Accessibility links

"Үрей басылды, осында қала тұрамын". Хайфадағы қазақстандық қыздың әңгімесі


Израильдің Хайфа қаласында тұрып жатқан қазақстандық Ақмарал Рақымжанова. Видеодан скриншот
Израильдің Хайфа қаласында тұрып жатқан қазақстандық Ақмарал Рақымжанова. Видеодан скриншот

Қазақстан 124 азаматын Израильден арнайы ұшақпен елге жеткізді. Бірақ ХАМАС террор тобының тұтқиыл шабуылынан кейін соғыс жағдайына көшкен елде әлі де жүздеген қазақстандық бар. Кейбіреуі әзірге сонда қала тұруды жөн көрген. Настоящее Время арнасы қазір Хайфа қаласында тұрып жатқан қазақстандық Ақмарал Рақымжановамен сөйлескен еді.

Астана қаласының тумағы Ақмарал Рақымжанова қазір Израильдің солтүстігіндегі Хайфа қаласында білім алып жатыр. Ақмарал 7 қазан күні таңертең телефонына суыт хабар түскенін айтады. Онда елдің оңтүстігінде болып жатқан төтенше оқиғалар болып жатқаны, зымыран шабуылы болуы мүмкін екені айтылыпты. Сол сәттен бастап бірнеше минут сайын Ақмаралдың телефонына жаңа ақпараттар түсіп отырған.

"Осындай хабарлар таңертеңгі сағат тоғызға дейін дамылсыз түсіп жатты, – де песке алады Ақмарал. – Кейінірек Газа секторынан зымырандар атып қана қоймай, Израиль аумағына оңтүстіктегі шекарадан террористер еніп кеткені, қазір Сдерот, Нетивот қалалары мен сол маңдағы кибуцтарда жүргені туралы хабар келді. Олар қалалардың ішін емін-еркін кезіп, жұмысқа кетіп бара жатқан, көшеде жүгіріп я ит жетектеп серуендеп жүрген адамдарды жаппай атып тастап жатқаны туралы сұмдық видеолар да келе бастады".

Шабуыл жасағандар Хайфа қаласына жетпегенімен, тұрғындар арасында үрей күшейе бастаған. Ақмарал сол кезде әлеуметтік желілерде жалған ақпараттар да қаптап тарай бастағанын айтып берді.

Не болып жатқанын түсінбей, жағдайды егжей-тегжейлі түсіндіретін ресми ақпарат болмай, ел абдырап қалған кезде әлгіндей жалған хабар, түрлі қауесетке иланып қалу оңай еді. Бірақ террористер қолынан қаза тапқан туыстарының тағдыры қабырғасын қайыстырса да халық жаппай үрейге бой алдырған жоқ дейді қазақстандық бойжеткен. Әсіресе Израильдің оңтүстігінде ашық далада өтіп жатқан музыка фестиваліне барған бейбіт адамдарды лаңкестер бейберекет атып, қырып тастағаны туралы хабар күллі әлемге тарады.

"Жаңалықтардан естіген кейінгі мәлімет бойынша, кемінде 250 адамды өлтірген. Мұнда әркімнің туысы не танысы, баласы, я танысының танысы сол фестивальде болған. Баршаға тиген қайғы бұл, – дейді Ақмарал Рақымжанова. – Әріптестерімнің арасында отбасы мүшелері хабар-ошарсыз кеткен немесе жараланып ауруханаға түскен адамдар бар".

Ақмарал қазір Израиль технологиялық институтында жұмыс істейді, докторантурадан өтіп жатыр. ХАМАС тобының шабуылынан кейін оның әріптестері мен студенттердің бір бөлігі мобилизация бойынша Израиль қорғаныс армиясы қатарына шақырылған, қазір сол жастар Газа секторымен және елге қатер төнуі мүмкін деп саналатын Ливанмен шекарада әскери қызмет атқарып жүр. Ал жұртты қазірдің өзінде бір сауал мазалайды: қорғаныс жүйесі мен барлау қызметі жағынан әлемде алдыңғы қатарда делінетін Израиль өз аумағына терроршылардың еніп кетуіне қалайша жол беріп алды?

"Мұнда бақылаушы қызметін атқаратындар бар – шекарадағы жағдайды бақылау камерасы арқылы сағаттап қарап отыратын сарбаздар. Олардың қолында шекарадағы барлық қимылды қадағалап отыратын сенсорлар бар, – дейді Ақмарал. – Осы бақылау бекеттеріне хакерлік шабуыл жасалған, сол себепті олар шекарада не болып жатқанын көре алмай, бірнеше минут бейхабар отырған деген идея кеше ғана пайда болды. Олар [бақылаушы-сарбаздар] таңертеңгі сағат жетіде үкіметке және өз командирлеріне Газа секторы жағынан кіріп жатқаны туралы хабар бергенін айтты".

Ақмарал Рақымжанованың Қазақстандағы туыстары Израильде не болып жатқанын жіті қадағалап отыр. Олар Ақмаралға үйге орал, тым болмағанда уақытша келіп қайт деп бірнеше рет айтыпты. Ақмаралдың Қазақстанға ұшақпен кетіп қалуға мүмкіндігі болды.

11 қазанға қараған түні Израильден жеткен ұшақ Алматы әуежайына келіп қонды. Содан бірнеше сағат бұрын Тель-Авивтен ұшып шыққан арнайы рейс 166 адамды Қазақстанға аман-есен жеткізді. Олардың 124-і – Қазақстан азаматтары.

Бірақ Ақмарал осы ұшақта болған жоқ. Хайфада қала тұруды ұйғарған ол ең қорқынышты кез артта қалды деп есептейді.

Настоящее Время арнасының тілшісі Дәурен Құдайбергеновтің материалынан аударылды.

Израиль мен палестиналықтар неге қақтығыса береді? Түсіндіреміз
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:54 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG