Иранда кейінгі 36 жылда алғаш рет жаңа жоғарғы рухани көсем пайда болмақ.
1989 жылы Иран Ислам Республикасының негізін қалаған аятолла Рухолла Хомейни қайтыс болып, оның орнына аятолла Әли Хаменеи келген еді.
Хомейни өз өлімімен көз жұмса, Хаменеи АҚШ пен Израиль 28 ақпан күні Иранға соққы жасаған кезде қаза тапты. Енді 88 адамнан тұратын Сарапшылар кеңесі жаңа басшыны таңдауы қажет.
Вашингтондағы Таяу Шығыс институты Иран бағдарламасының директоры Алекс Ватанка Азаттық радиосына берген сұхбатында жаңа басшы Ирандағы режимнің саяси мақсатына қарай таңдалатынын айтады.
Оның сөзінше, Сарапшылар кеңесі – дербес күш-қуаты жоқ құрылым, сол себепті жаңа басшыны таңдауға бұл құрылымның ерік-жігері емес, қалыптасқан жағдай көбірек ықпал етеді.
Кейінгі жылдары жоғарғы көсемнің ықтимал ізбасары ретінде түрлі адамның аты аталған. Бірақ дәл қазір солардың ішінен үш негізгі кандидат ерекшеленіп отыр.
МҰЖТАБА ХАМЕНЕИ: ДИНАСТИЯ ТАҢДАУЫ
Қаза тапқан көсемнің екінші ұлы, 56 жастағы Мұжтаба Хаменеи ұзақ уақыт бойы "қақпаның сақшысы" ретінде сипатталып келген.
Үкімет құрамында формалды ғана қызмет атқарған кіші Хаменеи әкесінің кеңсесінде 20 жыл уақыт өткізді. Ол көбіне діни элита мен Ислам революциясы сақшылары корпусының арасында үйлестіруші болды.
Ол сақшылар корпусының қолдауына ие адам саналады. Сол себепті таңдау кіші Хаменеиге түссе, бұл қазіргі саясаттың жалғасатынын білдіреді. Жақтаушылардың сөзінше, қауіпсіздік күштерімен жақындығы оны соғыс жағдайында тәртіпті ұстап тұратын жалғыз кандидат етеді.
Алайда оны бұл қызметке қоятын болса, ішкі наразылық күшеюі ықтимал. Бұған әсіресе Ислам республикасының қолдаушылары разы бола қоймас. Олардың айтуынша, биліктің әкеден балаға берілуі 1979 жылғы Ислам революциясының анти-монархиялық бастауына сатқындық болмақ.
"Биліктің әкеден балаға мұраға қалғаны монархияны еске салады" деді 2024 жылы Женева жоғары мектебінің аға зерттеушісі Фарзан Сабет Азаттық радиосына берген сұхбатында.
Сол жылы Сарапшылар кеңесінің бір мүшесі осы жөнінде пікір білдіріп, үлкен Хаменеи ұлының ізбасар ретінде қаралғанына қарсы шықты деген.
Оның діни атағының деңгейі де дау тудырып отыр. Кіші Хаменеидің діни дәрежесі – қожатолислам (hojatoleslam). Бұл – шиизм исламындағы орта деңгейлі атақ. Сыншылар бұл деңгей ел басқаруға жетпейді дейді. Алайда Иран семинариясына жақын ақпарат агенттігі 2022 жылдан бері оны аятолла деп атап келеді. Ал бұл – өте жоғары деңгейдегі діни тұлғаға берілетін атақ.
Қаңтардың аяғында жарияланған Bloomberg зерттеуінде кіші Хаменеиге қатысы бар деген құпия мүліктер тізбегі әшкере болған. Кіші Хаменеидің өзі 2019 жылдан бері АҚШ санкция тізімінде.
Кіші Хаменеи туралы журналистік зерттеулер оның делдал компаниялар мен адамдар арқылы бүкіл әлем бойынша қымбат активтерді жиып жатқанын көрсеткен.
