Accessibility links

Хаменеи егер АҚШ Иранға шабуыл жасайтын болса "аймаққа соғыс тарайды" деді

Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи Тегерандағы жиында отыр. 1 ақпан, 2026 жыл.
Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи Тегерандағы жиында отыр. 1 ақпан, 2026 жыл.

Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи егер АҚШ Иранға қарсы шабуыл жасайтын болса, оның аяғы бүкіл аймақты қамтитын соғысқа ұласады деп ескертті. Иран соғыс бастамайды және басқа мемлекеттерге шабуыл жасамайды, бірақ өзіне жасалған кез келген соққыға жауап қайтаруға дайын деп мәлімдеді ол.

Оның баспасөз қызметі Хаменеи бұл мәлімдемелерді жексенбі, 1 ақпан күні Ислам революциясының 47 жылдығына орай қоғам өкілдерімен кездескенде жасаған деп хабарлады.

The Wall Street Journal басылымы Пентагон Таяу Шығысқа қосымша әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын орналастырып жатыр деп жазды. Басылым мәліметінше, бұл шаралар Иран шабуыл жасаған жағдайда Израильді, АҚШ-тың араб одақтастарын және аймақтағы америкалық әскери күштерді қорғауға бағытталған.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Таяу Шығыстағы америкалық әскери-теңіз күштерін күшейтуді бұйырған. Трамп ядролық бағдарлама бойынша келіссөздерде ілгерілеу болмаса немесе Иран билігі елдегі наразылықтарды күшпен басып-жаншуды жалғастырса, Иранға қарсы әскери соққы жасау мүмкіндігін де жоққа шығармаған. Осының алдында Трамп Иранның АҚШ-пен "байыпты келіссөздер" жүргізіп жатыр деп мәлімдеген. Оның айтуынша, мұндай келіссөздер "қабылдауға болатын нәтижеге" алып келуі де мүмкін. АҚШ пен Иран билік өкілдері арасында қандай да бір байланыстар болуы мүмкін екені жайлы әзірге ешқандай ресми мәлімет жарияланған жоқ.

Желтоқсан айының аяғы мен қаңтар айында Иранда жаппай наразылық акциялары өтті. Түрлі хабарларға сәйкес, қауіпсіздік күштерімен қақтығыстар кезінде мыңдаған адам қаза тапқан. Иран билігінің ресми деректерінде қаза тапқандар саны 3 117 адам деп көрсетілген.

HRANA құқық қорғау ұйымы негізінен наразылықтарға қатысқан 6 713 адам қаза тапқанын растайтын деректер бар екенін мәлімдеді. Өзге құқық қорғау ұйымдары мен бұқаралық ақпарат құралдары қаза тапқандар саны жөнінде өзге мәліметтер келтіреді, алайда бұл деректер өзге ақпарат көздерінен тәуелсіз түрде расталмаған.

CNN телеарнасы Ақ үйдегі дереккөздеріне сүйеніп, Трамп әкімшілігі Иран аумағындағы нысандарға ауқымды әуе шабуылын жасау мүмкіндігін қарастырып жатыр деп хабарлады. CNN мәліметінше, шабуылға ұшырауы ықтимал нысаналар қатарына наразыларды өлтіруге жауапты Иран басшылығы өкілдері мен қауіпсіздік күштері жетекшілері, ядролық бағдарламаға қатысты материалдар өндірілетін және сақталатын нысандар, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер ілінуі мүмкін.

Трамптың Иранның ядролық бағдарламасына қайта назар аударуына Тегеран былтырғы шабуылдар кезінде қираған уран байыту нысандарын қалпына келтіруге талпынып жатыр деген америкалық барлау деректері себеп болған болуы мүмкін. Сондай-қа Иран билігінің Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) инспекторларын өзінің ядролық нысандарына кіргізбей қойғаны секем тудырып отыр.

Сәрсенбі күні Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Иран қарулы күштері елге қарсы "кез келген басқыншылыққа" "дереу әрі қуатты жауап" беруге дайын деп мәлімдеді. Америкалық сарапшылар Иран АҚШ-тың аймақтағы әскери базаларына және оның өңірдегі одақтастарының, соның ішінде ең алдымен Израильдің аумағына шабуыл жасауға мүмкіндік беретін елеулі зымыран әлеуетіне ие болып отыр дейді.

XS
SM
MD
LG