Америкалық шенеунік Азат Еуропа/Азаттыққа америкалық күштер 3 сәуірде Иранда атып түсірілген жойғыш ұшақтың экипаж мүшесі құтқарылғанын хабарлады.
Америкалық шенеуніктің мәлімдемесіне дейін бірнеше сағат бұрын Иран билігі АҚШ-тың әскери ұшағын атып түсіргенін хабарлап, онда болғандарды ұстап әкелгендерге сыйақы тағайындаған еді.
Американың тағы бір шенеунігі Азат Еуропа/Азаттыққа атып түсірілген F-15E әскери ұшағы екі орындық ұшақ екенін айтты.
CBS, Reuters және Израильдің ақпарат құралдары да экипаж мүшесінің құтқарылғанын хабарлады. Бірқатар ақпарат құралдары құтқару операциясына арнайы күштердің қатысқанын жазды. Кей ақпаратқа қарағанда, ирандық әуе қорғаныс күштері Black Hawk тікұшағына зақым келтірген, алайда ол базаға оралған. CBS дереккөздерге сүйене отырып, ұшқышты тікұшақ эвакуациялаған кезде тікұшақтың өзіне құрлықтан оқ жаудырылғанын хабарлады. Тікұшақтың экипаж мүшелерінің бірі жарақат алған. Десе де, базаға дейін ұшып бара алған.
Пентагон мен АҚШ қарулы күштерінің орталық қолбасшылығы әскери ұшақ атып түсірілгенін әзірге ресми түрде растамады. Дегенмен әкімшіліктің аты-жөнін атамаған өкілі ақпарат құралдарына ирандық күштердің ұшақты атып түсіргенін растады.
CBS жазуынша, Израиль құтқару операциясы кезінде Иранның аудандарына әуеден соққы жасауын тоқтатқан.
The New York Times жұма күні кешке шамамен сол уақытта Парсы шығанағы аумағында тағы бір америкалық әскери ұшақ апатқа ұшырағанын жазды. Ақпаратқа қарағанда, жалғыз ұшқыш құтқарылған. Басылым дереккөзінің айтуынша, A-10 Warthog шабуылдаушы ұшақ Ормуз бұғазы аумағына құлаған. Ол атып түсірілді ме, жоқ па, ол жағы белгісіз.