Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи желтоқсан соңында басталған жаппай наразылыққа алғаш рет реакция білдіріп, "тәртіпсіздікке қатысушыларға" қатаң шара қолдануға шақырды.
Сенбі күні телеарнадан сөйлеген Хаменеи, елдің өзге де билік өкілдері тәрізді, ұлттық валютаның құлдырауына байланысты саудагерлердің алаңдауына негіз бар екенін айтты. Алайда мұндай наразылық Иранның сыртқы қарсыластары пайдаланып кететін "саяси дүрдараздыққа" айналмауы керек деді.
Хаменеидің мәлімдемесінен бір күн бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп наразыларды қолдайтынын айтқан. Трамптың мәлімдемесіне орай Иранның өкілдері БҰҰ-на қайырылып, "заңсыз қоқан-лоқы" мен елдің ішкі мәселесіне араласуды айыптауды сұрады. Олар сонымен бірге аймақтағы Американың әскери базаларына соққы жасайтынын айтып, сес көрсетті.
Иранда наразылық 28 желтоқсанда – елдің ұлттық валютасы риал күрт құлдырап, инфляция шарықтаған шақта басталған. Ізінше наразыларға студенттер мен өзге де топтар қосылды. Хаменеиге қарсы ұрандар да айтыла бастады. Тегеран мен өзге қалаларда полиция мен шерушілер қақтығысып қалды.
Шамамен бір аптаға созылған наразылық кезінде 9 адам қаза болды, 44 адам ұсталды деп хабарлады Фарда радиосы. Үкімет те, халықаралық құқық қорғау ұйымдары да шерушілердің қаза болғанын, ондаған адамның жараланғанын хабарлады.
Иран билігі адам өліміне "бүлікшілерді" кінәлады. Трамп жуырда Иран билігі "наразыларды басып-жаншып жатқанын" айтып, АҚШ "оларға көмекке келеді" деп айтқан еді.
Фарда радиосына берген түсініктемесінде АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі наразылық "Иран халқының үкіметке деген орынды ашуын көрсетеді" деді.
Мәлімдемеде сонымен бірге Иран режимі "әлемдегі терроризмге дем беріп, жақсы өмірге лайық Иран халқын қанап, Иранның байлығын шашып-төгіп жатыр" деп жазылған.
"Режимге барынша көп қысым жасап жатырмыз" деді АҚШ мемлекеттік департаменті өкілдері.
Бақылаушылар қазіргі наразылықты 2022 жылғы Махсы Әминидің қазасынан кейін тұтанған наразылықтардан бергі ең ірі толқу ретінде сипаттап отыр. "Хиджабты дұрыс кимегені үшін" ұсталған Махсы Әмини полицияда жұмбақ жағдайда қаза болған. Оның қазасынан кейін Иранның қалаларында жаппай наразылық акциялары өтті.