Accessibility links

Грузияда сайлауда жеңілгендер елден қаша бастады


Бидзина Иванишвили жаңа үкіметтің құрамын таныстырып тұр. Тбилиси, 16 қазан 2012 жыл.
Бидзина Иванишвили жаңа үкіметтің құрамын таныстырып тұр. Тбилиси, 16 қазан 2012 жыл.
Саакашвили өзімен бірге істеген жоғары шенді шенеуніктерге қызметтен кеткен соң да бір жыл бойы дипломатиялық паспорттарын пайдалануға рұқсат беретін қаулы шығарды.

Грузиядағы билік бейбіт жолмен ауысып жатса да, бұған дейін үкімет құрамында қызмет атқарған кейбір шенеуніктер елдегі ендігі оқиғаның қалай өрбитінін күтіп отырғысы келмейтін сияқты.

«ЖАҢА БИЛІКТІҢ ТЕКСЕРІСТЕРІНЕН ҚАШУ»

Грузияда парламент сайлауы қазанның 1-і күні өтті. Жеңіске миллиардер Бидзина Иванишвилидің «Грузия арманы» коалициясы жетті. Енді Михаил Саакашвилидің тұсында үкімет құрамында болған жоғары лауазымды шенеуніктер елден кетіп жатыр деген қауесет шықты. Грузия ақпарат құралдары «олар жаңа биліктің тексерістерінен қашып кетті» деген алыпқашпа әңгіме таратты.
Грузияның қорғаныс министрі Дмитрий Шашкин. Тбилиси, 5 қазан 2010 жыл.
Грузияның қорғаныс министрі Дмитрий Шашкин. Тбилиси, 5 қазан 2010 жыл.

«Жоғалып кеткендердің» арасында әділет министрі Зураб Адейшвили, қорғаныс министрі Дмитрий Шашкин және таяуда түрмедегі азаптау видеоларының кесірінен отставкаға кеткен ішкі істер министрі Бачо Ахалая бар.

Бұлардан бөлек, қашқандар арасында Бачо Ахалаяның бауыры, қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Дата Ахалая, түрмедегі видеодан соң қызметінен кеткен бұрынғы құқықтық көмек және тергеу, үкімдерді іскер асыру министрі Хатуна Калмахелидзе, Грузия темір жолының бас директоры Иракли Эзугбая да бар.

Саакашвили партиясының бұрынғы заңгері, одан бұрын ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған Гиви Таргамадзе де осы айдың басында Грузиядан кетіп қалды деген ақпарат тарады.

Азаттықтың Грузин бөлімі осы шенеуніктердің кеңселеріне хабарласып еді, кеңсе қызметкерлері:
Грузияның ішкі істер министрі Бачо Ахалая. Тбилиси 21 қыркүйек 2012 жыл.
Грузияның ішкі істер министрі Бачо Ахалая. Тбилиси 21 қыркүйек 2012 жыл.

- Олар ресми демалыста. Қайда екенін білмейміз, бірақ демалыстан шығатын күндері белгіленген, - деп жауап берді.

Қорғаныс министрінің баспасөз хатшысы Нино Потржебская Шашкиннің іссапармен АҚШ-қа кеткенін, бірақ қазір оның қайда екенін және қашан оралатынын білмейтінін айтқан.

Саакашвили мен премьер-министрі Вано Мерабишвили де жоғалғандар жайында ешқандай мәлімет берген жоқ.

Министрлер жаңа үкімет жасақталып, іске кіріскенше жұмыстарын жалғастыруы керек. Бірақ олар сайлаудан соң отставкаға кете бастаған.

Екі жақ та биліктің барынша бейбіт жолмен ауысуына күш салып жатса да, сайлауда жеңген «Грузия арманы» коалициясының жетекшілері Саакашвили үкіметінде қызметте болған тұлғаларды тексеруді талап ете бастады.

