Accessibility links

Белсенді Бақтыбаевтың қазасы: Прокурор айыпкерлерге ұзақ жыл түрме жазасын сұрады


Белсенді Ғалы Бақтыбаевтың үйі. Оны осы жерде әлдекімдер атып кеткен. Атасу ауылы, Қарағанды облысы. 1 маусым, 2019 жыл.
Белсенді Ғалы Бақтыбаевтың үйі. Оны осы жерде әлдекімдер атып кеткен. Атасу ауылы, Қарағанды облысы. 1 маусым, 2019 жыл.

Қарағанды облысының Атасу кентіндегі үйінің табалдырығында 2019 жылы атып өлтірілген азаматтық белсенді Ғалы Бақтыбаевты ұрып-соғу және өлтіруге қатысты іс бойынша сотта жарыссөз аяқталды. Прокурор Қуаныш Жексенбаев айыпталған төрт адамның үшеуіне ұзақ жыл түрме жазасын сұрады.

Бақтыбаевты ұрып-соғып, тапсырыспен өлтірді, Ақмола облысының және бір тұрғынын өлтіруге тырысты, бұзақылық жасады, заңсыз қару сақтады және оны алып жүрді деп айыпталған Иман М.-ны прокурор 25 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұған қоса ол кісі өлтіруді ұйымдастырды және осы қайғылы оқиғадан бірнеше ай бұрын болған белсендіні ұрып-соғу ісін басқарды деп айыпталған тағы екі айыпталушы Ғалым А. мен Азамат Б.-ны 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесуді өтінді. Ал оқиғадан бірнеше ай бұрын Бақтыбаевты ұруға қатысты деп айыпталған төртінші айыпкер Елдар Ж.-ны үш жылға түрме жазасына кесу керек деді.

Сотталушылардың адвокаттары істі тергеу асығыс жүріп жатқанын, қылмыстың басқа нұсқалары қарастырылмағанын айтып, оларды ақтауды сұрады. Заңгерлер тергеу барысында келтірілген көп дәлелге күмән келтірді. Мәселен, олардың айтуынша, екі айдан астам уақыт қоқыста жатқан, киллер қолданды деген қару "жап-жаңа болып көрінген".

Қорғаушылар белсендіні Бақтыбаев энергокомпаниядан сот арқылы өндірген бірнеше жүз миллион теңге үшін өлтіруі мүмкін деген болжамды жоққа шығармайды. Марқұм Ғалы Бақтыбаев бұл қаржыны кенттегі электр жүйесін жақсартуға жұмсамақ болған. Адвокаттар соттан "іс материалдарын бұрмалаған" полиция қызметкерлеріне қатысты қаулы шығаруды сұрады.

Белсендіні ұрып-соғуды ұйымдастырды және оны өлтіруге тапсырыс берді деп айыпталған екі адам (бұрынғы полиция қызметкері мен кәсіпкер) айыбын мойындамайды. Тергеу кезінде кінәсін мойындаған олар сотта "тергеу сценариі" болғанын және өздерін осылай айтуға мәжбүрлегенін айтты. Ал тапсырысты орындап, кісі өлтірді деп айыпталған адам Бақтыбаевты ұрып-соққанын, бұзақылық жасап, кент тұрғынының терезесіне оқ атқанын ғана мойындады. Ол да тергеу кезінде кінәсін мойнына алуға мәжбүрлегенін мәлімдеді. Ал Бақтыбаевты ұрып-соғуға қатысты деп айыпталған төртінші фигурант оқиға кезінде марқұмның жанында болғанын, бірақ оны ұрмағанын айтты.

Іске жәбірленуші ретінде қатысып жатқан Ғалы Бақтыбаевтың әпкесі мен оның адвокаты тергеу қорытындысын толық қолдайтынын айтты және барынша қатаң үкім шығаруды және моральдық, материалдық шығынның орнын толтыруды сұрады.

Қайғылы оқиғадан бұрын да бірнеше рет қоқан-лоқы көріп, қастандық әрекетінен аман қалған 59 жастағы белсенді Ғалы Бақтыбаев 2019 жылғы 28 мамырға қараған түні өлтірілген. Сот 2020 жылдың мамыр айында басталды. Тергеушілер марқұм тапсырыспен өлтірілген деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG