Accessibility links

Еуропаға радиоактивті бұлт Ресейден тараған ба?


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ресейдің қоршаған ортаны бақылайтын қызметі ел аумағында алынған сынамадан рутений изотопы анықталғаны туралы хабарлады. Бұған дейін француз ғалымдары Еуропаға жеткен радиоактивті бұлт Ресей немесе Қазақстаннан тараған болуы мүмкін деген болжам айтқан еді.

Ресейдің қоршаған ортаға бақылау жасау және гидрометеорология федералдық қызметі (Росгидромет) Ресей аумағындағы радиациялық ахуал туралы бюллетень жариялады. Құжатта Челябинск облысындағы "Маяк" өндірістік бірлестігі аймағынан жүз километр жерде алынған сынамадан радиоактивті рутений-106 (Ru-106) тіркелгені айтылған.

"Аргаяш және Новогорный бақылау бекеттеріндегі сынамалардан Ru-106 изотопы анықталды", - деп хабарлады қыркүйектің 25-і мен қазанның 1-і аралығындағы деректерді талдаған ресейлік гидрометеорология федералдық қызметі.

Росгидромет ақпаратына сілтеме жасаған France Press агенттігі шекті шамадан тым артық ластану Челябинск облысының Аргаяш ауылындағы мониторинг жасайтын станцияда тіркелгені туралы хабарлаған. Ол жерде алдағы айлармен салыстырғанда ластану көрсеткіші 986 есе көбейіп кеткен. Одан кейін Татарстан мен Ресейдің оңтүстік аймағындағы аудандарда да рутений изотопы анықталған. "Қыркүйектің 29-ынан қазанның 3-іне дейінгі аралықта Италиядан бастап Еуропаның солтүстігіне дейінгі барлық еуропалық станцияларда Ru-106 изотопы тіркелген", - дейді Росгидромет.

Бұған дейін қарашаның 9-ы күні Францияның ядролық және радиациялық қауіпсіздік институты (IRSN) қыркүйектің 27-і мен қазанның 13-і аралығындағы ауа сынамаларынан рутений-106 изотопы анықталғаны туралы хабарлаған. Институт мамандары радиоактивті бұлт Қазақстаннан не Ресейден тараған болуы мүмкін деген болжам жасаған.

Қазақстандағы ядролық және радиациялық қауіпсіздікке және экологияға қатысы бар мекемелер өкілдері радиацияның Қазақстаннан тарағанын жоққа шығарған болатын.

Оқи отырыңыз: Радиацияның Қазақстаннан тарағанын мамандар жоққа шығарды

Росгидромет ластануға не себеп болғаны туралы айтпаған деп хабарлайды AFP. Аргаяш ауылы 1957 жылы тарихтағы ең алапат ядролық апаттардың бірі – Кыштым оқиғасы болған "Маяк" өндірістік бірлестігінен 30 шақырымда орналасқан. Қазір "Маяк" – радиоактивті материалдарды қайта өңдейтін, ядролық қару құрамдасы бөлшектері, изотоптар шығаратын орталық.

Француз ғалымдарының болжамынша, радиоактивті ластануға Еділ өзенінен Орал тауларына дейінгі аралықта болған апат себеп болуы ықтимал. Франциялық институт Еуропа аспанында радиоактивті заттардың шоғырлануы қауіпті дәрежеде болмағанын айтып, бірақ, ықтимал апат болған жерде адамдарды көшіріп, қорғаныс шараларын қабылдау қажет болуы мүмкін деп топшылайды.

Францияның ядролық және радиациялық қауіпсіздік институты (IRSN) 2017 жылғы қыркүйектің соңында тіркеген радиоактивті ластану картасы. Сурет IRSN-нің ресми сайтынан алынды.
Францияның ядролық және радиациялық қауіпсіздік институты (IRSN) 2017 жылғы қыркүйектің соңында тіркеген радиоактивті ластану картасы. Сурет IRSN-нің ресми сайтынан алынды.

Рутений-106 изотопы – атомдардың реакторда ыдырауы нәтижесінде түзіледі. Ол сонымен бірге медициналық мақсатта радиоизотоптар өндірісі кезінде пайдаланылады. Табиғи жағдайда радиоактивті рутений изотопы кездеспейді. IRSN мамандары апат ядролық нысанда болуы мүмкін деген жорамалды жоққа шығарып, егер ондай апат бола қалған жағдайда, ауаның құрамында басқа да радиоактивті заттар болар еді деген уәж келтірген. IRSN ластану көзі ядролық отынды қайта өңдейтін немесе радиоизотоптар пайдаланылатын медициналық саладағы нысан болуы мүмкін деген болжам айтқан.

Францияның ядролық және радиациялық қауіпсіздік институты (IRSN) мамандарының радиоактивті бұлттың қайдан тарағаны туралы қарашаның 9-ындағы болжамын сол кезде Ресей билігі де жоққа шығарған. Ресей өз территориясында қыркүйекте радиоактивті нысандарда апат болмағаны, радиоактивті зат таралмағаны туралы мәлімдеген. Ал ресейлік "Росатом" компаниясы радиация өз кәсіпорнынан шығып жатыр деген ақпаратты "негізсіз" деп атаған.

Сонымен бірге "Росатом" радиоактивті бұлт ядролық отын циклімен немесе радиоактивті материалдар өндірісімен байланысты пайда болуы мүмкін деген болжамын білдірген.

Greenpeace ("Гринпис") халықаралық үкіметтік емес ұйымының ресейлік бөлімшесі қарашаның 20-сы күні "Росатом" кәсіпорнын болған оқиғаға байланысты мұқият тексеру жүргізуге және "Маяк" кәсіпорнында болған төтенше оқиғаларға қатысты ақпаратты жариялауға шақырған. Ұйым радиация тарағанын жасырып қалуы ықтимал деген күдікпен прокуратураға тексеру жүргізуін сұрап өтініш беретіні туралы мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG