Қазақстан билігі ел аумағы мен сыртында ресми 2 мыңнан астам адамға қылмыстық іс аясында іздеу салып отыр . Бұдан бөлек құзырлы органдар түрлі айыппен тергеу бастаған, бірақ әзірге үкімет экстрадициялау жөнінде сұрау салмаған азаматтар да бар. Азаттық шекара асып кеткен сол адамдардың кейбірі жайлы ресми ақпаратты саралап шықты.
2020 ЖЫЛДАН БЕРІ ІЗДЕУ ЖАРИЯЛАНҒАНДАР
Мақсат Керімбайұлы Дүйсенов – Қазақстанның бұрынғы бас көлік прокуроры (2018 – 2019 жж.).
Қандай айып тағылды және шетелге қашан кетті: Қандай бап бойынша іздестіріліп жатқаны ресми хабарланған жоқ. 2012 жылы ол Алматыда "қоластындағы қызметкерлердің пара алғаны үшін" экономикалық және жемқорлық қылмыспен күрес департаментінің жетекшісі қызметінен алынған. Кейінгі онжылдықта Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірқатар жоғары шенді қызметкері Қытай шекарасынан контрабандалық тауар өткізумен айналысты деген айыппен сотталды. Бұл іс қоғамда " Қорғас ісі " деген атпен белгілі. Дүйсенов өзіне қарсы қозғалған істі атышулы "Қорғас ісімен" байланыстырады. Ол шетелге қашан кеткені белгісіз. Биыл іздеу жарияланғаннан кейін 9 ай өткенде Германияның Фюрт қаласында ұсталды.
Қазір қайда: Германияда қамауда отыр. Өзі саяси баспана сұраған. Экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр.
Өз ұстанымы қандай: Ол өзіне "ойдан құрастырылған" айыптар тағылғанын айтып отыр. Әлеуметтік желіде видеоүндеу жариялап, "Қорғас ісін" таза жүргізуді, ақша жылыстату схемаларын ашуды сұраған. "Қорғас ісінің" артында министрлер мен арнаулы қызмет басшылары тұр, бірақ құқық қорғау қызметкерлері негізгі кінәліні емес, айналасындағы адамдарды ғана ұстап жатыр дейді Дүйсенов.
Арғын Зайроллаұлы Нығматулин – Қарағандыдағы "Сарыарқа" хоккей клубының директоры (2006 – 2018 жж.), Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарындағы "Жылжымайтын мүлік орталығының" басшысы (1997 – 2007 жж.), бұрынғы мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ағасы.
Қандай айып тағылды және шетелге қашан кетті: Қазақстандағы Қаңтар оқиғасына дейін 8 жыл парламент мәжілісіне төрағалық еткен Нұрлан Нығматулиннің ағасына 2025 жылғы наурызда Интерпол арқылы іздеу жарияланды. Бас прокуратура Қарағанды облысында хоккейді дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыруға Арғын Нығматулиннің қатысы бар деп күдіктенеді. Іздеу жарияланғанға дейін шетелде болған.
Қазір қайда: Қай елде екені белгісіз.
Өз ұстанымы қандай: Айыптауларға жария реакция білдірмеді.
Динара Ботақызы Смаилова (Дина Таңсәрі) – "НеМолчиKZ" қоғамдық қорының жетекшісі.
Қандай айып тағылды және шетелге қашан кетті: Қазақстанда оған қарсы "көрінеу жалған ақпарат тарату, жеке өмірге қол сұқпау ережесін бұзу, алаяқтық" баптары бойынша 6 қылмыстық іс қозғалған. "НеМолчиKZ" қоры арқылы заңсыз ақша жинап, бұл қаржыны жеке мақсатына жұмсады деген күдікке ілінген. 2023 жылы Өскемен қалалық полиция басқармасы Интерполға жүгініп, Смаилованы Черногория полициясы ұстаған, артынан босатты. Кейін сот болып, Черногория Жоғарғы соты Қазақстанның бас прокуратурасының Смаилованы экстрадициялау туралы өтінішін кері қайтарды. Биыл шілденің аяғында Динара Смайылова және оның серігі Алмат Мұхамеджановқа Черногорияда саяси баспана берілгені белгілі болды.
Қазір қай елде: Черногория.
Өз ұстанымы қандай: Мамыр айында Азаттыққа берген сұхбатында Дина Таңсәрі Қазақстанда өз үстінен қозғалған істерді "ойдан құрастырылған" деп атады. Ол өзі жетекшілік ететін қорға жиналған ақшаны жәбірленушілерді қорғауға жұмсағанын айтады.
Кім: Наталья Сергейқызы Садықова – журналист, "Бәсе" YouTube-арнасының авторы, Украинада кісі қолынан қаза тапқан Айдос Садықовтың жесірі.
Қандай айып тағылды және шетелге қашан кетті: 2023 жылдан бері Қазақстан билігі қайтарып алуды көздеп отырған адамның бірі – Украина астанасында тұрып жатқан журналист Наталья Садықова. Ол 2024 жылы қастандықпен өлтірілген оппозициялық белсенді Айдос Садықовтың әйелі. Күйеуінің "Бәсе" деп аталатын YouTube-арнасының жұмысын жалғастырып, Қазақстан президенті мен өзге де шенеуніктерді сынап жүр. Қазақстанның құқық қорғау органдары оның контентінде "әлеуметтік, ұлттық, діни араздық қоздыру" белгілері бар деп тапқан. Қазақстанда Наталья Садықова мен күйеуі Айдос Садықовтың үстінен алғаш 2014 жылы "жала жабу" бабымен іс қозғалған.
Қазір қайда: Киев, Украина.
Өз ұстанымы қандай: Ерлі-зайыпты Садықовтар 2014 жылғы істен кейін отбасымен Украинаға көшіп кетті. Өздері мұны "мәжбүрлі қадам" деп атады. Наталья елден кеткен соң да артынан аңдушылар барын бірнеше рет айтқан. Ол өзіне қатысты айыптауларды мойындамай, "саяси астары" бар дейді.
Анатолий Михайлович Балушкин – 2020 жылға дейін Өскеменде Lada маркалы көліктер құрастырып шығарған "АЗИЯ АВТО" зауытының иесі, 2021 жылы, Forbes Kazakhstan рейтингі бойынша, Қазақстандағы ең ықпалды 50 бизнесменнің қатарына қосылған.
Қандай айып тағылды және шетелге қашан кетті: 2025 жылғы сәуірде Өскемен сотында "Бипэк Авто – Азия Авто" компаниялар тобының басшысы Анатолий Балушкин мен орынбасары Ерік Сағымбаевқа сырттай үкім шықты. Екеуі алаяқтық және салықтан жалтару баптары бойынша кінәлі деп танылып, Балушкин – 9 жыл, Сағымбаев 8 жыл 6 айға бас еркіндігінен айырылды. Құқық қорғау органдары Балушкин мемлекет тарапынан берілген преференциялар мен жеңілдіктерді, сондай-ақ мемлекеттік қолдау аясында бөлінген қаражатты жымқырған дейді. Шамамен, 230 млрд теңгені заңсыз алған деген дерек айтылады. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары 2021 жылы Балушкин Ресейге "қашқанын", кейін сол елдің азаматтығын да алғанын жазды. Сол жылы тамызда қаржы мониторингі агенттігі Балушкинге халықаралық іздеу салды. Қыркүйекте Ресей "өз азаматын" ұстап беруден бас тартты .
Қазір қайда: Ресейде.
Өз ұстанымы қандай: Қазақстанда әділ сот жоқ екенін, сондықтан Ресей азаматтығын алуға мәжбүр болғанын айтқан. Ол өзіне дәлел-айғағы жоқ, негізсіз айыптаулар тағылды дейді .
