11 желтоқсанда Иран президенті Масуд Пезешкиан Қазақстанға ресми сапармен келді. Астанада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқев пен Иран басшысы Масуд Пезешкиан арасында шағын және кеңейтілген форматта келіссөз өтті.
Ақорданың жазуынша, шағын форматтағы келіссөз кезінде Тоқаев "Қазақстан Иранды жақын әрі бауырлас көрші, Таяу Шығыстағы сенімді серіктес деп біледі" деп мәлімдеді. Ол Қазақстан мен Иран арасында сауда-экономика саласында алыс-беріс жылдан жылға күшейіп келе жатқанын, 2025 жылы 10 айда көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 40 пайызға артқанын атап өтті.
"Екі елдің дипломатиялық қатынас орнатқанына 33 жылдан асты. Осы кезеңде тығыз мемлекетаралық ынтымақтастыққа қол жеткіздік... Ауқымды шарттық-құқықтық негіз қалыптасты, елуден астам келісім жасалды. Халықаралық ұйымдар аясында ықпалдастығымыз жалғасып жатыр" деді Тоқаев.
Ақорданың хабарлауынша, жыл басынан бері Иран Қазақстан экономикасына 17,8 миллион доллар тікелей инвестиция салған. Иран кәсіпкерлері Алматы облысында ірімшік зауытын, Батыс Қазақстан облысында мал терісін өңдеу комбинатын ашу секілді жобаларға белсене атсалысып жатыр.
Тараптар Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізі мен Қазақстан – Түрікменстан – Иран темір жолының әлеуетін одан әрі арттыруға мүдделі екенін жеткізген.
"Биылғы 10 айдың нәтижесі бойынша аталған бағыттармен тасымалданған жүктің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 53 пайызға артқан. Президенттер аймақаралық байланысты күшейту үшін көлік-транзит жолдарын одан әрі әртараптандыру, әсіресе, Каспий теңізіндегі порт инфрақұрылымын бірлесе дамыту мәселелерін талқылады" деп жазылған президенттің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ақорданың жазуынша, Иран президенті екі ел арасындағы байланыс Ұлы Жібек жолы дәуірінен бастау алатынын айтып, "көптеген халықаралық және аймақтық мәселелер бойынша қос мемлекеттің ұстанымы ұқсас" деген.
"Еуразия экономика одағы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы аясында тығыз әрекет етеміз" деді Иран басшысы.
Бұдан бөлек, келіссөзде ауыл шаруашылығы, энергетика, тау-кен, цифрландыру және жасанды интеллект салаларында бірлескен жобаларды іске асыру перспективасына назар аударылған.
Иран ақпарат құралдарының жазуынша, Пезешкианның сапары "геосаяси өзгерістер, транзиттік бағыттардың қайта бағдарлануы және аймақтың энергетикалық нарығындағы өзгерістер көпжақты ынтымақтастықтың және жаңа экономикалық дәліздер құрудың маңыздылығын барған сайын айқындап келе жатқан шақта" өтіп отыр.
Иран басшысы Қазақстанға сапарынан кейін Түркіменстанға бармақ. Онда өтетін дүниежүзілік бейбітшілік және сенім конференциясына Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатыспақ. Ақпарат құралдарының жазуынша, форумға Ресей президенті Владимир Путин де қатысады.