Американың екі әскери қызметкері 17 шілдеде Иорданияда Иранның баллистикалық ракетасы мен дрондарына тойтарыс беру кезінде қаза болды. Бір әскери қызметкер із-түзсіз жоғалған, тағы төрт адам жараланған. Бірнеше адам жеңіл жарақаттанған.
18 шілдеде АҚШ қарулы күштерінің орталық қолбасшылығы (CENTCOM) осылай деп хабарлады. Қаза болғандардың аты-жөні әзірге белгісіз.
Ақпан айының соңында басталған Иранмен соғыста қаза болған америкалықтардың саны 16-ға жетті. Шілденің басында тікұшақ апатынан бір америкалық ұшқыш қаза болған. Тағы 13 адам наурыздағы соққы кезінде опат болған.
АҚШ президенті Дональд Трамп әскерилер “өз еліне қызмет ету кезінде опат болды” деп мәлімдеп, Иранға қарсы әскери қимылдың мақсаты оның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермеу. Ол сонымен бірге Ауғанстан мен Вьетнамдағы соғыста Америка күштерінің шығыны әлдеқайда көп болғанын айтты.
19 шілдеге қараған түні Америка әскері Иранға қатарынан сегізінші түн – тағы соққы жасады.
АҚШ қарулы күштерінің орталық қолбасшылығының мәлімдеуінше, соққының мақсаты Иранның Ормуз бұғазындағы кеме қатынасына әсер ету ықпалын азайту, сонымен бірге Иран ислам революциясы сақшылар корпусын америкалық сарбаздарды өлтіргені үшін жазалау.
Сенбі күні Иран ислам революциясы сақшылар корпусы Әли Әл-Сәлем базасындағы радиолокациялық станцияға соққы жасап, жойғанын хабарлаған. Бұған қоса, Америка әскерінің Кувейттегі қолдау орталығына шабуылдағанын айтқан. Кувейттің мұнай корпорациясы "ирандық шабуылдың салдарынан" нысандардың біріне айтарлықтай зақым келгенін хабарлады.
Бахрейннің әуе қорғаныс жүйесі жексенбі күні Иранның шабуылына тойтарыс берді деп хабарлады мемлекеттік арна. Құрбандар мен қираған нысандар туралы хабар түспеді. Иран Кувейт пен Бахрейнге тағы шабуыл жасағанын мәлімдеген жоқ.
Бұған дейін Тегеран АҚШ Иранның нысандарын соққылай берсе, “ауқымды операцияны” жандандыратынын ескерткен еді.