Барлық Қабжанұлы Меңдіғазиев – Батыс Қазақстан облысынан шыққан кәсіпкер, мұнай кеніштеріне қызмет көрсететін Karachaganak Support Servises (KSS) компаниясының негізін қалаушы. азаматтық белсенді.
Қандай айып тағылды және шетелге қашан кетті: 2020 жылы қаржы мониторингі агенттігі Барлық Меңдіғазиевке қарсы "салықтан жалтару" және "қылмыстық топ құру" баптарымен тергеу бастап, іздеу жариялады. Меңдіғазиев 2015 жылы кәсібін АҚШ-та жалғастырып, артынан сол елге түбегейлі көшіп барды. Ол ресми тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалыстарын ашық түрде қолдаған. Қазақстан билігі бұл екі қозғалысты "экстремистік" деп танып, олардың қызметіне тыйым салған.
Қазір қайда: АҚШ-та тұрады. "Саяси қуғын көрген" қазақстандықтарға көмек көрсететін Freedom Kazakhstan құқық қорау қорына жетекшілік етеді.
Өз ұстанымы қандай: Өзіне тағылған айыптарды "қысым көрсету үшін ойдан құрастырылған" деп атайды.
2010 – 2020 ЖЫЛДАР АРАЛЫҒЫ
Қанат Таңатарұлы Сұлтанбеков – Астана қаласы әкімінің орынбасары (2009 – 2014 жж.).
Қандай айып тағылды және шетелге қашан кетті: Астана LRT қаржысын жымқыру ісі бойынша айып тағылған. 2019 жылы Қазақстан билігі оған іздеу жариялады. Астана соты 2023 жылы Қанат Сұлтанбековті сырттай 7 жылға бостандығынан айырды.
Қазір қайда: Биыл наурызда Сенат үйінде журналистер сұрағына берген жауабында бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев Интерпол Қанат Сұлтанбековтің мекенжайын анықтай алмай жатқанын хабарлаған. Сұлтанбековтің өзі қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен сөйлесіп, Нью-Йоркте тұратынын ашық айтқан. АҚШ заңына сәйкес, күдікті көші-қон ережесін бұзбаса, халықаралық қылмыстық полицияның "қызыл бюллетені" оны ұстауға негіз бола алмайды. Сонымен бірге Қазақстан мен АҚШ арасында қылмыскерді беру туралы екіжақты келісім жоқтығы да экстрадиция мәселесіне қиындатады.
Өз ұстанымы қандай: "Мен ешқайда қашқан жоқпын, мемлекеттің қаржысын ұрламадым . LRT ісінен 2 жыл бұрын еркін азамат ретінде, өз жобаларым бойынша жұмыс істеуге және біліктілігімді арттыру үшін шетелге кеткенмін. Мен тіркелген мекен-жайда әке-шешем тұрады, ол тергеуге белгілі. Алайда мені күдікті деп жариялағанға дейін тергеу органдары жауап алуға шақырған жоқ" дейді Қанат Сұлтанбеков.
Талғат Нұралыұлы Ардан – "Астана LRT" компаниясының бұрынғы басшысы
Қандай айып тағылды және шетелге қашан кетті: Астанадағы LRT ісі бойынша бюджет қаражатын иемденген және талан-таражға салған деген күдікпен оған 2019 жылы іздеу жарияланды. Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2023 жылы Арданға сырттай үкім шығарып, 7 жылға бостандығынан айырды. 2024 жылғы қарашада Арданға жаңа үкім оқылып, "қызмет өкілетін асыра пайдаланғаны үшін" кінәлі деп танылды. Екі үкімнің негізінде мемлекеттік қызметте жоғары лауазымды міндет атқаруға өмір бойына тыйым салынып, 9 жылға бостандығынан айырылды. 2025 жылғы мамырда Талғат Ардан Қазақстанның өтініші бойынша Анталияда ұсталды. Бірақ экстрадициялау жұмысы кешеуілдеп жатыр. Түркия Қазақстанның сұранысы қаншалықты негізді екенін қарастырып жатыр.
Қазір қайда: Түркияның Анталиясында қамауда отыр.
Өз ұстанымы қандай: Үкімге қатысты жария пікір білдірген жоқ. Сот сырттай үкім шығарды. Құқық қорғау органдары жауап алуға шақырғанымен, ол бармаған.
Бергей Рысқалиев – Атырау облысының бұрынғы әкімі (2006 – 2012 жж.)
Қандай айып тағылды және шетелге қашан кетті: Бергей Рысқалиевке "Бюджет қаржысын жымқырды", "қызмет бабын теріс пайдаланды", ал бауыры, бұрынғы мәжіліс депутаты Аманжан Рысқалиевке "алаяқтық жасады" деген айыптар тағылған. Тергеу бес жылға созылып, 2019 жылы Қазақстан соты Бергей Рысқалиевті – 17 жылға, Аманжан Рысқалиевті 16 жылға сырттай соттаған. Олардың құны миллиардтаған теңге тұратын дүние-мүлкін тәркілеген. Кейін билік мүліктің біразын "адал еңбекпен тапты " деп Бергей Рысқалиевке қайтарды. Аманжан Рысқалиевке – 2012 жылы, Бергей Рысқалиевке 2013 жылы іздеу жарияланған. Forbes.kz сайты ағайынды екеуі 2012 жылғы 4 қазанда, Аманжан Рысқалиге іздеу жарияланған күні шекарадан шығып кеткен деп жазған .
Қазір қайда: Қазақстаннан кеткелі бері Ұлыбританияда тұрып жатыр.
Өз ұстанымы қандай: Бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, Бергей Рысқалиев өзіне тағылған айыптарды "саяси астары бар қудалау" деп атайды.
Виктор Храпунов – төтенше жағдайлар министрі (2007 ж.), Алматы қаласының (1997 – 2004 жж.) және Шығыс Қазақстан облысының (2004 – 2007 жж.) әкімі.
Қандай айып тағылды және шетелге қашан кетті: Алматыдағы жер телімдерін заңсыз берді, қала меншігіндегі кәсіпорындардың акциялары бойынша алаяқтық жасады деп күдікке ілінген. Әйелі Лейла Храпунова екеуіне "қылмыстық топ құру", "алаяқтық жасау", "пара алу" айыптары тағылған. Ол 2007 жылы отбасымен шетелге көшіп кеткен. 2012 жылғы тамыз айында Храпунов пен әйеліне іздеу жарияланды. Сот 2018 жылы Виктор Храпуновты – 17 жылға, оның әйелі Лейла Храпунованы 14 жылға сырттай соттады. Сот материалдарында олардың "қылмыстық әрекетінен мемлекетке 250 миллион доллар көлемінде шығын келгені" айтылған. Ұлдары Ілияс Харупновқа да 2015 жылы іздеу салынды. Қазақстан билігі оны "ата-анасына бірнеше миллион швейцар франкін "тазартуға" көмектесті" деп айыптады.
Қазір қайда: Отбасымен Швейцарияда тұрады. Бұл ел 2021 жылы Виктор Храпунов пен Лейла Храпуноваға саяси баспана берді. Швейцария 2020 жылы Ілияс Храпуновқа азаматтық беруден түпкілікті бас тартқан.
Өз ұстанымы қандай: Facebook желісінде қазақстандық қолданушылармен белсенді араласатын Храпуновтар Қазақстан соты таққан айыптарды жоққа шығарып, өздеріне қарсы қылмыстық істердің "саяси астары барын" мәлімдеген.
2000 – 2010 ЖЫЛДАР АРАЛЫҒЫ
Мұхтар Қабылұлы Әблязов – бұрынғы БТА банкінің иесі, энергетика, өнеркәсіп және сауда министрі (1998 – 1999 жж.), оппозициялық саясаткер.
Қандай айып тағылды және шетелге қашан кетті: 2009 жылдың басында "БТА" банкі "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының бақылауына өтіп, Бас прокуратура ірі көлемде жасалған алаяқтық және банктің миллиардтаған доллар қаражатын жалған компаниялар арқылы сыртқа шығарған деген күдікпен Мұхтар Әблязовтың үстінен қылмыстық іс қозғады. 2009 жылғы ақпанның аяғында шетелге қашып кеткен Әблязовқа Алматының ұлттық қауіпсіздік департаменті іздеу жариялады. 2013 жылғы 31 шілдеде Әблязов Францияда Украинаның талабы бойынша ұсталды.
Франция соты қамауда отырған оны Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция беріп, 2015 жылғы қыркүйекте тиісті бұйрыққа Франция премьері Мануэль Вальс қол қойды. 2016 жылғы желтоқсанда Франция мемлекеттік кеңесі Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы бұйрықтың күшін жойып, 10 желтоқсанда ол абақтыдан босады. 2017 жылы Қазақстан соты Мұхтар Әблязовқа ақша жымқырды, қылмыстық топ құрды деген айыппен 20 жыл түрме жазасын кесті. 2018 жылғы қарашада Қазақстан билігі Әблязовті "2004 жылы Тұран Әлем банк басшысы Ержан Тәтішевті өлтіруге тапсырыс берді" деген айыппен сырттай өмір бойына соттаған. 1990-жылдардың екінші жартысында үкімет мүшесі болған Мұхтар Әблязов 2001 жылы оппозицияға өткен соң көп ұзамай 2002 жылы көктемде қамауға алынып, қызмет жағдайын теріс пайдаланды, бюджет ақшасын талан-таражға салды деген айыппен 6 жылға сотталды. Бір жылдан соң президент Нұрсұлтан Назарбаев оған рақымшылық жасап, түрмеден босатқаннан кейін Әблязов жеке бизнеспен айналысып, кейінірек БТА-банк басшылығына келген. 2017 жылғы сәуірде Әблязов "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын құрағанын жариялады. Келесі жылғы наурызда Астана соты оны "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салды. Ал Еуропарламент ол қозғалысты "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.
Қазір қайда: Францияда тұрады. Бұқаралық ақпарат құралдары Әблязов 2012 жылға дейін Лондонда тұрғанын жазған.
Өз ұстанымы қандай: Мұхтар Әблязов өзіне тағылған айыптардың айыптардың ешбірін мойындамай, олардың "саяси астары барын", өзі оппозициялық көзқарасына бола қудалауға түскенін айтады.
Рахат Мұхтарұлы Әлиев – Қазақстанның салық полициясының басшысы (1997-1999 жж.), Ұлттық қауіпсіздік комитеті департамент басшысы, төрағасының бірінші орынбасары (1999 – 2001 жж.), Қазақстан президенті жеке күзеті басшысының орынбасары (2001 ж.) Қазақстан сыртқы істер министрініің бірінші орынбасары (2005 ж.), әр жылдары Қазақстанның Австрия, Словения, Хорватия, Сербия және Черногориядағы елшісі. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы.
Қандай айып тағылды және шетелге қашан кетті: 2007 жылы Әлиевке өзі иелік ететін "Нұрбанктің" менеджерлерін ұрлап әкетуге күдікті ретінде іздеу жарияланды. Баспасөзде "Рахатгейт" деп аталған осы жанжал шыққан кезде Рахат Әлиев Австрияда елші болатын. Президент қайынатасымен араздасып қалған соң Назарбаевты сынап, Еуропа елдерінде тұрып жатқан Әлиевті Қазақстан соты бірнеше адамның өліміне кінәлі және мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынған деген айыппен сырттай ұзақ мерзімге соттаған. Австрия прокурорлары оған "Нұрбанк" менеджерлерін ұрлау қылмысына күдікті деп айып таққан. Әлиев 2014 жылы Австрия билігіне өз еркімен берілгенін мәлімдеген.
Қазасы: Рахат Әлиев 2015 жылғы 24 ақпанда Вена түрмесіндегі камерадан өлі табылған. Қазаның жай-жапсарын тексергеннен кейін Австрия билігі ол "өз-өзіне қол салған" деп мәлімдеді.
Өз ұстанымы қандай: Рахат Әлиев Қазақстанда өзіне тағылған айыптарды мойындамай, ол істердің "саяси астары бар" деп мәлімдеген. Бірақ Австрия сотынан қашпайтынын, "кісі өліміне қатысы бар" деген бап бойынша тағылған айыптарға жауап беруге дайын екенін айтқан.
Әлнұр Әлжаппарұлы Мұсаев – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы (1999 – 2001 жж.).
Қандай айып тағылды және шетелге қашан кетті: Қазақстанда Әлнұр Мұсаевқа Рахат Әлиевпен бірге "Нұрбанк" менеджерлерін ұрлау ісіне қатысқан, мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыруға талпынып, Отанына опасыздық жасамақ болған деген айыптар тағылды. 2000 жылдардың орта шенінен бері шетелде тұрып жатқан Мұсаевқа да 2007 жылы іздеу жарияланып, Қазақстан билігі оны сырттай соттап, 20 жылға бостандығынан айырған.
Қазір қайда: Австрияда тұрады. Вена Мұсаевқа тағылған айыптарға дәлел жеткілікті емес деп, оны Қазақстанға беруге келіспеген.
Өз ұстанымы қандай: "Нұрбанк" менеджерлерін ұрлауға еш қатысы жоғын, мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыру туралы ешқандай ойы болмағанын айтқан. Мұсаев "кінәсіз екенімді дәлелдейтін деректерді Алматы сотына ұсынып, істі объективті қарауды сұрап келе жатырмын" дейді.
1991 – 2000 ЖЫЛДАР АРАЛЫҒЫ
Кім: Әкежан Мағжанұлы Қажыгелдин – Қазақстанның премьер-министрі (1994 – 1997 жж.), оппозициялық саясаткер.
Қандай айып тағылды және шетелге қашан кетті: Билікті асыра пайдаланып, аса ірі мөлшерде пара алды, заңсыз қару сатып алды, оны сақтады, салық төлеуден жалтарды деген баптарымен айып тағылған. 2001 жылы күзде Жоғарғы сот Қажыгелдинді сырттай 10 жылға соттады. Қажыгелдинге бірінші рет 1999 жылы іздеу жарияланып, сол жылғы қыркүйекте Мәскеу әуежайында ұсталған. Алайда Ресей билігі оны босатты. 2000 жылы Римде тағы да осындай айыппен ұсталып, Интерпол Қазақстан билігі ұсынған дәлелдер Қажыгелдиннің айыбын растауға жеткіліксіз деп тапқан соң, оны жөніне қоя берді. Осы оқиғадан соң 2002 жылы халықаралық қылмыстық полиция Қажыгелдинге тағылған айыпты "саяси астары бар" деп танып , оны ұстауға берілген ордердің күшін жойды. Алайда Қазақстанның құзырлы органдары оны іздеуін доғарған жоқ, Қажыгелдиннің өзі Азаттыққа берген сұхбатында еліне оралса қамауға алыну ықтималдығы жоғары екенін айтқан. Әкежан Қажыгелдин 1998 жылы күзде, үкімет басшылығынан кеткеніне бір жыл толғанда шетел асты. Ол сол кезде Нұрсұлтан Назарбаевқа балама кандидат ретінде президент сайлауына түсу ниеті барын білдіріп, "Қазақстанның республикалық халық партиясы" атты оппозициялық ұйым құрған еді.
Қазір қайда: Қазақстаннан кеткелі бері Ұлыбритания астанасы Лондонда тұрып жатыр. Еуропарламент 2002 жылы оған "Бостандық паспортын" берген. Ол шетелде еркін жүріп-тұрады.
Өз ұстанымы қандай: Қазақстанның құзырлы органдары таққан айыптың бәрін жоққа шығарып, өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істерді "саяси тапсырыс" деп атаған.
ІЗДЕУДЕ ЕМЕС, БІРАҚ ҚАЗАҚСТАНДА ҚОЗҒАЛҒАН ІСТЕРГЕ ҚАТЫСЫ БАР
Қайрат Пернешұлы Қожамжаров – Бас прокурор (2017 – 2019 жж.), Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы (2016 – 2017 жж.), Ақмола облысының әкімі (2012– 2013 жж.), президент көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы (2013 – 2014 жж.), Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігінің (қаржы полициясы) төрағасы (2008 – 2012 жж.).
Шетелге қашан кетті: Биыл Қазақстанда лауазым өкілетін асыра пайдалану, басшы лауазымда болған әртүрлі кезеңде қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Бас прокуратура "Қорғас ісіне" Қожамжаровтың қатысы бар деп мәлімдеген . Кейінгі онжылдықта күштік құрылымның бірқатан жоғары шенді қызметкері Қытай шекарасынан контрабанда тауарлар өткізумен айналысты деген айыппен сотталған. Бұл іс қоғамда "Қорғас ісі" деген атпен белгілі. Қожамжаров Қазақстанда 2023 жылдың қараша айынан, экс-президенттің інісі Болат Назарбаевтың жерлеу рәсімінен соң көптің көзіне түспей кетті. Кейбір басылымдар ол Ресейге кетіп қалыпты деп хабарлаған, бірақ нақты қай кезде кеткені белгісіз. Жергілікті БАҚ ол Ресей азаматтығын алған болуы мүмкін деп жазды. Құқық қорғау органдары оған іздеу жариялағаны туралы ресми ақпарат болған жоқ. Бас прокуратураға қарасты құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің "іздеудегі тұлғалар тізімінде" де Қожамжаровтың аты-жөні кездеспейді.
Қазір қайда: Биыл бұқаралық ақпарат құралдары оның Мәскеуде екенін жазды .
Өз ұстанымы қандай: Қожамжаров Қазақстанда басталған тергеп-тексеруге байланысты әзірге ешқандай реакция білдірген жоқ.
Серікжан Біләшұлы – қоғам белсендісі, Қытайдың Шыңжаң аймағындағы қазақтардың құқығын қорғаумен айналысатын, тіркелмеген "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі.
Қандай айып тағылды және шетелге қашан кетті: 2019 жылы Біләшқа қарсы "әлеуметтік алауыздық қоздыру" және "өзінше билік ету" баптары бойынша іс қозғалған. Сотта процестік келісімге келіп, оған 7 жыл қоғамдық ұйымға жетекшілік етуге тыйым салынды. 2021 жылы белсенді Стамбұлға кетті. Сол кезде Алматы қаласы Алатау аудандық пробациялық бақылау қызметі Серікжан Біләшұлын ескертусіз шетелге кетті деп, іздеу жариялау үшін сотқа өтініш түсірді. Бірақ сот ол өтінішті қанағаттандырған жоқ.
Қазір қайда: АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында.
Өз ұстанымы қандай: "Қытайдағы мұсылмандардың қудалануы жайлы айтқаным үшін Қазақстанда қысымға ұшырап, елден кетуге мәжбүр болдым" дейді. Ол Қазақстаннан 3 ай 12 күндік шектеу мерзімі аяқталғаннан кейін заңды жолмен кеткенін айтады.
ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫНЫҢ ЖІКТЕУІ
Ішкі істер министрлігі қылмыстық іс бойынша іздеу салынғандардың жауапкершіліктен қашып құтылуы қиын дейді. Кейбірі шетелден саяси баспана алса да, Қазақстанда олардың үстінен қозғалған іс жабылмайды. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті іздеудегі адамды экстрадициялау мәселесін оның саяси баспана сұрауы немесе сол елдің азаматтығын алуы қиындатады дейді . Сонымен бірге екі ел арасында келісім болмауы да процесті ұзаққа созады. Дегенмен құзырлы органдар іздестіру жұмысы қарқынды екенін, 2020 жылдан бері 289 қылмыскерді қайтарғанын алға тартады.
Олардың көбі елде қозғалған түрлі қылмыстық істердің фигуранттары. Арасында жемқорлық және экономикалық қылмыстарға байланысты іздеуде жүргендер де бар. Биыл президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Жемқорлыққа қарсы агенттік Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосылған.
Тоқаев мұндай шешім "мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін жаңғырту және арттыру" үшін қабылданды деп түсіндірген.
Қазақстан биыл Қазақстан Transparency International ұйымының жемқорлық индексінде 5 саты жоғары көтеріліп, 180 елдің ішінде 88-орынға тұрақтаған. Қазақстан 5 жыл бұрынғы есепте 3113-орында болған еді.
Қазақстандық құқық қорғаушылар елде түрлі экономикалық және жемқорлық қылмысына байланысты айып тағылып, істі болған соң шетелге кеткен қазақстандықтар арасында саяси астар бойынша қудалауға тап болғандар да барын айтады.
Liberty құқық қорғау ұйымының жетекшісі Ғалым Ағелеуов шетелге кеткен қазақтандықтарды бірнеше топқа бөліп қарастырады. Ол алдыңғысына "идеяға жұмыс істейтін" оппозиция өкілдері мен белсенділерді, екіншісіне құқық қорғаушыларды жатқызады.
– Еуропа елдері мен АҚШ бізден барған саяси тұлғаларды қабылдаған. Сол жаққа барып саяси баспана сұрағандар баршылық, мысалы, суретші Қанат Ибрагимов, белсенді Барлық Меңдіғазиев. Бұлар режимге белсенді саяси қарсылық көрсеткен адамдар. Осы тәрізді әлі күнге акциялар өткізіп, мәлімдемелер жасап, оппозицияны қолдап, өздері де Қазақстан оппозициясының бір бөлігіне айналған адамдар бар. Идеялық ұстанымдағы адамдар қатарына көзі тірісінде Германияға кеткен режиссер Болат Атабаевты да қосуға болады. Елде өзгеріс болуын қалаған, саяси реформа, демократия және адам құқығы үшін күрескен адамдар тобына қосуға болатындар жетерлік. Бұдан кейін құқықтық қатынастарды жақсартумен айналысқан құқық қорғаушылар бар. Мысалы, "Не молчи" қозғалысын атаған ләзім. Бұл ұйымның басында тұрған Дина Смаилова мен жұбайы ауқымды әрі тиімді жұмыс атқарып жатыр, – деді Liberty құқық қорғау ұйымының жетекшісі Ғалым Ағелеуов.
Ал бұлардан бөлек, шетелге кеткендер арасында бұрынғы шенеуніктер мен бизнесмендер де аз емес дейді құқық қорғаушы.
– Тағы бір үлкен топ бар. Назарбаев режимінен басталып, Тоқаев кезеңіне жалғасып жатыр. Олар – орасан зор байлық жиып, елден кеткендер. Елден кеткен бұл шенеуніктердің саны қазір өте көп және барған сайын артып жатыр. Билікте болған адамдардың кейінгі кезде Біріккен Араб Әмірліктеріне жаппай ағылғаны байқалады. Әбу-Даби мен Дубайда пәтер, үй сатып алып, байлық сол жаққа көшті. Элитаның ол жақта қалай өмір сүріп жатқаны жайлы Азаттық радиосының жақсы репортаждары бар. Қалай болғанда да, Назарбаевтың айналасындағы саяси шешім қабылдау орталығы қазір сонда орналасқан. Ал бизнес-элитаға келсек, олар, әдетте, мол ақша жұмсап, барған елінің азаматтығын сатып алады. Қазақстан билігі оларды жеткілікті деңгейде қудаламайды. Қазір олар Батыста өте жақсы өмір сүріп жатыр. Біздегі сот жүйесі толықтай биліктегі элитаның бақылауында. Тоқаев пен үкімет тарапынан жағдайды өзгертуге саяси ерік-жігер байқалмайды, – деді Ғалым Ағелеуов.