Accessibility links

Ресей пана іздеген гейлерді қалай қарсы алды?


Төбесінде Ресей туы ілінген Эрмитаждың алдындағы крестке таңылған Иса пайғамбардың мүсініне байланған ЛГБТ белгісі – түрлі-түсті таспа.

Соңғы жылдары Ресейде гомофобия өршіп кеткендіктен, жыныстық азшылық өкілдері бұл елден көп кетіп жатқаны мәлім. Ал, шетелдіктердің шағын бөлігі керісінше, Ресейден пана іздеп жүр.

Шілденің ортасында ВИЧ дертіне шалдыққан шетелдік азамат Мәскеудегі иммиграция орталығына келіп, Ресейден бассауға сұраған. Оның Отаны – Өзбекстанда өзара жыныстық қатынасқа барған ерлер үш жылға дейін түрмеге қамалады, ал Ресейде мұндай әрекет қылмысқа жатпайды.

Адвокаты екеуі иммиграция орталығы қызметкерімен сөйлескенде, ол "мұндай адамдарды" жақтырмайтынын ашық айтқан.

Азаттық радиосының қолына түскен аудиотаспада Ресей Ішкі істер министрлігі Миграция мәселелері жөніндегі бас басқармасының қызметкері: "Егер менің құзырыма берілсе, бұлардың барлығын қабырғаға қаратып тұрғызар едім", – дейді.

Әңгіме арасында өзінің Өзбекстан тумасы екенін айтып қалған қызметкер өтініш берушінің ана тіліне ауысып, жігіттің жыныстық ориентациясын құптамайтынын айтады.

"Әкеңді құдай атсын. Ей, ит, түсіндің бе мені?" – дейді ол өзбекше.

Өтініш берушінің адвокаты осы үнтаспаны айғақ ете отырып, гей жігіттің атынан Ішкі істер министрлігіне шағым түсірді. Бұл елде мұндай құбылыс сирек болады.

2013 жылы Ресей президенті Владимир Путин жастарға "дәстүрлі емес сексуалдық қарым-қатынасты" насихаттауға тыйым салу туралы заңға қол қойғалы ресейлік ЛГБТ-лар арасында шетелден сауға іздеушілер саны күрт артқан.

Біржыныстылар арасындағы қатынасты бұдан да қатты шектейтін елдерден Ресейге қашып жатқандар онша көп емес дейді ресейлік белсенділер.

Дегенмен, Ресей футболдан әлем чемпионатын өткізген биылғы жазда мұндай өтініш берушілер саны көбейген. Бұған себеп – шетелдік гейлер футбол ойындарына билет алып келіп, содан соң осында қалып, пана сұрауды ұйғарған дейді Мәскеудегі босқындар мен мәжбүрлі мигранттарға көмек көрсетумен айналысатын "Азаматтық көмек комитеті" ұйымының кеңесшісі Варвара Третьяк.

Ресейге қашқандардың көбі адвокат іс қозғап жатқан өзбек жігіт сияқты Орталық Азияның мұсылманы басым елдерінен келген. Бұл елдерде олар сексуалдық ориентациясына бола қысым көріп, қылмыстық жауапқа тартылады.

Жақын шетелден шыққандардың Ресей туралы хабары болса, Африкадан келгендер бұл елдегі ЛГБТ құқықтарынан мүлде бейхабар дейді Третьяк. Батыстың ресми өкілдері соңғы жылдары Мәскеуді дискриминацияны күшейтіп, сексуалды азшылыққа қарсы зорлық-зомбылықтың артуына ықпал етті деп айыптап келеді.

"Олар Ресейде дәл Еуропадағыдай деп ойлайды, қауіпсіз жер таптық деп үміттенеді. Содан кейін пана сұрап өтініш бергенде ресми қызметкерлердің құқайына ұшырап, жаушыл гомофобияға тап болады", – деді Третьяк телефонмен берген сұхбатында.

Мәскеудің орталығында акцияға шыққан ЛГБТ өкіліне шабуылдаған адамдар. Мамыр, 2015 жыл.
Мәскеудің орталығында акцияға шыққан ЛГБТ өкіліне шабуылдаған адамдар. Мамыр, 2015 жыл.

Путиннен бастап Ресейдің барлық ресми тұлғалары сексуалдық азшылық өкілдері ешқандай кемсітуге ұшырап отырған жоқ дейді. Олардың айтуынша, 2013 жылғы "гейлерді насихаттауға тыйым салу" заңы – балаларды қорғау әрекеті ғана.

Полиция өкілі "ит" деп кемсіткен өзбек жігітін қорғап жүрген "Стимул" ЛГБТ ұйымының заңгері Антон Рыжов әріптестерімен бірге Ішкі істер министрінің атына шағым түсіруді ұйғарған. Олар осы арқылы бассауға сұраушылар мен босқындарды тексеретін "керітартпа" жүйені өзгертуді қалайды.

"Біз мұны жай қалдырмай, қазбалай түсейік деп шештік, өйтпесе бұл біз әкелген адамдардың бәрінің басында қайталанады", – деді Рыжов.

Ол өзбек жігітпен қоса Түркіменстан, Нигерия және Камеруннан келіп, босқын мәртебесін сұрап отырған гейлердің атынан жазған шағымын осы аптада поштамен министрлікке жіберген.

Азаттық радиосының қолына тиген шағымның көшірмесіне қарағанда, оны жазғандар иммиграция орталығы қызметкерлерін бастапқы өтініш беру барысында босқындар мен бассауға сұраушылардан гей екенін дәлелдеуді талап етеді деп сынаған.

"СТАЛИННІҢ КЕЗІНДЕ БӘРІ ЖАҚСЫ ЕДІ"

Өтініш беруші ЛГБТ өкілдерінен сексуалдық ориентациясының дәлелін сұрайтын – жалғыз Ресей емес. Дегенмен, Вашингтондағы Immigration Equality ұйымының өкілі Джеки Иодашкиннің айтуынша, АҚШ та арызданушылар осындай дәлелді талап етеді.

"ЛГБТ болу қауіпті, не тіпті қылмыс саналатын елдерде мұндай "дәлел" табу өте қиын, себебі олар өліп қалмау үшін томаға-тұйық өмір сүруге мәжбүр болады", – деп жауап берді Иодашкин Азаттыққа жазған электронды хатында.

Ал Рыжовтың айтуынша, мұндай дәлелді бассауға беру процесінің соңғы кезеңінде сұраса керек, себебі Ресей заңдары кез келген адамның бассауға не босқын мәртебесін сұрауына рұқсат береді.

"Басшылар [өтінішті] қабылдауға міндетті. Бірақ олар тіпті мұны да істей алмайды", – деді ол.

Рыжов шағымында клиенттерінің "кемсітілгені және дискриминациялағаны" туралы да жазған. Шағымда иммиграция қызметкерінің өзбек жігітке қарата айтқан басқа сөздері де дәлел ретінде келтірілген. Мәселен, ол ВИЧ жұқтырғандарды "СПИД-бала" деп атап, "бұл ауруды жазатын дәріні шығарғандары дұрыс болмады" деген пікір айтқан.

Аудиотаспада қызметкер: "Елдің бетіне таңба" дегенді де айтып қалады.

Өтініш беруші Ресейде ұнатқан адамымен бас қосқысы келетінін айтқанда, қызметкер оған "бақытыңды Өзбекстаннан іздесең қайтеді?" дегендей пікір айтады.

Рыжовтың клиенті Өзбекстанда гомосексуалдық қарым-қатынастың қылмыс болып саналатынын айтқанда, иммиграция қызметкері Сталин заманы қайтып келіп, ерлер арасындағы мұндай қарым-қатынасты қылмыс деп жазаласа дегендей пікір айтады.

"Сталиннің кезінде бәрі жақсы еді ғой", – дейді ол.

Ресей Ішкі істер министрлігі иммиграция қызметкерінің аудиотаспасына және Рыжовтың арызына қатысты сауалдарымызға жауап берген жоқ.

"МҰНДА КАМЕРУНДАҒЫДАЙ ҚИЫН ЕМЕС"

Былтыр босқын мәртебесін алуға өтініш беруді ұйғарғанда Ресейдегі ЛГБТ құқықтарының нашарлауы туралы пікірлерді естімегенмін дейді камерундық Тьерри есімді жігіт.

"[2013 жылғы "гей пропаганда" заңы] туралы ештеңе естімеппін. Мұны Ресейге келген соң бір-ақ білдім", – деді ол телефонмен берген сұхбатында.

Фамилиясын жазбауды сұраған Тьерри Камерунда көңілдесі екеуінің қатты қысымға ұшырағанын айтқан. Олардың гей екенін білген жұрт ұрып-соғып, кекетіп-мұқатып, күн көрсетпеген. Тіпті оны әкесі де, басқа туыстары да соғыпты.

"Анам маған "елден кетіп қал" деп қолдау білдірді", – дейді ол.

Камерунда өзара қатынасқа түскен бір жынысты адамдар бес жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Тьерри төрт жыл бойы өз елінен кетуге әрекет жасап, тек осы жылдың басында ғана Ресейге келген.

Гейлерге қарсылар Мәскеудің орталығында акцияға шыққан ЛГБТ өкілдерінің туын тартып алуға әрекет жасап жатыр. 2015 жыл.
Гейлерге қарсылар Мәскеудің орталығында акцияға шыққан ЛГБТ өкілдерінің туын тартып алуға әрекет жасап жатыр. 2015 жыл.

Ол алдымен Мароккоға барып, кемемен Испанияға өтіп кетпек болған, кеме аударылып, оны әлдекімдер құтқарып алған. Сонда Мароккодағы танысы оған Ресейге кет деп кеңес беріпті.

"Ол виза үшін шақыру жіберетін адамды таниды екен. Сол көмектесіп, құдай оңдап, виза алдым. Визаны алғаш алғанымда ұшаққа билет алуға ақшам болмай, визаның уақыты өтіп кетті. Содан кейін екінші рет виза алдым. Ресейге осылай келдім. Мұнда жүргеніме 3-4 ай болды", – дейді Тьерри.

"Камерунда ЛГБТ жандарға орын жоқ, бізге кедергі өте көп, кейде тіпті өлтіреміз деп қорқытады. Камеруннан гөрі Ресейде өзімді қауіпсіз сезінемін", – деді Тьерри.

ОПТИМИЗМГЕ НЕГІЗ БАР МА?

ЛГБТ үміткерлердің Ресейден бассауға не босқын мәртебесін алуы өте қиын. 2017 жылы бұл ел ресми түрде 598 босқынды қабылдаған. Бұл – 2008 жылдан бергі ең төмен көрсеткіш.

2017 жылы уақытша бассауға алған 228 392 адамның 99 пайызға жуығы – Украинадан келгендер. Ресей қолдаған сепаратистер мен Украина күштерінің арасында 2014 жылғы сәуірден бері жүріп жатқан соғыста 10 300-ге жуық адам опат болған.

"Азаматтық көмек комитетінің" өкілі Третьяктың айтуынша, "өз елімде сексуалдық ориентацияма бола қысым көріп жатырмын" деп келген өтініш берушілердің арасында босқын мәртебесін алған не уақытша болса да бассауға алған адам ешқашан болмаған".

Осы топ ісін жүргізіп жатқан алты ЛГБТ өкілінің ісіне қатысты ол: "Бұл азаматтарға босқын мәртебесін бермеу үшін иммиграция қызметкерлері бұл жолы не айтады екен, сол қызық болып тұр" дейді.

Бірақ өтініш берушілерді үміттендіретін де пікір жоқ емес.

БҰҰ Босқындар жөніндегі жоғары комиссариатының Ресейдегі өкілі Анастасия Солтановскаяның айтуынша, министрлік статистикасында Ресейде босқын мәртебесін алып жатқандардың саны өте аз деп көрсетілгенімен, "уақытша бассауға алған ЛГБТ өкілдері болған".

(Карл Шректің мақаласы ағылшыннан аударылды. Материалды әзірлеуге Гүлназ Есфандияри, Мерхат Шәріпжанов және Сирожиддин Толибов қатысты.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG