Accessibility links

ІІМ журналистердің аккаунттарының бұғатталғаны жөнінде: хакерлік шабуыл емес

Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов
Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов

Қазақстандық журналистердің аккаунттары хакерлік шабуылдың салдарынан бұғатталған жоқ. 30 қыркүйекте журналистердің сұрақтарына жауап берген ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов осылай деп мәлімдеді.

Ақпарат құрал өкілдері Әділовтен тәуелсіз журналистер Лұқпан Ахмедияров («Just Journalism» арнасы), Асхат Ниязов («Обожаю» арнасы) және Назымгүл Күміспаеваның («Otkir Kurek» қоғамдық парақшасы) жазда аккаунттарының бұғатталуына қатысты ІІМ нені анықтай алды деп сұрады.

"Бізде сол жөнінде ақпарат болды. Соған қатысты процессуалды тексеріс жүргіздік. Бұл хакерлік шабуыл емес. Мұның әлеуметтік инженерия (адамның жеке деректерін қолға түсіру мақсатында оны алдау тәсілі - ред.) екенін түсінеміз. Бұл тұста уәкілетті құқық қорғау органдарымен де бірге процедуралық тексеріс жүргіздік" деді Әділов.

Вице-министр ішкі істер министрлігі егер аккаунтқа кіре алмау жағдайына қылмыскерлердің қатысы анықталса, қылмыстық іс қозғайтынын айтты.

"Бұғаттауға келетін болсақ, бұл мәдениет және ақпарат министрлігінің құзыреті. Қылмыстық құрамға келетін болсақ, кез келген қылмыстық құқық бұзушылық елеулі зиян келтірілген жағдайда сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестрінде тіркелуі қажет. Нақты жағдайда мәселелердің хакерлік шабуылға немесе киберқылмысқа қатысы жоқ" деді Әділов.

Журналистер мен медиа қауымдастық өкілдері кейінгі айларда әлеуметтік желідегі аккаунттарының бұғатталғанын, сонымен бірге материалдарының өшірілгенін хабарлаған. Ол жөнінде атап айтқанда, Лұқпан Ахмедияров, Асхат Ниязов, Назымгүл Күмыспаева, Respublika.kz.media бас редакторы Ирина Петрушова, КазТАГ журналистері мен редакторлары Алена Субботина, Дильназ Абдулбакиева және Лилия Галеева айтқан. Ізінше кейбірі аккаунттары қалпына келгенін хабарлады.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG