Қазақстандағы Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватында табиғатқа екінші Амур жолбарысы жіберілді. Амур атты еркек жолбарыс шілде айында осы резерватқа жіберілген Үміт атты ұрғашы жолбарысқа қосылады. Бұл туралы 2 қарашада Қазақстанның экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады.
Амур 31 қазанда табиғатқа жіберілді. Бұл – жыртқышты тарихи мекендеген жеріне қайта жерсіндіру бағдарламасы аясында табиғатқа қайтарылған екінші жолбарыс.
Босатылмас бұрын жолбарыс арнайы жабдықталған бейімдеу торында мамандардың бақылауында болды. Ветеринария тексерулерінен өтіп, мінез-құлқы сыналды. Мамандар оның денсаулық жағдайын, өз бетінше аң аулау қабілетін және адамға реакциясын бағалады. Сынақ нәтижелері бойынша Амур табиғи ортада өз бетінше өмір сүруге дайын деп танылды.
Жолбарыстың қозғалысын және ортаға бейімделуін бақылау үшін оған GPS-қарғыбау тағылды.
Министрлік мәліметі бойынша, 31 шілдеде табиғатқа жіберілген Үміт есімді ұрғашы жолбарыс резерват аумағын аралап, өз бетінше аң аулап жүр. Оның да жүріс-тұрысы GPS-қарғыбау арқылы бақыланып отыр. Жолбарыс қоршаған ортаға жақсы бейімделіп жатыр дейді министрлік.
Биыл мамырда Іле-Балқаш резерватына Ресейдің Хабаров өлкесінен төрт Амур жолбарысы: бір еркек, бір ұрғашы және 6-7 айлық екі шөнжік жеткізілген еді.
Екі шөнжік әзірге мамандар бақылауында. Олар тиісті жасқа жетіп, арнайы сынақтардан өткеннен кейін далаға жіберу бойынша шешім қабылданады.
Министрлік жолбарыстардың жүріс-тұрысын GPS-қарғыбау арқылы тұрақты бақылап отырмақ.
Ал жергілікті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы топ жұмыс істейді. Тиісті дайындықтан өткен мамандар жолбарысты адамдарға жақын келтірмей, үркітіп, қажет болған жағдайда оларды аулап ұстап, қауіп-қатерге жол бермеуге машықтанған.
Сонымен бірге, жолбарыс адам тұратын жерге бес шақырым жақындаған сәтте бірден іске қосылып, дабыл беретін арнайы жүйе жұмыс істейді деді экология министрлігі.
Ресейден әкелінген төрт Амур жолбарысынан бөлек, оның алдында Қазақстанға Нидерландыдан екі жолбарыс жеткізілген. Бірақ, ол екеуі хайуанаттар бағында өскендіктен, жабайы ортада өздігінен өмір сүре алмайды, сондықтан олар жолбарыс тұқымын көбейтуге пайдаланылатын болады деп хабарлады министрлік.
Министрлік өткен ғасырда Орталық Азияда толық жойылып кеткен Тұран жолбарысының орнына, араға 70 жылдан астам уақыт салып, жолбарыс популяциясын қайта қалпына келтіру мақсатын көздейтін ауқымды халықаралық жоба жүзеге асырылып жатқанын айтады.
Жолбарыстарды қайтарар алдында олардың табиғи мекендеу ортасын және қоректену базасы қалпына келтірілді. 2018 жылы өңірде Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Мұнда жабайы тұяқты жануарлар, соның ішінде бұғы мен құлан жерсіндіріліп жатыр. 2026 жылдың қыркүйегінде бұл жерге "Алтынемел" ұлттық паркінен 30 құлан көшірілді.
Қайта жерсіндіру бағдарламасын халықаралық табиғатты қорғау ұйымдарының қатысуымен Қазақстан мен Ресей бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Оның мақсаты — Іле өзенінің атырауы мен Оңтүстік Балқаш маңында табиғи ортада өз бетінше көбейе алатын жолбарыстың тұрақты популяциясын қалыптастыру.