Accessibility links

Гренландия шетелдік инвестицияға шекара ашпақ


Гренландия астанасы Нуук қаласының бір көрінісі.
Гренландия астанасы Нуук қаласының бір көрінісі.

Данияға қарайтын ең алып аралдың билеуші партиясы қазба байлықтарын игеру үшін инвестиция тартуды жөн деп шешті. Оған ұмтылған инвесторлардың басында Қытай тұр.

Reuters ("Рейтерз") агенттігі наурыздың 10-ы күні жариялаған материалда Гренландияның премьер-министрі Куупик Клейстің арал тарихындағы жаңа бір кезеңнің басталуына себеп болғысы келетіні жазылады. Ғасырлар бойы гарпунмен кит аулауды кәсіп еткен қауымның бас өкілі енді Еуропа Одағы мен Қытай сияқты шояндардың алқалауымен шетелдік инвестицияға рұқсат етуі мүмкін. Ол үшін Клейстің партиясы бүгін Гренландияда өтіп жатқан парламент сайлауында жеңіп шығуы тиіс.

Агенттіктің жазуынша, 57 мың тұрғыны бар Гренландиядағы жалғыз сайлау учаскесі елдің астанасы Нуукта орналасқан. Қалада екі-ақ бағдаршам бар. Тұрғындардың көпшілігі әлі балық аулап күн көреді.

Ал мына сайлау "Гренландияның күшейіп келе жатқан геосаяси рөлі үшін бір сынақ болмақшы. Жаһандық климат өзгерісі мен мәңгі мұздықтардың еруі арал төңірегінде жаңа кеме жолдарының, минералдар мен мұнай кеніштерінің ашылуына себеп болған. Осылайша елге Қытайдан АҚШ-қа дейінгі аралықтағы державалар көз тігіп отыр" деп жазады Reuters.

Клейс агенттікке берген сұхбатында өзінің жаңа саясатына қарсы аралда ұлтшыл ұрандар көтеріле бастағанын айтқан.

"Шетелдіктердің қол астында қаламыз деген қорқыныш тым ұлғайтылған нәрсе. Біз жаһандық ойыншыға айналмақпыз. Этникалық ұлтшылдықтан аулақ болуымыз керек" деген ол.

Жергілікті оппозиция жетекшісі Алека Хэммонд кейбір тұрғындардың қазба байлықты игеруге қатысты ірі жобалар туралы пікір білдіріп, шешім қабылдау процесінен шеттетілгендей сезініп отырғанын айтқан.

Аралға келуі мүмкін Қытай компаниялары туралы сыбыс күшейген сайын бірқатар гренландиялықтар шетелдік бизнеске көбірек салық салуға және қоршаған ортаны қорғау ісіне көбірек мән беруге шақырады. Гренландияның "жаңашыл" премьер-министрінен жергілікті тілді қолдап, дат тілінің қолдану аясын тарылтуды талап ететіндер де бар.
XS
SM
MD
LG