Қырғызстан миграциялық қызметінің өкілдері Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымының Орталық Азия бойынша өкілі әрі ұйымның Бішкектегі кеңсесінің жетекшісі Мира Ритманды елге кіргізбей қойды. Бұл туралы ақпаратты HRW ресми сайтында жариялады. Стамбулдан ұшақпен барған құқық қорғаушыны қырғыз билігі кері рейспен Бішкектен қайтарған. HRW Ритманды Қырғызстанға кіргізбей қоюға негіз жоқ деп санайды.
– Әуежайға келгенімде маған елге кіруге болмайтыным туралы актіні көрсетті. Онда мені «нон-грата тұлға» деп атаған. Тағы бір актіде Қырғызстанның миграция туралы заң талабын бұзғаным жазылған, - деді Мира Ритман Азаттыққа.
Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұрлан Сүйөркулов Ритманды «миграциялық заң ережелерін бұзғаны» үшін билік орындары елге кіргізуден бас тартқанын айтады.
– Мира Ритманды «нон-грата тұлға» деп айтуға болмайды. Ондай [шара] саясаткер және дипломаттарға қатысты қолданылады. Human Rights Watch ұйымының өкілі миграциялық заңды бұзғаны үшін кіргізілген жоқ, - деген ол баспасөз хатшысы Азаттықтың Қырғыз редакциясына.
Бірақ ол «халықаралық ұйым өкілі енді қанша уақыт бойы Қырғызстанға кіре алмайды» деген сауалға жауап бермеген.
Ритман HRW қазір қырғыз үкіметіне өзін елге кіргізуден не себепті бас тартқанына жауап алуға тырысып жатқанын айтады.
«Біз Қырғызстанға кіруге тыйым салуды ұйымның адам құқығын қорғау ісіне кедергі келтіру деп санаймыз» деді Ритман. Ол АҚШ азаматы ретінде өзіне Қырғызстанға кіруге туристік виза қажет емес екенін айтады. Ритманның сөзінше, бұған дейін ол іскерлік мақсаттағы визаны Қырғызстанға келген соң аштырған.
«Ұйым өкілін Қырғызстанға кіргізуден бас тарту - бұрын болмаған, күтпеген және алаңдатарлық белгі. Республика билігі тыйымды дереу алып, Ритманның Бішкекке оралып, ешқандай қысымсыз жұмысын жалғастыруына мүмкіндік беруі тиіс» деп мәлімдеді HRW ұйымның атқарушы директоры Кеннет Рот.
HRW мәлімдемесінде бұл жолғы бас тарту Мира Ритманның Қырғызстанда жұмыс істеуіне жасалған алғашқы кедергі емесін айтады. 2015 жылдың маусымында қырғыз билігі Ритманға жұмыс істеуге рұқсат беру мерзімін ұзартудан бас тартқан. Ол кезде Қырғызстан мемлекеттік ұлттық комитеті Ритманға «қайтадан рұқсат берудің қажеті жоқ» деп ұйғарған.
Мира Ритман Орталық Азияда он жылдан бері тұрып келе жатқанын, ұйым кеңсесі Бішкекте 2012 жылдың қаңтарынан бері жұмыс істейтінін айтады.
Ритманның сөзінше, ұйым Қырғызстандағы адам құқығы жағдайының жай-күйін, үкіметтің халықаралық адам құқығы туралы заңдарды қаншалықты орындайтынын бақылайды. HRW Қырғызстандағы 2010 жылы болған этникалық жанжалды, азаптау оқиғаларын зерттеу жұмыстарымен айналысады.
HRW ұйымының Қырғызстандағы өкілдігі соңғы кезде елде қабылданып жатқан «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заң жобасына назар аударған. Заңға ұсынылған өзгерістерде шетелден қаржыландырылатын үкіметтік емес ұйымдарға «шетел агенті» мәртебесін беру қарастырылған.
Мира Ритманның «шетел агенті» жайлы пікірі
Құжатты дайындаушылар заң «ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, азаматтық сектор қызметін ашық қылады» дейді.
Ал жергілікті және халықаралық құқық қорғау ұйымдары заң жобасы Ресейдегі осыған ұқсас заңнан түгелдей көшіріліп алынған және ол «жағымсыз ұйымдарды» тұқыртуға бағытталған деп санайды.