ӘЛИРЕЗА АРАФИ: ҚАУІПСІЗ ТАҢДАУ
67 жастағы аятолла Әлиреза Арафи "жүйенің адамы саналады". Қазір үш адамнан тұратын уақытша басшылыққа кіретін Арафи қызметтік сатының әрбір кезеңінен өткен. Бастапқыда Әл-Мұстафа университетінің басшысы болған ол бірте-бірте көтеріліп, Иранның семинария жүйесіне жетекші болды.
Ол үлкен саясатқа 2019 жылы аяқ басты. Сол жылы Хаменеи оны Конституция сақшылары кеңесінің алты діни мүшесінің бірі етіп тағайындады.
Арафи – институционалдық билік үшін қауіпсіз таңдау. Діни атағы жоғары, билікке адал қызмет етіп келеді және наразылықты қатыгездікпен жаншуға қатысы бар адам деп саналмайды.
Ватанка Арафидің өскені кездейсоқтық емес екенін айтады. Оның сөзінше, Хаменеи Арафиді ірі қызметтерге қоюға құлықты болғаны "оның бюрократиялық біліктілігіне сенгенін білдіреді".
Сарапшы оны Ислам республикасының аман қалуын жеке харизмасынан жоғары қоя алатын "қабілетті сарбаз" деп сипаттайды.
Ватанканың айтуынша, сот жүйесінің басшысы Голам-Хоссейн Мохсени-Эжеи сияқты "қолында тым көп қан бар" адамдарға қарағанда Арафи беделі таза бюрократ. Сақшылар корпусы қалыптасқан жағдайды сақтау үшін таңдауы ықтимал.
Алайда Арафи діни ортада танымал болғанымен, Ирандағы қара халық оны жақсы тани бермейді. Оның жеке тұлғасына деген қолдау әлсіз, сол себепті Ислам революциясы сақшылары корпусы оған толықтай адалдық таныта қоймауы мүмкін.
ХАССАН ХОМЕЙНИ: РЕФОРМАШЫЛ КАНДИДАТ
Иран Ислам Республикасының бірінші басшысы – аятоллы Рухолла Хомейнидің немересі, 56 жастағы Хассан Хомейни реформашылар лагеріне жақын ұстамды діни тұлға. Қатаң саясат ұстанатын күштер оны биліктен шеттетіп келген.
Бірақ АҚШ президенті Дональд Трамп Иран басшысы ретінде "ұстамдырақ" адамды көргісі келетінін айтқан соң, ізбасарлыққа кандидат ретінде Хассан Хомейнидің де аты атала бастады. Ол қос тарапқа да қолайлы кандидат болуы мүмкін.
Легитимдігі әлсіре, халықаралық оқшауға ұшыраған діни жүйе үшін Хомейни жаңа бағыттың жаршысы болуы мүмкін. Реформашыл кандидат саналатын Хомейни әлеуметтік еркіндік пен дипломатиялық де-эскалацияны жақтап көзге түскен.
Бірақ қатаң саясат ұстанатындар оны жақтыра қоймайды. 2022 жылғы бір жиында ол сөз сөйлегенде наразылық айқайы күшті болғаны соншалық, мінберге содан кейін шыққан Хаменеи тыңдаушыларды тыйып, олардың бұл қылығын айыптады.
Хассан Хомейни 2016 жылы Сарапшылар кеңесіне мүше болуға кандидат ретінде қарастырылғанда сақшылар корпусы оны тізімнен алып тастаған. Демек, сақшылар корпусы кіші Хомейниді таңдауы үшін олар тым шарасыз күйге түсуі қажет. Яғни оны революцияға жол бермеудің жалғыз жолы деп көргенде ғана басшы қызметіне сайлайды.
БИЛІКТІҢ ҚАЗІРГІ АМАЛЫ ҚАНДАЙ?
Ватанканың айтуынша, Иранның шабуылға ұшырауы, халықтың кедейленуі және экономиканың қатты әлсіреуі өте қатаң ұстанымдағы идеологты да прагматизмге итермелейді.
"Қазір бәсті күшейтетін сәт емес" дейді Ватанка. "Қазір соғысты аяқтап, қайта топтасып, қолда барды сақтап қалуға ұмтылатын сәт".