Accessibility links

Ирандағы наразылықта қаза тапқандар көбейді, Трамп "көмекке келетінін" мәлімдеді


Иранның Лордеган қаласындағы наразылық. 1 қаңтар, 2026 жыл
Иранның Лордеган қаласындағы наразылық. 1 қаңтар, 2026 жыл

АҚШ президенті Дональд Трамп Ирандағы қатаң басып-жаншуға қарамастан көшеге шыққан наразылық білдірушілерді қолдайтынын мәлімдеді. Елдегі экономикалық қиындықтарға байланысты бес күннен бері жалғасып жатқан бұл наразылық салдарынан бірнеше адам қаза тауып, ондаған адам қамауға алынған.

Шерулер 28 желтоқсанда Тегеранда басталды. Оған Иран валютасының АҚШ долларына шаққандағы айырбас бағамының құлдырауы және инфляцияның 52 пайызға дейін шарықтауы себеп болды. Кейіннен наразылық елдің бірнеше өңіріне тарады.

1 қаңтарда мемлекеттік БАҚ пен халықаралық құқық қорғау ұйымдары наразылық білдірушілер мен қауіпсіздік күштері арасындағы қақтығыстар кезінде кемінде жеті адам қаза тауып, ондаған адам жараланғанын хабарлады. Алайда билік бақылауындағы ақпарат агенттіктері қантөгіске «бүлікшілерді» кінәлады.

Иран билігі бұл мәліметті әзірге растаған жоқ, ал Азаттықтың Иран қызметі мәліметтерді өз бетінше тексере алмады.

«Иран бейбіт наразылық білдірушілерді атып, қатыгездікпен өлтірсе (бұл олардың әдеті), онда Америка Құрама Штаттары оларға көмекке келеді», — деп жазды Трамп 2 қаңтарда Truth Social желісіндегі жазбасында. — «Біз толық дайынбыз және әрекет етуге әзірміз», — деп жазды АҚШ президенті.

Иранның оңтүстігіндегі Фаса қаласында үкімет ғимаратына тас лақтырып жатқан наразылар. 31 желтоқсан, 2025 жыл. AFP фотосы
Иранның оңтүстігіндегі Фаса қаласында үкімет ғимаратына тас лақтырып жатқан наразылар. 31 желтоқсан, 2025 жыл. AFP фотосы

2 қаңтарда Азаттықтың Иран қызметі – «Фардаға» жолданған пікірінде АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі «бұл наразылық Иран халқының өз үкіметінің сәтсіз жұмысы мен ақталу әрекетіне қарсы шынайы ашу-ызасын көрсетеді» деді.

Мәлімдемеде Иран режимі «Елдің байлығын бүкіл әлемде терроризмді қолдауға және жақсы өмірді қалайтын әрі соған лайық ирандықтарды қыспаққа алу ісіне ысырап етіп отыр» делінген.

«Біз режимге барынша қысым көрсетуді жалғастырамыз», — деп мәлімдеді АҚШ мемлекеттік департаменті.

ИРАН БИЛІГІ НЕ ДЕП ЖАТЫР?

Көп бақылаушы салыстырмалы түрде байсалды саясаткер деп санайтын Иран президенті Масуд Пезешкиан шиеленісті бәсеңдетуге тырысып, ирандықтардың «заңды талаптарын» мойындайтынын айтты және үкіметті экономикалық қиындықтарды жеңілдету үшін шаралар қолдануға шақырды. «Ислам тұрғысынан алғанда… егер біз адамдардың тұрмыс-тіршілігі мәселесін шешпесек, тозаққа түсеміз», – деді Пезешкиан мемлекеттік телеарнадағы эфирде.

Алайда күш құрылымдары наразыларға және «жағдайды пайдаланып, берекетсіздік тудыратындарға» қатысты «қатаң» әрекет ететінін мәлімдеді.

Иранның 100 мың, 500 мың және 1 млн риал банкноттары
Иранның 100 мың, 500 мың және 1 млн риал банкноттары

Ирандағы жағдайды бақылап отырған АҚШ-тағы Теннесси университетінің сарапшысы Саид Голкар жаңа наразылық толқыны «экономикалық қиындықтардан туындағанымен, негізінен режимнің қуғын-сүргініне, идеологиялық саясатына және біліксіздігіне қарсылық» екенін жазды.

Берлиндегі Таяу Шығыс және жаһандық тәртіп орталығының негізін қалаушы әрі директоры Әли Фатхолла-Неджад 30 желтоқсанда «Ислам республикасы бетбұрыс кезеңінде тұр. Ел бойынша наразылықтардың қайта өршуіне валютаның жылдам құнсыздануы, су мен электр энергиясының тапшылығы, жанармай бағасының өсуі, гиперинфляцияға жақын инфляция, экологиялық проблемалар және тағы басқа қордаланған мәселелер себеп болды» деп жазды.

ҚАЗА ТАПҚАНДАР ҚАНША?

Ислам революциясы сақшылары корпусына (ИРСК) жақын саналатын Fars ақпарат агенттігі елдің оңтүстік-батысындағы Лордеган қаласында наразылық кезінде қан төгілгенін хабарлады. Агенттік мәліметінше, қауіпсіздік күштерімен қақтығыстар болған. «Оқиғадан хабардар дереккөзге» сілтеме жасаған Fars екі адам қаза тапқанын айтты.

Норвегияда орналасқан Hengaw адам құқықтарын қорғау ұйымы да Лордеганда адам өлімі болғанын хабарлады. Ұйымның айтуынша, қауіпсіздік күштері наразылық білдірушілерге оқ атып, екі адамды өлтіріп, бірнешеуін жаралаған. Сондай-ақ топ 31 желтоқсанда Иранның орталығындағы Исфахан аймағында бір демонстрант қаза тапқанын айтты.

«Наразылықтар Лордеганның бірнеше ауданында, соның ішінде жергілікті әкімшілік және үкімет ғимараттары алдында өтті. Шерулерге күш қолдану арқылы қатаң тойтарыс берілді, құқық қорғау органдары көзден жас ағызатын газ бен оқ-дәрі пайдаланды», — деп хабарлады құқық қорғау ұйымы.

Иранның Кауар қаласында дөңгелек жағып, наразылық білдіріп жатқандар. 1 қаңтар, 2026 жыл.
Иранның Кауар қаласында дөңгелек жағып, наразылық білдіріп жатқандар. 1 қаңтар, 2026 жыл.

Кейін Fars агенттігі елдің батысындағы Лорестан аймағына қарасты Азна қаласында тәртіп сақшылары мен демонстранттар қақтығысынан 3 адам қаза тауып, 17-cі жараланғанын хабарлады. Нақтыланбаған ақпарат бойынша, шерушілер полиция учаскесіне шабуыл жасаған.

1 қаңтарда ИРСК елдің батысындағы Кухдашт қаласында қақтығыс кезінде «Басидж» ерікті әскери тобының бір мүшесі оққа ұшқанын хабарлаған.

ТҰТҚЫНДАЛҒАНДАР КӨБЕЙДІ

«Тасним» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Иран астанасы Тегеранда «қоғамдық тәртіпті бұзғаны» үшін кемінде 30 адам қамауға алынған. Сондай-ақ басқа өңірлерде, соның ішінде Малард қаласында және Альборз, Лорестан, Чахар-Махал мен Бахтиари аймақтарында да шерушілер тұтқындалғаны айтылды.

Тегеранның батысындағы Малард қаласында губернатордың орынбасары: «Тергеу нәтижелері бойынша ұсталғандардың біразы арнайы қызметтің бақылауында тұрған көршілес қалалардан Малардқа келгені анықталды. Бұлармен байланысы бар өзге де адамдар әшкереленді, оларды ұстау бойынша операциялар жоспарланған», — деп мәлімдеді.

Әлеуметтік желідегі бейнежазбалар мен мәліметтерге сәйкес, 1 қаңтарда Тегеранда базарлар қайтадан жабылып, саудагерлер инфляцияға қарсы наразылық білдіріп, көшеге шыққан.

ҮЛКЕН СЫНАҚ

Бұл наразылық 22 жастағы ирандық күрд студенті Махса Аминидің қазасынан кейін 2022 жылғы қыркүйекте басталған «Әйелдер, өмір, бостандық» ұранымен өткен шеруден бері Иранның теократиялық үкіметі үшін ең үлкен сынақ болатын түрі бар. Махса Амини елдегі киім үлгісі талаптарын бұзды деген айыппен қамауда болған.

Президент Пезешкиан азаматтарды ауызбірлікке шақырып, наразылықтарға қосылмауға үндеген. Сондай-ақ ол үкімет экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған «жаңа шешімдер» қабылдайтынына уәде берген.

Бұл шаралар ирандықтардың ашу-ызасын баса алмады. Ел тұрғындары 50 пайыздан асатын инфляция мен риал бағамының құлдырауынан зардап шегіп отыр. Бейресми нарықта ұлттық валюта бір доллар үшін шамамен 1,4 миллион риал бағамымен сатылып жатыр, бір жыл бұрын 1 доллар шамамен 800 мың риал болған. Ресми айырбас бағамы қолайлырақ болғанымен, қарапайым ирандықтардың ақша алмастыруға мүмкіндігі аз.

«Наразылықтар бір нәрсені анық көрсетіп отыр: көптеген ирандық елді одан әрі күйретпей тұрғанда қандай құрбандыққа барса да қазіргі режимді мүмкіндігінше тезірек құлату керек деп шешкен», — деді бейбітшілік бойынша 2003 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Ширин Эбади 1 қаңтарда Азаттық радиосының Иран қызметіне телефон арқылы берген сұхбатында.

XS
SM
MD
LG