ҚАЗІРГІ АХУАЛ ҚАНДАЙ?
28 желтоқсанда басталған наразылық Иранның ірі қалаларын шарпыды. Бірнеше күннен бері елде интернет бұғатталып, байланыс шектелген. Халық Starlink интернетін қолдануға тырысып жатқаны, бірақ билік Starlink-ті де шектеуге тырысып жатқаны айтылды. Сондықтан қазір Ирандағы наразылықтан көбірек ақпарат алу қиын болып тұр.
Ал интернетте бұған дейін тараған видеолардан көшелерде көп адамның тұрғанын байқауға болады. Наразылар режимінің өзгеруін, Аятолла Әли Хаменеидің биліктен кетуін талап етеді. Билік наразыларға қарсы күш қолданғаны да айтылды.
12 қаңтар кешкісін Норвегияда орналасқан Iran Human Rights ұйымы наразылық кезінде 648 адам қаза болғанын мәлімдеді.
Ал Human Rights Activists News Agency (HRANA) құқық қорғау ұйымының 11 қаңтардағы мәліметінше, наразылықтан 544 адам қаза тапқан, олардың қатарында сегіз бала, 47 әскери мен орган қызметкерлері бар. HRANA 10 мыңнан аса адам қамалды дейді.
Интернетте тараған видеоның бірінен Тегерандағы мәйітхана маңында көп сүйек жатқаны көрінеді.
Тегерандағы наразылықтың куәгері болған ер адам 10 қаңтарда Азаттықтың Иран қызметіне "көтерілісті басып жаншу күшейгенін" айтып, "Тегерандағы көрініс соғыстағыдай" деп сипаттаған.
Қауіпсіздігі үшін есімін айтудан бас тартқан ер адам 10 қаңтарда Тегеранда пневматикалық қарулардың атылған дауыстар естіліп, көшелерді дрондар торуылдап жүргенін жеткізді.
Интернетте тараған тағы бір видеода наразылықта қаза тапқандардың жерлеуінде жұрт "Аятоллаға өлім" деп айғайлағаны естіледі.
ИРАН РЕЖИМІ НАРАЗЫЛЫҚ ЖАЙЛЫ НЕ ДЕЙДІ?
Иран билігі елдегі жағдай "бақылауда" деп мәлімдеді. Ал ел президенті Масуд Пезешкиан наразылыққа шетелмен байланысы бар "террористерді" айыптады. Пезешкиан АҚШ пен Израиль Иранда "хаос пен тәртіпсіздік жасауға тырысып жатыр" деп мәлімдеді.
Ал 12 қаңтарда Иранның сот жүйесінің басшысы Голам Хоссейн Мохени-Эджей наразылықта күштік құрылым өкілдерінің қаза тапқанын меңзеп, "үкімет төгілген қанға кек қайтару керек" деді. Ол бас прокуророр мен басқа да қызметкерлеріне "наразылықтың басты өкілдерінің сотын тез өткізіп, жазалауды тапсырғанын" айтты.
Иранның рухани көсемі, елдегі билікті уысында ұстап отырған Әли Хаменеи 9 қаңтарда наразыларды "АҚШ президентіне жаққысы келген бас бұзарлар" деп айыптаған.
ТРАМПТЫҢ АЙТҚАНЫ
11 қаңтарда АҚШ президенті Дональд Трамп Ирандағы наразылықты басып-жаншып жатқан билікке қатысты "қатаң шаралар" қабылдауды қарастырып жатырмыз деп мәлімдеді.
"Біз бұған өте қатты мән беріп отырмыз. Әскерилер жағдайды зерттеп жатыр және біз өте қатаң шаралардың бірнеше нұсқасын қарастырып жатырмыз. Шешім қабылдаймыз" деді ол.
Бұған қоса, Трамп Иран басшылығы Вашингтонмен келіссөз өткізуге ниетті деп мәлімдеді.
"Біз олармен кездесе аламыз. Кездесу ұйымдастырылады" деді Трамп. Бұған қоса ол АҚШ-қа "кездесуге дейін белгілі бір қадамдар жасауға тура келуі мүмкін" екенін де айтты, алайда нақты қандай әрекет екенін ашып айтқан жоқ.
10 қаңтарда Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде АҚШ "еркіндікке ұмтылған" Иранға көмектесуге дайын деп жазған .
ТЕГЕРАННЫҢ ВАШИНГТОНҒА ЖАУАБЫ
12 қаңтарда Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Трамп пен америкалық шенеуніктердің сесінен кейін Тегеран "келіссөзге де, соғысқа да дайын" деп мәлімдеді.
"Иран ислам республикасы соғысқа құмартып отырған жоқ, бірақ соғысқа толығымен дайын. Біз келіссөзге де дайынбыз, алайда келіссөз әділ, тең құқықты болып, құрметке құрылуы тиіс" деді ол Тегеранда елшілер конференциясында.
Иран билігі қандай мәселе бойынша келіссөз жүргізгісі келетінін ашып айтпады. Бұған дейін АҚШ пен Иран арасындағы жанама келіссөздер Тегеранның ядролық бағдарламасы төңірегінде болған.
28 желтоқсанда Тегерандағы ірі базардың бірінде саудагерлер ақшаның құнсызданып, инфляцияның күшейгеніне қарсы наразылыққа шыққан. Кейін бұл қарсылыққа студенттер мен басқа да адамдар қосылып, басқа қалаларға да тарай бастады.