Accessibility links

Иран билігі интернетті қайта қосты, бірақ халық тойлатуға асығар емес

Тегеранда тұратын ирандық ер азамат интернет ашылды деп хабарланған соң телефонына қарап отыр. 27 мамыр 2026 жыл.
Тегеранда тұратын ирандық ер азамат интернет ашылды деп хабарланған соң телефонына қарап отыр. 27 мамыр 2026 жыл.

Ирандағы миллиондаған халық 88 күн бойы цифрлық қараңғылықта күн кешті. АҚШ пен Израиль Тегеранға қарсы соғыс бастағанда билік интернетті бүкіл ел аумағында өшірген еді. Шара үш айға ұласып, әлемдегі ең ұзақ бұғаттардың біріне айналды.

Енді байланыс қайта іске қосылып отыр. Бірақ соғысқа дейінгі ауыр шектеулер сол күйі қалған. Осы себепті көптеген ирандық интернеттің қосылғанынан елеулі жұбаныш таба алмады.

Дей тұрғанмен, 90 млн халқы бар Иранның цифрлық оқшаудан шыққаны кей тұрғындардың тынысын жеңілдеткендей болды.

"Ақпаратқа, тіпті денсаулықты күтуге және емделуге деген құқық шектеліп, ұжымдық қорлауға тап болдық. Мұның бәрі адамның басты құқықтары еді. Соның бәрін тартып алды" деді Вида есімді азамат Азаттықтың Фарда радиосына. Ол жеке басының қауіпсіздігі үшін тек қана атын айтып, тегін жасырды.

"[Интернеттің] шектелгені сонша тіпті электронды пошта да ашылмай қалды. Ираннан тысқары жердегі адамдармен хабар алмасу мүмкін болмады" дейді Вида. "[Сыртқы әлем] соғыс жағдайында мұнда не болып жатқанын мүлде білмеді".

"ТУЫСТАРЫММЕН СӨЙЛЕСЕ АЛМАЙМЫН"

25 мамыр күні Иран президенті Масуд Пезешкиан Байланыс министріне интернетті қалпына келтіру жөнінде бұйрық берді.

Бұғат қаңтардың басында елде билікке қарсы жаппай наразылық жүрген кезде басталған. Алайда айдың аяғында байланыс жартылай іске қосылған.

Ал 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранды бомбалай бастағанда интернет толықтай өшірілді.

Интернетті бақылап отыратын платформалар 26 мамыр күні байланыс ішінара қайта қосылғанын мәлімдеді. Алайда интернет қаншалық еркін істеп тұр деген мәселеде олардың есебі әртүрлі болып шықты.

Netblocks платформасы Ирандағы интернет байланыс қаңтарға дейінгі кезеңнің 80 пайызы шамасында істеп тұр деп, WhatsApp желісі шектеулі күйде қалғанын, қолданушылардың кейбірі желіні әлі де қолдана алмай отырғанын атап өтті. Ал Америкалық Kentik платформасы интернет ағымы 41 пайыз шамасында деді.

Қос мекеме екі түрлі өлшемдерге сүйенген ұқсайды. Netblocks қандай желілер істеп тұрғанына басымдық берсе, Kentik сол желілерден өтіп жатқан ақпарат ағымының көлемін өлшеген.

Фарда радиосына жолдаған жазбаша хабарламасында Иранның бір тұрғыны жұмыс істеп тұрған VPN-дер (Интернеттегі цензураны айналып өтетін виртуалды желі) қатары сиреп, жылдамдық өте төмен екенін айтқан.

Германияда тұратын ирандық әйел Елхам Ирандағы туыстары әлі де интернетке қосыла алмай отырғанын жеткізді.

"Олар [интернеттің] қалпына келгені жайлы не өтірік айтып отыр, не жылдамдықтың төмен болғаны сонша, біз туыстарымызбен сөйлесе алмай жатырмыз" деді Елхам Фарда радиосына жолдаған аудио хабарламасында. Ол да қауіпсіздігі үшін тегін көрсетуден бас тартты. "Біз әбден шаршадық".

"СЕНІМ ЖОҒАЛДЫ"

Ирандықтар цензураға толы интернеттің ішінара іске қосылғанын тойлата қоймады.

Иранның экс-депутаты Бахрам Парсаи X желісіндегі жазбасында биліктің бұл қадамын "бұрынғы қалыпқа оралу" деп атап, бұдан "дабыра қылатын ешнәрсе жоғын" айтты.

Парсаидің сөзінше, биліктің интернетті қайта іске қосуды жетістік ретінде көрсетуге талпынуы – "халықтың ақыл-парасатын қорлау".

Ирандық подкастер Араш Налчегар X желісіндегі жазбасында интернетті бұғаттау толық жойылмайынша, бұл жағдай "адамдарды жалғыз адамдық камерадан түрменің жалпы камерасына ауыстырғанмен бірдей" екенін айтты.

Тегерандық IT-кәсіпкер Вахид Фарид үкімет кез келген уақытта өшіріп, шектеп, халыққа аспандаған бағамен сата алатын интернет жүйесі "ел болашағына жол ашпайды".

Ол мұнда билікке жақын адамдарға арналған "ақ интернет" пен ауқатты қолданушыларға арналған коммерциялық "Internet Pro" қызметін меңзеп тұр.

Интернеттің бұғатталуы Иран экономикасына да теріс әсер етіп отыр. Иран сауда палатасының өкілі Афшин Колахи 12 сәуірдегі отырыста интернеттің өшуі елге күніне 40 миллион долларға дейін шығын келтіріп отырғанын айтты. Оның сөзінше, жанама шығын көлемі күніне 80 миллион долларға дейін жеткен.

Интернетті бақылап отыратын ұйымдар байланыстың қалпына келуі тұрақты болатынын айтуға әлі ерте деп отыр.

"Жалпы көңіл-күй интернеттің қалпына келуі уақытша жағдай дегенге саяды. Сенім жоғалды" деп жазды X желісінде ирандық журналист Нилофар Кадири.

Айдар
XS
SM
MD
LG