Иранда түрмеде отырған құқық қорғаушы, Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығының лауреаты Наргиз Мохаммади ауруханаға түсті. Бұл жөнінде оның отбасы мен адвокаты хабарлады. Олардың мәлімдемесі Наргиз Мохаммади атындағы қордың сайтында жарияланды.
Мохаммади Зенжандағы ауруханалардың бірінде ауыр науқастар жататын бөлімде жатыр. 1 мамырда жүрегі ауырып, екі рет есінен танып қалған.
Мәлімдемеге қарағанда, Иран билігі құқық қорғаушыны Тегерандағы жақсы жабдықталған ауруханаға ауыстыруға рұқсат бермеген. Зенжандағы кардиологтардың сөзінше, қаладағы ауруханада Мохаммади сияқты науқастарды емдеуге қажет арнайы жабдық жоқ.
Оның адвокаты Мұстафа Нилидің сөзінше, Зенжандағы сот-медициналық комиссия бұған дейін сот үкімін орындауды бір айға шегеруді ұсынған. Алайда жергілікті прокуратура мұны Тегеран прокуратураының мақұлдауынсыз орындаудан бас тартқан.
"Мохаммадиді заң нормаларына қайшы болса да, Зенжан түрмесіне ауыстырған, ал Тегеран прокуроры сот-медициналық ұйымның да, мамандандырылған кардиологтардың да сараптамалық қорытындыларын ескермей, оны Зенжан ауруханаларында емдеуді бұйырды" деді Нили.
Қор өкілдерінің сөзінше, кейінгі күндері құқық қорғаушының қан қысымы жоғары болған, оны дәрімен де түсіре алмаған. "20 келіге арықтады, кеудесі қайта-қайта қатты шаншып, қиналады" деп жазылған қордың мәлімдемесінде.
- Ирандық құқық қорғаушы Наргиз Мохаммади "Ирандағы әйелдердің құқығы, адам құқығы мен адамзаттың бостандығы үшін күрескені үшін" 2023 жылы Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығын иеленген.
- 2026 жылы ақпанда Мохаммади "жиналыс ұйымдастырып, пропаганда жүргізгені үшін" 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Құқық қорғаушы 2025 жылы 12 желтоқсанда ирандық заңгер Хосров Аликордиді еске алу кешінде ұсталды. Прокуратура өкілдерінің айтуынша, шараға қатысушылар "арандату сипатындағы мәлімдеме" таратып, жұртты "қоғам тәртібін бұзуға" итермелеген.
- Иранда құқық қорғаушы бірнеше рет сотталған. Оған берілген жаза мерзімінің жиынтығы 18 жылдан асады.