өтеудің маңызды тетігіне айналған.
Қазан айында Ресей теңіз арқылы 390 мың тонна жанармай импорттаған. Өнім Марокко, Түркия, Үндістан және Египеттен жеткізілген. Одан бөлек, Беларусьтен рекордтық көлемде жанармай сатып алып, Қазақстаннан да импорттаған.
Украина көктемнен бері Ресейдің мұнай өңдеу зауыттары мен терминалдарына дрондармен шабуыл жасап келеді. Жазда бұл Ресейдің бірқатар өңірінде жанармай тапшылығын тудырып, жанармай бекеттерінде ұзын-сонар кезек пайда болған еді.
Салалық дереккөздерге сүйенген Reuters агенттігінің мәліметінше, қазан айының соңынан бері украин дрондарының шабуылы салдарынан Ресей мұнай өңдеу зауыттарындағы шикі мұнай өңдеу көлемі 45%-ға қысқарған. Шабуылдар елдегі 35 ірі мұнай өңдеу зауытының 15-інің жұмысына кедергі келтірген.
Қазір Ресейдің кейбір өңірлерінде жанармай тапшылығы байқалады. Украина шабуылдарынан порттар да зардап шегіп, елдің жанармай экспорттау мүмкіндігі шектелген.
Ресей үкіметі жағдайды тұрақтандыруға тырысып жатыр. Вице-премьер Александр Новак шабуылдардан зақымданған мұнай өңдеу зауыттарын мүмкіндігінше тез қалпына келтіруді тапсырды.