Accessibility links

Сапарға рұқсатсыз шыққан әйелдің құжаты тәркіленеді


Таяу Шығыстағы мұсылман әйелдер. (Көрнекі сурет)
Таяу Шығыстағы мұсылман әйелдер. (Көрнекі сурет)

Иран парламентінде шетелге сапар шегетін әйелдің күйеуі, әкесі, ағасы, болмаса атасы рұқсат бермесе, паспортын тәркілейтін жаңа заң жобасы талқыланып жатыр.

Иран әйелдерінің сапарға шығу құқығы бұған дейін де шектелген еді. Енді мына заң осы шектеулерді күшейте түспек. Жаңа заңның талабы бойынша 18 жасқа толмаған ирандықтар, ол мейлі ер, мейлі әйел болсын, жолға шықпас бұрын әуелі әкесінің рұқсатын алуға міндетті.

«ТӨЛҚҰЖАТ ТӘРКІЛЕНЕДІ»

18 жастан асқан қыз-келіншектер құжат алу үшін қорғаушысының, не болмаса әкесінің жазбаша берген келісімін көрсетуі тиіс.

Қазір Иран парламентінде 290 депутат бар. Олардың қарауынан енді төлқұжат туралы осы заң өтуі тиіс. Ол бойынша, әйелге жолға шығуға рұқсат еткен адамның пікірі өзгеріп, аяқ астынан берген мұрсатынан айнып қалса, әйелдің төлқұжаты тәркіленеді.

АҚШ-та тұратын ирандық адвокат Мехрангиз Кар жаңа заңның әйелдер құқығына шектеу қоятын қадам екенін айтты. Ол Farda радиосына:

Ирандық заңгер Мехрангиз Кар.
Ирандық заңгер Мехрангиз Кар.

- Бұған дейін ерінің пікірі өзгере қалған жағдайда ол билік өкілдеріне ресми хат жолдайтын. Әйелдер әуежайға барған кезде оған күйеуінің қарсылығына байланысты сапар шеге алмайтыны айтылатын. Бірақ ешкім оның төлқұжатын тәркілемейтін. Шетелге шыға алмаса да құжаты өзінде қалатын. Әйелдердің құжатын алып қою - шектеудің жаңа түрі, - деді.

Заңда жалғызілікті әйелдер де ұмыт қалмаған. Қараша айында осы заңды талқылаған депутаттар «40 жасқа толмаған жалғызбасты әйелдер шетелге шығатын паспорт алу үшін әкесінен немесе қорғаушы ер адамнан рұқсат алуы тиіс деген» тармақты да бекітті.

Мұндай заң адам құқығын қорғайтын белсенділердің наразылығын туғызып отыр.

Парламенттегі ұлттық қауіпсіздік комиссиясының хатшысы Хосейн Нахави Хосейнидің айтуынша «қазір бұл жағдай өзгерген».

Хосейни «18 жастан асқан барлық жалғызілікті әйелдерге шетелге шығу үшін қорғаушысының рұқсатын алу міндетті болса да, олардың шетелге шығатын паспорт алуына кедергі жасалмайды. Бірақ кез-келген жастағы үйленген әйелдер әлі де бұл құжатты алу үшін күйеулерінің келісімін алуға міндетті» деді ол.

«ҮКІМЕТ ӘЙЕЛДЕРДІҢ ДАМУЫН ТЕЖЕП ОТЫР»

Хосейни «бұл жаңа шаралардың әйелдерді қорғау мақсатында жасалып жатқанын» айтады. Ал әйелдердің құқығын қорғайтын белсенділер бұл пікірмен келіспейді.

Олар «жаңа заң мен оның даулы баптары онсыз да ерлермен салыстырғанда құқығы көп шектелген, ажырасқан кезде мұрагер болу, баланы иелену сияқты мәселелерде де дискриминацияға ұшырайтын ирандық әйелдерге қарсы жасалған соққы» деп бағалайды.
Иран парламентіндегі әйел депутаттар.
Иран парламентіндегі әйел депутаттар.

Осыған қарамастан, әйелдердің соңғы жылдары белсенділігі айтарлықтай артып отыр. Қазір университетте оқып жатқан студенттердің 60 пайыздан астамы қыз-келіншектер.

Әйелдер құқығын қорғаумен айналысатын журналист Әсия Амини Азаттық радиосына «Иран үкіметі әйелдердің дамуын тежеуге тырысып келеді» деді.

Аминидің айтуынша, «Иранның әйелдері өздерінің академиялық, кәсіби әрі қоғамдық жетістіктерінің арқасында және сырт әлеммен байланысқысы келетін мұқтаждықтарының себебінен тәуелсіз тұлға ретінде қалыптасып келеді. Өкінішке орай, үкімет олардың дамуын оңайлатудың орнына, керісінше белсенділіктерін шектеп отыр. Парламент қарауына берілген жаңа заң - осындай шектеу амалдарының тағы бір көрінісі».

- Үкіметтің әйелдерге қарсы шешімдерінің көбі консерваторлардың арасында кең тараған «әйелдің негізгі міндеті - жар және ана болу» деген көзқарастан өрбіп жатыр. Ең жаманы - осындай көзқарасты ирандықтардың басым көбі қолдайды, - дейді ол.
XS
SM
MD
LG