Accessibility links

Германиядағы әскери музейге украиндарды, ресейліктерді, Орталық Азия елдері азаматтарын кіргізбейді

Military Equipment Museum in Germany.
Military Equipment Museum in Germany.

Германияның Кобленц қаласындағы ірі әскери музейге 26 елдің азаматына кіруге тыйым салынғаны оның қызметкерлері мен музейге барған адамдар арасында дау тудырды. Тыйым салынған елдер тізімінде Қазақстан да бар.

Германияның батысындағы танымал әскери музей Берлин "қауіпсіздікке ерекше қатер төндіреді" деп санайтын 26 елдің азаматын ішке кіругізбей, босағадан кері қайтарады.

Кобленцтегі Бундесвер қорғаныс технологиялары музейіне кіруге кейбір елдердің азаматтарына шектеу қойылғанына бірнеше апта болған, бірақ бұл айрықша ереже туралы ақпаратты жақында Украинадан барған әйелді музейге кіргізбей қойғаннан кейін украиналық басылымдар жариялады.

"Кіреберісте бізге азаматтарына кіруге тыйым салынған елдердің тізімін көрсетті", — деп жазды ол әйел әлеуметтік желіде. — Біз ол жерге балаларымызбен бірге екі сағат жүріп жеткен едік".

Музейдің веб-сайтында 3 наурызда жарияланған хабарландыруда онда келген адамдар кірер кезде жеке куәлігін көрсетуге тиіс деп жазылған.

"Әскери қауіпсіздік талаптарына байланысты, — деп ескертілген онда, — қазіргі уақытта Қауіпсіздікті тексеру туралы заңның 13-бабы 1-тармағының 17-тармақшасында көрсетілген елдердің азаматтарына коллекцияларды кіріп көруге тыйым салынған".

Аты-жөнін атауды қаламаған музей қызметкері Азаттық радиосына бұлайша іріктеп тыйым салудың себебін егжей-тегжейлі түсіндіре алмайтынын айтты, бірақ "бұл біздің ережеміз емес" деп нақтылады.

Бұл мекеме Германия қарулы күштеріне (Бундесвер) тиесілі және көпшілікке ашық болғанына қарамастан, ресми түрде "қорғаныс технологияларының оқу жинағы" болып саналады. Музей қызметкері кіруге шектеу қою "өзіміз үшін де проблема" деді, сонымен бірге "біз мұнымен не істеу керегін білмейміз" деп қосты.

Кобленцтегі әскери техника музейіндегі Германия қарулы күштерінің әскери техникасы.
Кобленцтегі әскери техника музейіндегі Германия қарулы күштерінің әскери техникасы.

Музейді бақылайтын Бундесвер бөлімшесінің өкілі Кристиан Клинк 13 мамырда Азаттық радиосына Кобленцтегі музей негізінен қызметкерлерді шетелдік және отандық әскери техникамен таныстыратын оқу базасы ретінде пайдалануға арналғанын және көпшілік жұртқа тек "қосымша түрде" ашық екенін айтты.

Клинк ондағы "қару-жарақтың көп бөлігі демилитаризация жасалмағандықтан, көрме Әскери қауіпсіздік аймағына жататынын", сондықтан тиісті шектеулер барын айтты.

Музейге кіруге тыйым салынған елдердің азаматтары жайлы Азаттық радиосының сауалына айтқан жауабында Клинк сұрақты ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін елдердің толық тізімін жүргізумен айналысатын Германияның ішкі істер министрлігіне қоюға кеңес берді.

Бұл тізімнің 2022 жылы жасалған кейінгі нұсқасына Ресей, Украина, Беларусь, Иран, Пәкістан, Молдова, Ауғанстан, Кавказдың барлық елдері және Орталық Азияның бес мемлекеті түгел енгізілген. Берлин бұл елдерді тізімге қосудың нақты себебін жариялаған жоқ.

Неміс музейіне қатысты Google-дағы кейінгі пікірлерде оған кіруге қойылған шектеулер барған адамдардың наразылығын тудырғанын көрсетеді.

Наурыз айында бір украин әйелі: "Мен шынымен аңырып қалдым", – деп шағым айтып, "ұлтымызға бола бізге музейге кіруге тыйым салады деп ешқашан ойламаппын", деп қосты. Ол өзімен дауласқан күзетші оны қарумен қорқытқанын айтты.

Бір жұлдызша қойылған пікірге жауап қатқан музей: "Қауіпсіздік қызметкерлерінің ешқайсысы сізді қарумен қорқытпайды..." деп мәлімдеді.

Еуропадағы ең ірі әскери техника коллекцияларының бірі саналатын Кобленц әскери музейі шамамен 7200 шаршы метр аумақты алып жатыр. Оның веб-сайтындағы ақпаратқа сәйкес, 1982 жылдан бері бұл музейде миллионнан астам адам болған.

Айдар
XS
SM
MD
LG