Кувейт туын іліп алып, Дубай жағалауындағы портта тұрған Әл-Салми (Al-Salmi) мұнай танкері Иранның дрон шабуылынан кейін өртенген. Кеме шикі мұнайға толы болған деп жазды The Guardian.
Дубай билігі өрт сөндірілді, экипаж мүшелерінен ешкім зардап шекпеген деп мәлімдеді. Олар танкерден мұнай төгілген жоқ дейді. Әл-Салми шамамен екі миллион баррель мұнай таси алады, ондай көлемдегі мұнай бағасы қазір 200 миллион доллардан асады.
The Guardian Иранның шабуылы туралы хабардан кейін мұнай бағасы шамалы уақытқа көтерілді деп хабарлады. Бірақ The Wall Street Journal газеті АҚШ президенті Дональд Трамп Ормуз бұғазы бұғаттаулы күйі қалса да, Иранға қарсы әскери іс-қимылды тоқтатуға дайын екенін айтты деп жазған соң аздап түскен.
30 наурызда президент Трамп Иранмен келіссөзде "айтарлықтай прогресс" бар деп мәлімдеген, бірақ егер жақын арада келісімге келмесе және Ормуз бұғазы "сауда үшін" дереу ашылмаса, АҚШ "Иранның электр станцияларын, мұнай ұңғымалары мен Харг аралын толығымен жермен-жексен қылатынын" айтқан.
Сол күні Иранның SNN телеарнасы Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі комитетінің мүшесі Алауаддин Боружердиге сілтеме жасап, Ормуз бұғазы арқылы өту ақылы болатынын хабарлаған.
- АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастағаннан кейін Тегеран Ормуз бұғазындағы сауданы тоқтататынын жариялаған. Соғысқа дейін әлемдегі бүкіл мұнай мен мұнай өнімдерінің 15-20 пайызы және сұйылтылған табиғи газдың 30 пайыздан астамы осы бұғаз арқылы өтетін.