Азаттық: Сонымен, Таяу Шығыста болып жатқан соғыс созыла берсе, Қазақстан қандай қауіп-қатерге дайын болуы керек? Бейтараптық ұстанымын ұзақ уақыт ұстап тұру қиындап кетпей ме? Иранда жергілікті қазақтар мәселесі де бар екені мәлім.
Естай Божан: Иранда қазір болып жатқан ішкі саяси өзгерістерден кейін, әсіресе, билікте жаңа тұлғалар пайда болуымен, болжауымша, соғыс біз күткеннен ұзаққа созылатындай көрінеді. Әрине, бұл жылдарға созылатын соғыс болмауы мүмкін. Созылған сайын оның әсері тереңдей түседі. Себебі теңізге шығар жолда біз Парсы шығанағына көбірек мүдделіміз, ал ол жердегі тыныштық бұзылды.
Оның үстіне Иранмен терең экономикалық байланысымыз болмағанмен, Ираннан ары қарай жатқан Біріккен Араб Әмірлігімен, шығанақ елдерімен экономикалық байланысымыз тереңдеп келе жатқан. Бізге кейінгі кездері инвестиция ағыны да осы бағыттан келіп жатқан. Демек, Таяу Шығыстағы осы жағдайдың экономикамызға ұзақ уақыттық әсері болатынын жоққа шығара алмаймыз. Әрине, бұл жағдайдан, мысалы, экономиканы әртараптандыру болмаса логистика бағыттарын әртараптандыру сияқты жаттанды жауаппен құтылар едік.
Алайда қысқа уақытта оларды жасап үлгермейміз. Сондықтан ішкі жақтағы бағаның өсіміне, энергетика бағасының өсуіне, заттардың қымбаттауына ертерек дайын болуымыз керек. Сонымен бірге Таяу Шығыстағы өзгерістердің біз шамалағаннан да үлкен әсері болуы мүмкін. Сондай жағдайда бізге келетін түрлі идеологиялық экспансиялар да пайда болуы ғажап емес. Осыған ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан да қазірден дайындықты күшейту керек.
Ал енді Ирандағы қазақ диаспорасына келсек, бұл мәселе біздің ұлтжанды азаматтардың алға шығаруымен ғана көтеріліп тұрған сияқты. Ал Иран тарапынан диаспоралардың жапа-тармағай Қазақстаннан қолдау күтіп жатқанын әзірге байқамадым. Бірақ біз осындай жағдайға да дайын болып, өз сценарийімізді құрып қоюымыз керек. Яғни диаспораларға әлеуметтік көмек көрсету, болмаса оларды эвакуациялау туралы да белгілі деңгейде жоспарымыз болуы керек деп ойлаймын.
Азаттық: Иран жаңа рухани көсемін таңдағанын, ол адам – марқұм аятолланың ұлы, 56 жастағы Мұжтаба Хаменеи екені айтылып жатыр. Әзірге Тегеран мұны ресми растаған жоқ. Жаңа басшының келуімен Иран саясатындағы негізгі ұстаным өзгеруі мүмкін бе? Өйткені Батыс медиасында аятолла Хаменеи өлгенімен, жүйе оңайлықпен ауыспайды деген пікір көп жазылып жатыр.
Естай Божан: Жоғарғы билікке аятолла Хаменеидің ұлы келсе, керісінше қазіргі билікке кері әсер ететін өте сәтсіз, қате шешім болады деп ойлаймын. Себебі тұрақты қарсылық, кек алу деген сияқты өз риторикасына сай, қарсылық ұзақ уақытқа жалғасатыны жайлы АҚШ-қа меседж жолдап отыр. Яғни, сен аятолланы өлтірсең, оның ұлы билікке келеді. Оны өлтірсең, тағы біреу билікке келеді дегенді меңзеу. Былайша айтқанда, ешқандай келісімсіз, тұрақты қарсылыққа, қарсылық риторикасына көшкенін көрсетіп тұр.
Қазір Иран өте бір тиімсіз жағдайға түсті. АҚШ пен Израильдің шабуылына төтеп беруді және оған қоса, аймақтағы оның әскери базаларына шабуыл жасауды көздейді. Мұндағы мақсат – айналасындағы АҚШ пен Израильдің одақтастарын АҚШ пен Израильге қысым жасауға итермелеу.
Бірақ бұл өте ұзақ уақытты қажет етеді. Ал Иранның ондай көп уақыты жоқ. Соған қарағанда, қазір жоғары жақта болып жатқан ауыс-түйістер бұлардың өліспей беріспейміз деп, ұзақ уақыт қарсыласуға дайындалып жатқанын аңғартады. Мұнысы, АҚШ-тың жүйені күшпен ауыстыру мақсатына жетуге ұмтылысын одан сайын күшейте береді.
Азаттық: CNN арнасы АҚШ арнаулы қызметі Ирандағы күрдтерді билікке қарсы бағыттайтын күш ретінде пайдаланғысы келетіні, оларды қолдауды жоспарлап отырғаны туралы жазды. Тегерандағы режимді тезірек ауыстыру сценарийін АҚШ пен Израиль күрд күштері арқылы жүзеге асыра ала ма? Елде азамат соғысы басталып кету қаупі бар ма?
Естай Божан: Азамат соғысы тұтану қаупі бар. Мұны әу бастан айтуға тура келеді. Себебі, Ирандағы әзербайжандар және өзге де түрлі этнос өкілдері бар. Бірақ бұл жерде неліктен күрд күштері аталып отыр деген сұрақ туады. Ирандағы күрд күштерінің қазіргі режимге және жалпы елдегі жағдайға ықпалы өте төмен.
Бірақ мәселе АҚШ-тың Таяу Шығыстағы жергілікті түрлі күштермен қарым-қатынасына, олармен жұмыс істеу тәжірибесіне байланысты, олар мысалы, Ирактағы, Сириядағы күрд күштерімен жұмыс істеген. Олардың құндылықтарын жақсы біледі және көп жағдайда оларға дербес, тәуелсіз Күрдістан мемлекеті болады деп үміт сыйлау арқылы белгілі бір мақсатқа, кейде режимдерге қарсы күш ретінде, кейде террорлық топтарға қарсы күреске де пайдаланды. Бірақ тура осы жерде күрд күштерін Ирандағы режимге қарсы пайдалану қандай да бір нәтиже береді деп есептемеймін.
Азаттық: Былтыр бір сұхбатыңызда Ирандағы 12 күндік соғыстың аяғы тағы бір соғыстың басы деген мазмұнда пікір айтыпсыз. Қазір Иран қорғаныс аясындағы әрекет деп, Парсы шығанағындағы елдерге, ондағы АҚШ базаларына, елшіліктеріне шабуылдап жатыр. Осы арқылы Трамптың шешіміне әсер етпек дейді. Бұдан нәтиже шығатыны байқала ма?
Естай Божан: АҚШ пен Израильдің әскери шабуылы Иран режиміне қарсы тікелей жасалған және Иран режимін құлатуға бағытталған. Сондықтан, 1991 жылы Совет одағы ыдырап кеткені әлемге қалай әсер етсе, Иран режимінің әлсіреуі Таяу Шығысқа тура солай әсер етуі мүмкін. Және де жалғыз Таяу Шығыс деңгейінде емес.
Себебі Иран аймақта өзінің сыртқы күштерін, қосымша балама күштерді тұрақты түрде пайдаланып келген және шиизмді насихаттау арқылы өзіне жақтас күштерді ұдайы жетілдіріп, жетелеп отырған аймақтық ойыншы. Ал оның әлсіреуі аймақта өзге күштердің балансын, кәдімгідей үлкен тектоникалық тепе-теңдікті мүлде өзгертеді. Болашақта Таяу Шығыстың жаңа картинасын көреміз. Яғни, бұрын аймақта Түркия, Израиль, Сауд Арабиясы және Иран төрттағанды күш болған. Енді осы төрт тағанның біреуі қирады.
Таяу Шығыстағы күштер балансы қалай құрылатынын алдағы бірнеше онжылдықта, болмаса орта мерзімді перспективада ғана көре аламыз. Ал қазіргі Иранның шығанақ маңындағы елдердегі елшіліктерге, әскери базаларға шабуыл жасау арқылы АҚШ-ты дипломатияға қайта келуге көндірмек болып жатқан әрекеті, меніңше ол күткендегідей нәтиже бере қоймайды. Себебі бұл жерде АҚШ-тың әу бастан көздегені – өзіне үлкен кедергі күшті кетіру болуы мүмкін. Демек мақсатына жақын қалған кезде АҚШ-тың кері шегінуі екіталай. Өйткені қазір АҚШ сол аймақтағы мақсатына ең жақын нүктеге келді десек те болады.
Азаттық: АҚШ пен Израиль Иранға шабуылдың бір мақсаты – Тегеранның ядролық бағдарламасын тоқтату деген. Иран халқы билік жүйесін ауыстырғысы келсе, қазір орайы келіп тұр деген тұрғыда үндеу де жасалды. Батысқа қарсы күшті жұмылдырып отырған Иранды тұқырту, билікті ауыстыру жоспары жүзеге асса, Таяу Шығыстағы геосаяси күштер балансы қалай өзгереді?
Естай Божан: Таяу Шығыстағы геосаяси картина өзгереді дедік қой. Ол жалпы ұзақ уақытта әлемдік геосаяси балансқа да әсер етеді. Өйткені, қазіргі қақтығыстардың әсері әлемдік экономикаға және әлемдік логистика тізбегіне де әсер етіп жатыр. Мысалы, әлемде негізгі 4 күш орталығы болған: АҚШ пен Ұлыбританияны бірге қарастыратын, ортада – Еуроодақ, Мәскеу және Пекин. Бұлар Таяу Шығыста әртүрлі саясат ұстанып келді.
Ал қазіргі картинада Таяу Шығыста АҚШ-тың бұрын да мықты болған басымдығы абсолют деңгейге жетті. Демек бұл Ресей, Қытай және Еуроодақ сынды елдердің аймақтағы мүдделеріне – мысалы, Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" стратегиясы сияқты – әсер етеді. Осындай деңгейде әлемге де өз ықпалын тигізеді.
Азаттық: Иран Ормуз бұғазын жапқан соң мұнай бағасы өсіп, логистика шектелді. Бұл біріншіден, Қытай экономикасына әсер етеді. АҚШ пен Израиль шабуылын құқықты бұзу деп санаған Пекин Тегеранға дипломатиялық қысым жасай бастаған деген дерек бар. Бұл қаншалықты қисынға келеді?
Естай Божан: Егер Қытай мен Ресей тұрғысынан қарастырсақ, Иранға тікелей жасалған бұл соққы Қытайға да өте қатты әсер етті десе болады. Себебі Қытай әлемдегі ең ірі энергетика импорттаушы саналады. Әлемдегі барлық энергетиканың бестен бірі Ормуз бұғазы арқылы сыртқа шығатын болса, соның басым бөлігін Қытай өзіне бағыттап отыратын. Венесуэладағы жағдайдан кейін ол жақтан да мұнай экспорты, Қытайдың импорты тоқтады, жол кесілді. Ал Қытайдың энергетикалық тәуелділігі өте жоғары деңгейге жетті. Қытай Иранмен 25 жылға дейінгі мерзімге келісімшарттар жасап, Таяу Шығыс елдерімен ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестік аясында келісімдер бекітіп, қажетін алып отырған. Қазіргі жағдай Таяу Шығысты мүлдем тұрақсыз күйге түсірді де, Қытайдың энергетика қауіпсіздігіне үлкен қауіп пайда болды.
Қытай бұл жерде тікелей Иранға қысым жасап, "соғыстан бас тарт, келісімге кел" деп айтпауы мүмкін. Бірақ, менің пайымдауымша, Пекинге Иранмен арадағы қатынастан гөрі, АҚШ-пен арадағы қарым-қатынас көбірек маңызды. Себебі, Ирандағы соғыс Қытайдың АҚШ-қа балама әлемдегі күш орталығы ретіндегі бет-беделіне өте үлкен, соққы боп тиді.
Қытай әлемге өзін АҚШ агрессиясынан қорғаушы және дем беруші күші ретінде көрсеткісі келген. Бірақ шын мәнісінде екі жағдайға да Қытай тікелей араласа алмады. Тек ресми айыптау, дипломатиялық мәлімдемелермен шектелді. Бұл жағдай болашақта Қытаймен ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестік, одақтастық орнатқысы келетін елдерді кәдімгідей ойландырады. Осындай жағдайда Қытай Иранды келісімге көндіруден гөрі, өзі тікелей АҚШ-пен байланысын жақсартуға ұмытылуы мүмкін. Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин наурыздың аяғы, сәуірдің басында кездеспек. Бәлкім сол кездесуде Қытай бірінші кезекте АҚШ-пен арадағы мәмілені жақсартуға күш салады деп ойлаймын.