Ішкі істер министрлігі 14 сарбаздың өмірін қиған Маңғыстаудағы апаттан кейін “желіде сыни пікір жазғандарға полиция хабарласты” деген ақпаратты жоққа шығарды.
“Ақпаратты растамаймыз. Полиция қызметкерлері қоңырау шалған жоқ. Күшейтілген тәртіпте қызметтерін атқарған ішкі істер қызметкерлері Маңғыстау облысында қоғам қауіпсіздігін тиісті дәрежеде қамтамасыз етті. Қазіргі кезде елде жағдай тұрақты” деді 30 қыркүйекте журналистердің сұрағына жауап берген ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов.
Каспий теңізіндегі апаттан 14 сарбаздың қазасынан соң желіде сыни пікір жазғандардың біразы "полиция хабарласқан соң пікірлерін өшіргенін" айтқан еді. Кейбірі полициямен болған диалогтың аудиосын да жариялады.
"Органнанмын" деп звондаған адамның көбі Алматы мен Астана қалалық полиция департаментінде істейтінін айтқан. Авторлар қысымнан қорқып, жазбасын өшірген.
Азаттық екі қаланың полиция департаменттерінен азаматтарға мұндай қоңыраулар жасалған-жасалмағанын және жазбаларды өшіруді талап ету цензура емес пе деп ресми сауал жолдады. Жауап бес жұмыс күні ішінде келуге тиіс.
Кейбір сарапшы мұндай әрекеттер билікке деген сенімді төмендетеді деп санайды.