Accessibility links

Венгрия үкіметі мемлекеттік облигациялар сатып алғаны үшін елде тұрақты тұруға рұқсат беретін ықтияр хат беру бағдарламасын сәуірден бастап жапты. Бағдарлама іске қосылғаннан бергі төрт жыл ішінде 16 мыңға жуық шетелдік (көбі - қытайлар мен ресейліктер) Еуропа Одағының осы еліне көшуге мүмкіндік алды, бұл үшін тіпті Венгрия территориясында болудың да қажеті болмаған.

Transparency International ұйымының арнайы есебінде өзге елдерде де бар практиканың Венгрияда өзіндік ерекшелігі болғаны, яғни иммигранттардың құжаттарын ресімдеумен үкіметтік комиссия іріктеген әрі төрт жыл ішінде 300 миллион еуро пайда тапқан делдал фирмалар айналысқаны айтылған.

Бағдарламаны Венгрияның экономикасы өсіп, елдегі инвестициялық климат жақсарды (кейінгі жылы үш ірі халықаралық рейтинг агенттігі Венгрияның инвестициялық рейтингін көтерген болатын) деген уәжбен жапты. Бірақ мұның саяси себебі де болуы мүмкін, өйткені бағдарлама жұмыс істеген жылдары оппозиция оны талай рет сынаған. Ал «Йоббик» оңшыл радикалдар партиясының жетекшісі Габор Вона тіпті премьер-министр Виктор Орбанды бопсалауға тырысқан - былтыр қазанда ол облигация сатып алғаны үшін тұрақты тұруға рұқсат беретін бағдарламаны жапсаңдар, Орбан мен «Фидес» билік партиясы ұсынған Еуроодақтың мигранттарды бөлу квотасына тыйым салуға қатысты конституцияға түзету енгізуді қолдаймын деген шарт қойған болатын. Ол кезде екі жақ мәмілеге келмеген, бірақ осы жылдың басында үкімет бағдарламаны жабу мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеген.

Делдал фирмаларды парламенттің арнайы комиссиясы іріктеген.

Жуырдағы есебінде Transparency International ұйымы бағдарламаның шарттарын егжей-тегжейлі талдаған. Венгрияда тұрақты тұруға рұқсат алғысы келетін иммигранттар құнды қағаздарды парламенттің арнайы комиссиясы іріктеген бес делдал фирма арқылы (ресейлік клиенттермен Voldan Investments Limited компаниясы айналысқан) сатып алған.

Transparency International сарапшыларының пікірінше, компанияларға лицензия беру ісімен депутатардың айналысу фактісінің өзі күдік тудырады. Бұған қоса, есеп авторларының мәлімдеуінше, делдал фирмалардың біреуінен өзгесінің бәрі офшор аймақтарда тіркелген. Халықаралық құқық жөніндегі маман әрі баяндама авторларының бірі Болдижар Надь «егер мемлекет облигацияларды сатып алушыларды барынша көбірек тартуды көздесе, делдал фирмаларды да көбірек ашуы тиіс еді. Ал үкімет иммигранттар келетін әр аймаққа бір ғана фирмадан бекітіп, монополия орнатқан. Бұдан бөлек, әлгі делдал фирмаларды парламенттің арнайы комиссиясы бекіткен, бұл фирмаларды таңдау процесін бақылауға да, апелляция беруге де мүмкіндік бермейді» дейді.

Облигацияларды салыстырмалы түрде арзан баға – 300 мың еуроға сатып алатын кезде иммигранттар ақшаны құнды қағаздарды мемлекеттен 271 мың еуро дисконттық бағамен (жылдық 2 пайыз сыйақыны мемлекет алдын ала төлеген) сатып алып, ал бес жылдан кейін бағдарлама ережелеріне сәйкес 300 мыңды қайта төлеген делдал фирмаға берген, осылайша офшорлық фирмаға 29 мың евро түсіп отырған. Бұдан бөлек, делдал фирмалар әкімшілік жұмыс үшін әр клиенттен 45 мыңнан 60 мың еуроға дейін ақша алған. Transparency International есебінше, бағдарлама жұмыс істеген жылдары делдалдар 300 миллиондай табыс тапқан, оның 116 миллионы мемлекеттік бюджеттен түскен.

Займдардан болмашы, яғни елге қажет қаржының 1 пайызына да жетпейтін пайда түскен.

Болдижар Надьтың пікірінше, бұл Венгрия үшін тиімсіз мәміле болған, өйткені қаржылық тұрғыдан «әлгі займдардан болмашы, яғни елге қажет қаржының 1 пайызына да жетпейтін пайда түскен».

Үкіметтің бағдарламаның көмегімен Венгрияға инвестор тарту жоспары да іске аспаған. Венгрияның мемлекеттік облигацияларын сатып алушылардың 90 пайызын Қытай мен Вьетнамнан тартқан Hungarian State Special Debt делдал фирмасы басшысының сөзінше, Венгрияда қалуды жоспарлайтын клиенттер саны 5 пайызға да жетпейді.

Пәтер сатып алу Венгрияға көшуге баспаналық негіз ғана бола алады, бірақ себебі бола алмайды.

Мемлекеттік облигацияларды сатып алу бағдарламасы жабылғаннан кейін ақшасы бар иммигранттар Еуропа Одағында тіркелудің өзге жолдарын іздей бастайтыны анық. Олар Венгрияда ықтияр хат алу құқығын беретін компаниялар ашуға «кірісуі» мүмкін. Бірақ заңгерлер иммигранттарды нақты жағдайды боямалап көрсететін делдал фирмаларға алданып қалудан сақтандырады. Мысалы, заңгер әрі көші-қон мәселелері жөніндегі маман Альберт Пучоктың сөзінше, «Ресейден келген мигранттардың арасында Венгрияда пәтер сатып алсаң, ықтияр хатты автоматты түрде алуға болады» деген пікір тараған». Заңгердің айтуынша, бұл жарнама заң талаптары және практикамен үйлеспейді.

– Пәтер сатып алу Венгрияға көшуге баспаналық негіз ғана бола алады, бірақ себебі бола алмайды. Ал ықтияр хат алу үшін елге келу жұмыс, отбасына қосылу немесе бизнес сияқты себебі болуы қажет, - дейді ол.

Мария Лопаттоның мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG