АҚШ пен Израиль шабуылы басталғалы бері Иранда 1,3 мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза болды. Бұл жөнінде Иранның БҰҰ-дағы өкілі Әмір Саид Иравани мәлімдеді. Оның сөзінен Қытайдың мемлекеттік "Синьхуа" ақпарат агенттігі үзінді келтіреді.
"Бұған қоса, [АҚШ пен Израильдің соққысы салдарынан] 9669 азаматтық нысан қирады: 7943-і – тұрғын үй, 1617 коммерциялық және сервис орталығы, 32 медициналық мекеме, 65 мектеп пен білім мекемесі, Қызыл крестің 13 ғимараты мен энергиямен жабдықтайтын бірнеше нысан [қирады]" деді Иравани.
Иран денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, қақтығыс басталғалы бері шамамен 15 мың адам жараланған: 12,5 мыңы емделіп, ауруханадан шығарылған, 1,7 мың адам әлі ауруханада.
Соғыс жағдайында ақпаратты тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.
- АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы 28 ақпанда басталды. Соққылар нәтижесінде жоғарғы көшбасшы аятолла Әли Хаменеи өлтіріліп, елдің әскери және ядролық қондырғылары қиратылған.
- Иран қарымта қайтарып, Вашингтон одақтастарының инфрақұрылымы мен базаларына соққы жасап жатыр.
- БҰҰ-ның 6 наурыз күнгі мәліметінше, Америка және Израильдің Иранға соққысы салдарынан 1 мыңнан астам адам өлген, жүзден астам азаматтық нысан бүлінген.