«ІС ҚОЗҒАУҒА ЖАРАМАЙТЫН АЛЫПҚАШПА ӘҢГІМЕЛЕР»

Тбилисидегі адам құқықтары үшін күресетін орталықтың заңгері Лия Мухашаврия:
Құқық қорғау орталығының заңгері Лия Мухашаврия. Тбилиси, 17 қаңтар 2011 жыл.
Құқық қорғау орталығының заңгері Лия Мухашаврия. Тбилиси, 17 қаңтар 2011 жыл.

- Елден кетудің өзі заңсыз болып саналмайды. Ел ішінде олар туралы қандай алыпқашпа әңгіме туса да, арнайы жазылған арыз болмаса, жоғалып кеткен басшылардың үстінен тергеу басталмайды. Егер нақты факт тіркелетін болса ғана, тергеу басталады. Содан соң ол фактілерге қарап, тергеуге кімдердің шақырылатыны айқындалады. Егер іс жоғары лауазымды тұлғаға қатысты қозғалса, әлбетте, ол азамат қызметінен алынады. Содан кейін тергеу, тексеру жұмыстары жалғасады. Қазір біздің білетініміз - іс қозғауға жарамайтын алыпқашпа әңгімелер, - дейді.

Саакашвили қазан айының 15-і күні үкіметтің барлық саласында әртүрлі қызметтер атқарған тұлғаларға орындарынан кеткеннен кейін бір жыл бойына дипломатиялық паспорттарын пайдалануға рұқсат беретін қаулы шығарды.

Қаулы бойынша бұл жеңілдікті парламент депутаттары, жоғарғы және конституциялық сот мүшелері, премьер-министр мен министрлер, ұлттық банк басшысы, Тбилиси қаласының әкімі, президент әкімшілігінде, үкіметте және заң шығару саласында қызмет еткен шенеуніктер пайдалана алады.

Ал Михаил Саакашвили мен оның зайыбы дипломатиялық паспорттарын өмір бойы пайдалана алады.

«ТҮРМЕГЕ ҚАМАЛУЫ КЕРЕК»

Әділет министрі қызметіне ұсынылған Ти Цулукиани қазанның 9-ы күні «жоғалып кеткен» қазіргі әділет министрі Адейшвилимен кездесу үшін министрлікке арнайы барды.
Иванишвили әділет министрі қызметіне ұсынған Ти Цулукиани. Тбилиси, 2 маусым 2010 жыл.
Иванишвили әділет министрі қызметіне ұсынған Ти Цулукиани. Тбилиси, 2 маусым 2010 жыл.

«Грузия арманы» коалициясының өкілі және Цулукианидің кеңесшісі Давид Джандиери Цулукианидің министрлікке барған сапарын:

- Биліктің ауысатыны белгілі болған соң, Ти Цулукиани екеуіміз әділет министрінің орынбасары Тина Бурджалианимен кездестік. Ол бізге «Министр қазір Грузияда емес, демалысқа кеткен. Демалысқа сайлау аяқталған соң шықты. Сондықтан жұмысты орынбасары басқарады» деді. Бурджалиани мырзаның бізге берген жалғыз түсініктемесі осы болды, - деп сипаттайды.

Цулукиани «Маэстро» телеарнасына берген сұхбатында:

- Тіпті ол (әділет министрі Адейшвили - ред.) Грузиядан кетіп қалмаған күннің өзінде өзіне қарасты агенттікті тастап кеткеніне сенімдімін. Ол бүкіл жауапкершілікті тастап кетті. Үлкен мемлекеттік құрылымды тастаған да, шығып жүре берген, - деді.

Сайлау науқаны кезінде Иванишвилиге Грузия азаматтығы берілмеген еді. Саакашвили қазан айының 16-ы күні Иванишвилидің азаматтығын қайтарып берді.

Грузин билігіндегі шиеленіс бәсеңдемей тұр. Бұрынғы парламент спикері Нино Бурджанадзе қазанның 12-і күні «Интерфакске» берген сұхбатында:

- Саакашвили және басқа да басшылар көптеген қылмыстар жасады. Олар енді әділ соттың алдында жауап беріп, ұзақ мерзімге түрмеге қамалуы керек, - деді.
XS
SM
MD
LG