Accessibility links

Иран: діни азшылық интернеттен «пана тапты»


Иран христиандары шіркеуде жоралғысын өтепі тұр. Көрнекі сурет
Иран христиандары шіркеуде жоралғысын өтепі тұр. Көрнекі сурет

Лондондық Small Media зерттеу орталығының 20 маусымда таратқан есебіне сәйкес, Иранның қуғын көрген діни азшылық өкілдеріне діни ғұрыптарын ұстануға интернеттің көп көмегі тиіп жатыр.

Ирандағы гонабади дәруіштері туралы ақпарат тарататын Majzooban.ir интернет-сайты 2007 ашылғалы бері 40 мәрте бұғатталған. Иран өкіметі бұл сайтты ашқандардың көпшілігін тұтқынға алған.

Иранда өмір сүретін діни азшылық өкілдері өзара пікір алмасып, жанайқайларын жеткізіп, діни ғұрыптарын үйреніп, наным-сенімдерін насихаттау үшін осы сияқты интернет сайттарға, әлеуметтік желілерге және онлайн қауымдастықтарға тәуелді.

Лондонда орналасқан Small Media коммерциялық емес зерттеу тобының тұжырымына сүйенсек, қоғамдық орындардан және платформалардан мүлдем аласталған Иранның діни азшылық ұйымдары үшін интернет маңызды рөл атқарып отыр.
Тегерандағы интернет-кафеде отырған интернет қолданушылары. Көрнекі сурет.
Тегерандағы интернет-кафеде отырған интернет қолданушылары. Көрнекі сурет.


Мұндай діни азшылыққа Иран ислам республикасының конституциясы бойынша тыйым салынған бахаилар, Исламнан бас тартқаны үшін өлім жазасына кесілетін евангелиелік христиандар және Исламды өздерінше түсіндіргені үшін қатаң сынға алынған гонабади дәруіштері сияқты сопылық топтар жатады.

БҰҰ-ның Ирандағы адам құқықтары жөніндегі арнайы өкілі Ахмед Шахидтің айтуынша, білім беру ісімен айналысып, жария түрде діни жоралғыларын жасағаны үшін бахаилар ерекше қуғын көріп отыр. Оның айтуынша, христиандардың да жағдайы оңып тұрған жоқ. Сопылар мен суннит мұсылмандар да өз діни рәсімдерін жасауда біраз кедергіге ұшырап келеді.

КИБЕР-КЕҢІСТІКТЕГІ ДІНИ АҒЫМДАР

Small Media мамандарының айтуынша, діни ұйымдар тек Иран аумағында емес, бүкіл әлемде өзара байланыс орнату үшін интернеттің көмегіне жүгініп отыр.
Бұл топтар интернетті неғұрлым белсенді пайдаланған сайын билік те олардың сайттарына соғұрлым түрлі тосқауылдар қойып келеді.

«Иран үкіметі христиан және бахаи ұйымдарына, саяси белсенділерге қысым жасаумен қатар бір мезетте онлайндағы және радиожиіліктердегі діни азшылық қауымдастықтарына шүйлігіп отыр» деп жазылған аталған ұйымның есебінде.

Осындай қысымға қарамастан, діни ұйымдардың белсенділері мемлекеттің қырағы қадағалауынан қашып, елдегі адам құқықтарын бұзу фактілерін әлемдік қауымдастыққа жеткізу мақсатында кибер-кеңістікке қарай ойысып жатыр.
Тегерандағы дәруіштер наразылығы. Наурыз, 2014 жыл.
Тегерандағы дәруіштер наразылығы. Наурыз, 2014 жыл.


Small Media ұйымы зерттеу тобының жетекшісі Джеймс Мерчанттың айтуынша, мемлекеттің қысымына қарамастан, діни қауымдастықтар интернет пен спутник арналарының мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып отыр. Әр діни топ онлайн технологияның мүмкіндіктерін өз қажеттіліктеріне қарай әркелкі пайдаланып келеді.

«Бахаи қауымын алып қарасақ, олардың басты мәселелерінің бірі - [университетте] білім алу мүмкіндігінің жоқтығы. Сондықтан олар Бахаи жоғары білім институтын құрып, Ирандағы және бахаи дінін ұстанатын студенттер мен оқытушыларды бір арнаға тоғыстырып, бахаиларға білім беріп отыр» деді сарапшы.

Бұл институт жас бахаиларға білім беруде Интернеттің көмегіне жиі жүгініп келеді. Әсіресе олар Skype негізіндегі сабақтар және онлайн курстар ұйымдастыруға машықтанған. Иран өкіметі бұл институтқа да қысым жасап, соңғы жылдары оның бірнеше қызметкерін тұтқынға алған.

Ал евангелиелік христиандар «мемлекеттің қысымына төтеп берудің жаңа да қызықты түрін ойлап тапқан».

«ОНЛАЙН ШІРКЕУ»

Марчанттың айтуынша, христиандар өз ілімдерін насихаттау үшін телевангелизм, чат бөлмелері, қашықтықтан оқыту және Facebook желісіндегі жабық топтарды қолданады.

Аталған есепте аты-жөнін айтпаған ирандық пастор полицияның қысымына ұшыраған шіркеулердің қасынан «онлайн-шіркеулер» ашады.

«Интернет жұмысымызды біраз жеңілдетеді, бірақ ол біздің, әсіресе христиандардың, діни жоралғыларының орнын алмастыра алмайды» деді ол.

Пастордың айтуынша, евангелие христиандарының көбі Facebook сайтын пайдаланады.

majzooban.ir сайтына шетелден басшылық жасайтын Фархад Нуридің айтуынша, интернеттің арқасында сопылар үкіметтің жасап жатқан қысымы туралы хабарды әлемге жариялап, кең аудиторияны қамтуға мүмкіндік алған. Оның айтуынша, кибер-кеңістікте белсенділік танытып жүрген сопылар Иран үкіметінің қысымына ұшыраған.

Small Media ұйымының есебіне қарағанда Иранда мойындалған азшылық өкілдері еврейлер, христиандар және зороастризм дінін ұстанушылар заң шеңберінде өз ғұрып-жоралғыларын орындай алады. Олар интернетті көбіне мәдени мақсатқа және диаспорамен байланыс орнатуға пайдаланады.
Олардың ресми вебсайттарының басым көпшілігіне шектеу қойылмаған, жақсы ашылып тұр.

Гүлназ Есфандияридің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG